Бағалай білгенге балық та байлық

3336

Түркістан облысындағы 3 балық өңдеу зауыты мен  28 шаруа қожалығы жылына 6 мың тонна балық өңдейді.

Бағалай білгенге балық та байлық

Жылқының  жалы мен жаясын, қазысы мен қартасын қарпып жейтін қазақ басқа етті қызылсынбайды.

Әлемдік тұтыну индексі бойынша қазақстандықтардың дастарханға балық қою көрсеткіші 11,5%-ды ғана құрайды екен. Яғни біз балықты жегеннен гөрі, сатқанды қош көреміз. Бұған балық экспортының жыл өткен сайын артып келе жатқаны дәлел.

2010 жылы біздің ел сыртқа 28 мың тонна балық сатып, 96,5 млн доллар табыс тапты. Осылайша бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. 2014 жылы 20,5 мың тонна балық экспорттап, 77 млн доллар пайда көрді. 2016 жылы 20 мың тонна балық сатып, 70 млн доллар кіріс кіргізді. 2017 жылғы нәтиже осыдан 7 жыл бұрынғы көрсеткішке жетіп жығылды.

Бүгінде елімізде 128 балық өндіруші кәсіпорын бар. Ал Түркістан облысының тұрғындарына 3 балық өңдеу зауыты мен балық шаруашылығымен айналысатын 28 шаруа қожалығы қызмет көрсетеді.  Олар жылына 6 мың тонна балық өңдейді.

Облыста "Хамит" өндірістік кооперативі көш бастап тұр. Мұнда балықтың сүбе еті және ысталған балық өндіріледі. Кәсіпорын былтыр 1132 тонна балық өңдеп, оның 80%-ын  Ресей, Германия, Израиль елдеріне экспорттады.  

Кооператив екі ауысыммен жұмыс істейді. Бір ауысымда 60 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың барлығы жергілікті тұрғындар. Олар ай сайын 70 мың теңге жалақы алады.

Зауыт басшылығы тек пайда табуды ғана көздеп отырған жоқ. Мұндағылар балық акваөсіндіні дамытуға күш жұмсап жатыр. Бұл жерде Челябинск, Орынбар қалаларындағы балық тәлімбақтарынан алдырылған жоғары сұрыпты шабақтар өсірілуде.

2 грамнан сәл  асатын кішкентай шабақтар инкубациялық цехта күтім көреді. Шабақтарды арнайы мамандар баптайды.

Балық өсіруден бөлек, аулаудың да қиындықтары бар екен. Бұл туралы балық бизнесінің басында жүрген жандар: "Балықты өндірістік жолмен, яғни сүзгімен аулағанда оларға ешқандай зиян келмейді. Қытайда жасалған тор балыққа қырғидай тиеді. Тордың дәл осы түріне тыйым салынса да, браконьерлер заңға қайшы әрекеттерін доғарар емес", – деді.

"Хамит" өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы Бақытжан Қыпшақбайұлының сөзінше, браконьерлер балықты тоққа түсіріп аулаудан да арланбайды. Өңірде браконьерлерге қарсы 25 маман ғана қарсылық танытады. Олардың күші жан-жақтан анталаған ашкөздерді ауыздықтауға  жетпейді.

"Арнасай" су реттегішінде балық тоғаны жоқ. Су кодексі бойынша су нысанында балық қорғау белдеуі болуға тиіс. Алайда бұл мәселе назарға алынбай отыр", – деді басқарма төрағасы.

Айғаным Дәулет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу