Әзербайжан банкінің болашағы бұлыңғыр

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
2886

Ол БЖЗҚ құйған қаржыны қайтара алмауы мүмкін. 

Әзербайжан банкінің болашағы бұлыңғыр

Парламент мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров "Халық коммунистері" фракциясының атынан үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев пен ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевқа депутаттық сауал жолдады.

Халық қалаулысы Әзербайжанның халықаралық банкіне еліміздің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) аударылған 71,3 миллиард теңгеге қатысты мәселенің мән-жайын анықтау және тиісті шешім қабылдау уақыт күттірмейтін мәселе екенін жеткізді.   

Естеріңізге салайық, 2014 жылы  БЖЗҚ шетелдік банкті инвестициялаған. Қазір осы банкке банкрот болу қаупі төніп тұр. Бұл  – құйылған қаржы Қазақстанға қайтпай қалуы мүмкін деген сөз.

Айқын Қоңыров валюталық міндеттемелерін орындауды тоқтатқан банк БЖЗҚ-ны тақырға отырғызып кетуі мүмкін екенін айтып отыр. Оның ойынша, салымшылардың мүддесіне қайшы келетін әрекет БЖЗҚ-ның қаржы саясатын жарға жығуы мүмкін. Мұның алдын алу үшін асығыс қабылданатын  шешімдер мен тәуекелдерді тексеру қажет. Сонымен қатар болашағы бұлыңғыр шетелдік банктермен келісім жасауды, оларға қаржы құюды шектеу керек.

"Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңына сәйкес, зейнетақы активтерінің басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды қарастыру және жасау үшін БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқару кеңесі құрылған. Кеңес зейнетақы активтерін БЖЗҚ-ға орналастыру үшін рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімін мақұлдаған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару ҚР Ұлттық банк басқармасының 2014 жылы қабылдаған жаңа инвестициялық декларациясына сай жүзеге асырылады. Декларацияға сәйкес, инвестиция активтердің негізгі үш тобына жасалады. Ол: Қазақстан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары, Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктерінің депозиттері мен облигациялары сонымен қатар халықаралық эмитенттердің еурооблигациялары. 

БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін осы активтер тобына инвестициялау зейнетақы жинақтарының сақталуын және табыстылығын қамтамасыз ету  қажеттілігінен туындаған деп мәлімденген болатын. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктерінің қаржы құралдарына инвестициялау ұлттық валютада несиелеудің артуы арқылы ел экономикасына жақсы нәтиже береді деп түсіндірілген.

Қазіргі таңда БЖЗҚ-ның Әзербайжан халықаралық банкіне құйған қаржысы көптің көңіліне күдік ұялатып отыр. Бұған қоса 2014 жылдың екінші жартысында БЖЗҚ шетелдік банктің құнды қағаздарының барлық эмиссиясының 50%-дан астамын алған. Бұл – өте қауіпті мәміле болып табылады", – деді коммунист.

Айқын Қоңыров депутаттық сауалында үкімет басшысы мен ұлттық банк төрағасынан неліктен БЖЗҚ  өзінің зейнетақы салымын сақтауға қатысты негізгі саясатына қайшы келіп отырғанын, неліктен  жеке зейнетақы қорларының инвестициясына қатысты даулы дефолттан кейін тиісті шешім шығарылмағанын және Әзербайжан халықаралық банкінің облигациялары бойынша орын алуы мүмкін дефолтқа кім жауап беретінін сұрады.

"Коммунистер халықтың  жинағына дәл бұлай атүсті қарауға жол берілмеуі тиіс деп санайды. Сіздерден толыққанды тексеріс жүргізіп, айыптыларды тауып, жауапқа тартып, БЖЗҚ жүйесінде жеке компаниялар мен банктердің мүдделерін көздеу мен міндеттемелерге салғырт қарауға қарсы әрекет механизмін құруды сұраймыз", – деп түйді депутаттық сауалын "Халық коммунистері" фракциясының өкілі.

Айта кетейік, Әзербайжан халықаралық банкі 1992 жылы құрылған. Қаржы институты 11-ші мамырда сыртқы қарыздар бойынша төлем жасауды тоқтататыны және инвесторларға қарыздарының бір бөлігін Әзербайжанның дербес облигацияларына айырбастауды ұсынатынын мәлімдеген. Ал Интерфакс-Әзірбайжан агенттігі банктің Нью-Йорк сотына өзін банкрот деп жариялау туралы арыз түсіргенін хабарлаған.

Әзербайжан халықаралық банкі үлкен проблеманы бастан кешіп жатқанын қазақстандықтар Рахым Ошақбаевтан білді. Ол БЖЗҚ-ның 71,3 млрд теңге активі Әзербайжанның проблемалық халықаралық банкі облигацияларына салынғаны туралы дабыл қаққан еді.  

Осының ізінше "Ақ жол" фракциясының депутаттары Әзербайжанның проблемалық банкіне инвестициялау туралы шешім қабылдаған БЖЗҚ-ның лауазымды қызметкерлерін жауапқа тартуды ұсынды.  

"...Бұдан бұрын біздің фракция Казинвестбанкті лицензиясынан айыру барысында қауіптілік дәлізінде қалған 3 млрд теңгеге тарта сомадағы БЖЗҚ қаржысына қатысты үндеу жасаған болатын. Сол кезде БЖЗҚ басшылығымен 5 млрд теңгеге KASE-де күмәнді эмитетпен бағалы қағаздарды алу фактісі анықталған еді. Бұлай жалғастыра беруге болмайды. Қаржылық операцияны жүзеге асырған адамдарды жауапқа тарту керек",  – деді мәжілісмен Азат Перуашев.

Бұл іске алдағы уақытта сыртқы істер министрлігі араласуы мүмкін. Осы турасында министр Қайрат Әбдірахманов аталмыш мәселеге қатысты сауал жолданған жағдайда іске араласып, түйткілді мәселенің күрмеуін шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

"Сыртқы істер министрлігі өзінің шетелдік мекемелері арқылы ұлттық мүдде мен түрлі жағдайларға тап болған Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша жұмысты белсенді атқарып келеді. Мына оқиғада қиын жағдайға тап болған әзербайжандық банкке инвестицияланған зейнетақы жинақтары жөнінде сөз қозғалуда. Біз түрлі дипломатиялық арналар арқылы өтініштер түскен кезде Әзербайжан Республикасының тиісті құрылымдарымен белсенді жұмыс жасайтын боламыз", – деп түйді ойын министр.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу