"Азат жерге ұлы көш": әзербайжандар Қарабаққа қайта қоныстана бастады

2395

Кері көш ұзаққа созылуы мүмкін. Басты кедергі – жасырын жатқан миналар. 

"Азат жерге ұлы көш": әзербайжандар Қарабаққа қайта қоныстана бастады Фото: АР агенттігі

Таулы Қарабақта 1988 жылы ұлтаралық жанжал басталып, кейін сол зорлық-зомбылықтар нағыз соғысқа ұласқанда, шамамен 700 мыңдай әзербайжан үйлерін тастап кеткен.

Бұл әскери жанжал 1994 жылы аяқталды. Осы соғыс нәтижесінде Қарабақ көрші елдің қолдауына сүйенген этникалық армян сеператистерінің қарамағына өтті. Ал 2020 жылғы 44-күндік соғыста бұл территорияның басым бөлігі Бакудың бақылауына қайтарылды. Ал өткен айдағы 24-сағаттық әскери операция барысында армяндар Таулы Қарабақтың қалған бөлігінен бас тартуға мәжбүр болды.

Жексенбі күні президент Ильхам Әлиев Қарабақ астанасына өз елінің туын тігіп, мазасыз жердің Әзербайжанның қол астына өткенін растады.

Этникалық армяндар болса, тізе бүккеннен кейін бірнеше күнде Арменияға үдере қашып, Қарабақ босап қалды. Қазанның басында Әзербайжанға барған БҰҰ миссиясы Таулы Қарабақта соңғы отыз жылда мекендеген 120 мың армянның мыңға жетер-жетпесі қалғанын мәлімдеп отыр.

Даулы аймақтағы жағдайдың бұлайша жылдам өрбуі 1980-1990-шы жылдардың тоғысында қашқан әзербайжандарды қатты қуантты. Олар қазір Қарабақтың таулары мен ну орманына қайта оралуға асық.  

"Мен түсімде көршілеріммен баяғыдай  орманға барып, гүл теріп жүргенімді көрдім. Ал Қарабақтың азат етілгенін естігенімде, бұған бір жағынан мүлде сенбедім. Өткен өмір мен бүгінгі өмір шындығының ортасында қалып қойғандай сезіндім. Бірақ бақытқа жол әлі де бар екен", - дейді 51 жастағы Бахар Әлигулиева Бакуде АР агенттігіне берген сұхбатында.

Ол Қарабақтан 1988 жылы 16 жасында ата-анасымен қашуға мәжбүр болған екен. Ал 60 жастағы бұрынғы тіс дәрігері Назим Валиев Қарабаққа оралуды күнде ойлайды, бірақ ол "бұл процестің тез болмайтынын жақсы түсінеді".

"5 жасар немерем Қарабақтағы балалық шағымды әңгімелеп бергенімді өте ұнатады. Ол да сонда өскісі келеді. Бұрынғы жағдай енді ешқашан қайталанбауы керек. Біз және армяндар қаншалықты қиын болса да, жаңа өмір бастауымыз керек. Дұшпандық мәңгілік жалғаса алмайды, ол өткен заманда қалуға тиіс", - дейді Валиев.

2022 жылы  Әлиев әзербайжандарды Қарабаққа қайтаруға бағытталған "Әзербайжанның азат жерге ұлы көші" атты бағдарламаны бекітті. Ол инфрақұрылымды жақсартуды, тұрғын үйлер салуды және аймақты миналардан тазарту әрекеттерін қамтиды.

Әзербайжанның биылғы бюджетінде бұл аймақтағы қайта құру жобаларына шамамен 3,1 миллиард доллар қарастырылған.

"Осы уақытқа дейін Қарабаққа тек 2 мыңға жуық адам оралыпты. Бірақ үкімет жыл соңына дейін олардың санын 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр",- дейді Әзербайжанның Босқындар мен қоныс аударушылар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің өкілі Фуад Гусейнов.

Оның сөзінше, үкімет Таулы Қарабаққа 2027 жылға дейін 150 000 адамды қайтаруды жоспарлап отыр.

"Миналар – орасан кедергі, үлкен проблема. 30 жыл бойы армян оккупациясында болған аумақтар толығымен дерлік қирап қана қоймай, оларға миналар мен басқа да жарылмаған әскери оқ-дәрілер қойылған", - дейді Гусейнов.

Әзербайжанның Миналарды залалсыздандыру агенттігінің дерегінше, 2020 жылғы соғыстан бері бір кездері армяндар иелігінде болған аумақтарда кем дегенде 65 адам минадан қаза тауып, тағы 267-сі жараланған.

Тағы бір айта кететін жайт, Әзербайжан Қарабақта қалғысы келетін этникалық армяндардың құқығын қорғауға бірнеше рет уәде берді.

Бірақ "мұндай мәлімдемелерді ондаған жылдарға созылған соғыстардан, жазасыз қалған қылмыстардан кейін күмәнсіз қабылдау қиын", - дейді Human Rights Watch ұйымы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу