Азық-түлік импортына тәуелдіміз – Жұманғарин

2918

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин елдегі азық-түліктің қымбаттауына байланысты өзіне қарата айтылған сындарға жауап берді.  

Азық-түлік импортына тәуелдіміз – Жұманғарин

Халық та, Парламенттегі депутаттар да бұған дейін шенеунікті айыптап, қымбатшылыққа жол беріп отырғанын сынға алған еді, деп хабарлайды іnbusiness.kz.

Айта кетсек бұған дейін мәжілісмен Аманжан Жамалов қазақстандықтар үшін ең өзекті проблема – азық-түліктің негізсіз қымбаттауы болып тұрғанын мәлімдеген еді. Депутат картоп келісінің 500 теңгеге дейін шарықтауын мәселе етіп көтерген.

"Біздегі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қайда қарап отыр? Министрлер де жағдайды түсіндіруден аса алмайды. Бірақ халық әзірге ешқандай өзгеріс көріп тұрған жоқ. Таяуда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаны негізсіз өсуіне жол бермес үшін жаңа тәжірибе енгізіліп жатқанын айтып берді. Шынтуайтынша, бұл да жаңа модадағы кезекті "сандыраққа" қатты ұқсайды", – деген еді екі апта бұрын өткен Мәжіліс отырысында. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі депутаттың бұл сауалына жауап берді.

Агенттік төрағасы Серік Жұманғариннің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық – түлік тауарлары былтырғыдан қарағанда 7,5% қымбаттаған. Ал осы жылдың маусымына дейін жеміс-көкөніс өнімдерінің (сәбіз, картоп), күнбағыс майы, құмшекер, қарақұмық жармасы, тауық жұмыртқасының бағасы өскен. Соңғы екі айда тіпті картоп 69,1%, сәбіз 73,4% қымбаттапты.

Агенттік басшысы азық-түліктің неліктен қымбаттағанын түсіндіріп беріпті. Мәселен, 2020 жылы бірнеше облыста тауықтың қырылғаны белгілі. Одан бөлек тауықтарға берілетін жем-шөп қымбаттап, жұмыртқа өндірісіне берілетін субсидия 50%-ға қысқартылған. Осының салдарынан 34 ірі құс фабрикасының ішінен 5-і қызметін тоқтатқан екен. Мұның арты жұмыртқаның қымбаттауына әкеп соққан. 

Қарақұмық өндірісінің 11%-ға төмендеуі де оның бағасына әсер етіпті. Одан тыс қарақұмықтың егіс алаңдарын 99 245,4 гектардан 57 917,6 гектарға дейін азайғаны тағы бар. Сонымен қатар елде қызылшаның алқаптары 17 мың гектардан 15,2 мың гектарға азайып, Ресей және Беларусьтегі тасымалдаушылардың қызмет бағасының өсуі қант бағасына ықпал еткен. Одан бөлек импортқа тәуелділік салдарынан күнбағыс майы да жұрттың қалтасын қаққан.

"Импортқа тәуелділіктің салдарынан азық-түліктің бағасы өседі. Жекелеген азық-түліктің қажеттілігінің көлемі импорт есебінен жабылады. Бұл ретте шетелде азық-түлік бағасының әлемдік өсуі 30%-дан асқанын атап өту керек. Алайда тек дайын өнім ғана емес, сондай-ақ шикізат, жемшөп те импортталады. Импорттық шикізаттың бағасы да өсті, мысалы, күнбағыс үшін 2 есе. Яғни бағаның өсуіне әсер ететін себептердің көпшілігі салалық сипатқа ие, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы жағдайға байланысты",– дейді Серік Жұманғарин.

Агенттік төрағасы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 позициясының 9-ы бойынша импортқа тәуелділіктің үлесі жоғары екенін айтады. Шикізат пен жемге импортқа тәуелділік, АӨК субсидиялаудың қолданыстағы тетігінің тиімсіздігі мен ашық еместігі, сауда желілері мен тұрақтандыру қорлары үшін айналым қаражатын қолдану шеңберінде бөлінетін қаражаттың елеусіз көлемі, жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау және шикізатты қайта өңдеу қуаттарының тапшылығы мәселесі бар. Осыны ескере отырып, монополияға қарсы орган Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады.

"Егіс алаңдарын ұлғайтып, импортқа тәуелді тауар нарықтарын субсидиялау, субсидиялаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету, субсидиялауға арналған өтінімдерді қарау мен қанағаттандырудың ашықтығын арттыру, өңірлердің қажеттілігін ескере отырып, сауда-логистикалық инфрақұрылым объектілерін (көкөніс қоймаларын, жылыжай кешендерін) ұлғайту керек. Қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді тежеу шараларын уақтылы қабылдау мақсатында өндіріс пен тұтыну теңгерімдерін және бағаларды болжау тетігін жүргізу қажет", дейді Серік Жұманғарин.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу