Ажырасатындарға бұрын-соңды болмаған салық салу ұсынылды

417

2023 жылы Қазақстанда 121 мыңға жуық неке тіркеліп, соның 40 мыңнан астамы ажырасып үлгерген.  

Ажырасатындарға бұрын-соңды болмаған салық салу ұсынылды Фото: pexel

Қазіргі таңда 400 мың әйел мен 60 мың еркек жалғызбасты отбасы кебін құшып отыр. Ұлттық статистика бюросының деректерін негізге алған депутат Ардақ Назаров осылай деп дабыл қақты. Мәжілісмен мәселенің шешімі ретінде ажырасуға бел буған отандастарымызға арнайы салық салуды ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сөзінше, ажырасудың алдын алу және отбасы институтын нығайту бағытында сан түрлі тәжірибелер жетерлік. Ардақ Назаров осы тақырыпқа байланысты Үкіметке бірқатар ұсыныс тастады. 

"Біріншіден, ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың біржақты шешімі негізінде сотқа арыз қабылданбас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеу тәртібін енгізу қажет. Бұл төлемнің көлемі едәуір жоғары болуы тиіс. Сонымен қатар, ресми түрде ажырасқан тұлғалар үшін табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру қарастырылсын. Екіншіден, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құқықтық мәдениетінде әулеттің үлкендері мен ақсақалдарының сөзін тыңдау, даудамайды бітіммен шешу дәстүрі берік орныққан. Осы тәжірибені заманауи форматта қолдану мақсатында, қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған жергілікті қоғамдастық кеңестері, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесі сынды консультативтік-кеңесші органдардың әлеуетін пайдалану ұсынылады", - деді мәжілісмен Ардақ Назаров. 

Бұдан басқа "Жас отбасы" ұлттық бағдарламасын әзірлеу де ұсынылды. Оның аясында некеге енді отырған жастарға бастапқы жылдары тұрғын үйалу, балалы болу, тұңғыш балаларын балабақшаға тегін орналастыру және тұрақты жұмысқа орналасу бойынша кешенді мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылуы тиіс, деді депутат.

Халық қалаулысы қоғамда екі жастың үйлену тойына байланысты қарызға батып, несие алу жағдайлары жиі кездесетінін де айтып отыр. Бұл мәселені шешу үшін жастар арасында қаржы сауатын арттыру, несиеге той жасамау жөнінде ақпараттық қозғалыс бастау қажеттігі айтылды. 

"Қоғамды теңселтіп не керек..."

Социология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Рамазан Саттарұлы салық салу некені нығайтпайды, бюджетті де толтырмайды деген пікірде.

"Салық төлемей, некені заңды түрде бұзбай тұра берсе, түк істей алмайсыз.Салықты кім төлейді? Жұбайлар бөліп төлей ме әлде ажырасуға бастамабілдірген адам ба? Егер мақсат отбасы институтын дамытайық, бала санын көбейту керек десек, мемлекет тарапынан атқарылатын кешенді шаралар қажет", - деді сарапшы.

"Учёт" компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев ажырасатындарға салық салу мәселенің шешімі бола алмайды деп отыр. 

"Бұл дұрыс емес. Себебі бұл салықты кім және қалай төлейтіні белгісіз.Бүгінде ажырасу кезінде және ортада бала болған жағдайда, ата-аналардың бірі алимент төлейді. Бұл кірістің пайызы ретінде есептеледі. Алайдаалимент төлеуші жұмыс берушіден ең төменгі жалақы көрсетуін сұрап, кейін одан алимент төлейді. Банктік құпияны ашқан кезде шотқа нақты қандай ақша түсімдері болғаны көрінеді. Бұл алиментті нақты төлеуге ықпал етеді", - деді ол.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпидің де осы тақырыпқа қатысты пікірін білдік. 

"Мен бұл мәселенің маманы емеспін. Бұл оның (ред. – депутат Ардақ Назаров) өз пікірі шығар. Оның өз ойын айтуға құқығы бар. Әріптесімніңмұны қандай қисынға салып айтқанынан хабарсызбын. Ажырасқандардан алатын салық біздің жыртығымызды жамай алмайды ғой. Одан қанша алады? Үлкен сома ала алмайды. Ондай болмайды. Қоғамды теңселтіп не керек? Қоғам мына қымбатшылықпен, несиемен қылқынып тұрған кезде, қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде наразылық болып тұрған кезде, біз оның үстіне апарып, ажырасқандар дейміз, үйленбегендер дейміз, оның бәрін ушықтыра беру қажет пе? Менің жеке пікірім бойынша бұл дәл қазіргі жағдайда қажет емес", - деді депутат.

Парламент қабырғасында бұған дейін "бойдақтар салығы" туралы сөз болған еді. Бұл бастаманы депутат Болат Керімбек көтерген. Тиісті ұсыныс қоғамда қызу талқыланды. Бірі депутат жастардың кеш үйлену үрдісіне алаңдады десе, енді бірі жеке өмірге қол сұғуға болмайды дегенді алға тартты. Сол сияқты ажырасуға бел буғандарға салық салу бастамасы да қалың жұртты ойлантып қойды. Енді олар атқарушы биліктің осы мәселеге қатысты шешімін күтері сөзсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу