Қызылордада соңғы бес жылда балық экспорты тоғыз есеге артты

4322

Бұл жөнінде Арал өңірі балықшыларының дәстүрлі V слетінде айтылды.

Қызылордада соңғы бес жылда балық экспорты тоғыз есеге артты

Слетте белгілі болғандай өткен жылы 8186 тонна балық ауланса, оның 3804 тоннасы  экспортқа шығарылған. Биылғы жылдың алты айында экспорт көлемі 2406,5 тоннаны құрады. Қызылорданың балық өнімдерін негізінен Ресей, Польша, Дания, Грузия, Литва, Голландия, Украина, Әзірбайжан, Қытай елдері тұтынуда.

Облыс балық аулау және өңдеу көлемі бойынша республикада үшінші орында тұр.

Биылғы алты айда 2397 тонна балық ішкі нарыққа бағытталып,  республикалық бюджетке 53 миллион теңге қаржы құйылды. Қазіргі таңда облыста жылдық қуаттылығы 11 тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Олардың төртеуі балық өнімдерін Еуропаға экспорттауға қажетті Еурокодтарға ие. Ол кәсіпорындарда балық өнімдерінің он үш түрі шығарылуда.

Балық шаруашылығы министрі қызметін атқарған Құдайберген Саржановтың айтуынша, кезінде Аралдың тұздануы салдарынан камбала балығын аулауды даниялық Курт Кристенсен бастаған балықшылар үйретіп, "Каттагеттен –Аралға дейін" жобасын жүзеге асырды. Бірлескен жұмыс нәтижесінде балықтың 22 түрі пайда болып, тауарлы-өндірістік мақсатқа ден қойылуда.  "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" (САРАТС-1) жобасының нәтижесінде Кіші Арал теңізі суға толды. Теңіз жағалауындағы қалың жұрт ата кәсіпке қайта оралып жатыр.

Дәстүрлі слет аясында "Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС Арал филиалы базасында "Тауарлық балық шаруашылықтарын дамытудың мүмкіндіктері" атты ғылыми –практикалық конференция өткізілді. Оған республикадағы және көршілес елдердегі осы саланың бес жүзден астам мамандары қатысып, экспорттық балықтарды өңдеудің іс-тәжірибесімен бөлісті.

Ескендір Ертай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу