Қырылған балық

7880

Жайықтың жағасында жапырылып жатыр. 

Қырылған балық

Балықтардың жаппай қырылуы желтоқсан айында басталды. Алдымен Атырау қаласының іргесіндегі Перетаска ауылының тұрғындары жүздеген балықтың мұз бетіне қырылып жатқанын көріп, дабыл қақты. Сол маңдағы "Атырау Жылу Электр Орталығының" су сору стансалары орналасқан өзектегі бұл жағдай елді елең еткізді. Су маржандарының ол жерге қалай келгені белгісіз. Бірақ орталықтың техникалық қажеттіліктері үшін Жайық өзенінен күндіз-түні су алынатынын және осы өзекке кері құйылатынын ескерсек, балықтардың өзеннен тікелей келуі әбден мүмкін. Су маржандарының өліміне байланысты, Атырау облысында арнайы комиссия құрылып, Жайық өзеніне зерттеу жұмыстары дереу басталып кетті. Комиссия құрамына Атырау облыстық балық шарушылығы басқармасы, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы, экология департаменті, қазақ балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты, ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясы, төтенше жағдайлар департаменті мен Атырау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары енді. Зерттеу барысында өлген және тірі балықтардан, Жайық суынан xимиялық зерттеу сынамасы алынды. 10 желтоқсан күні облыстық әкімдікте ведомствоаралық комиссияның жиыны өтті.

"Бүгінгі таңда 110 дана балықтың өлексесі анықталды, ал тірі балықтардың жағдайы мәз емес", – деп айтылды жиында.

Комиссия отырысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атқарушы органдарға бірқатар тапсырма берді. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өкілдерінің айтуынша, зертханалық зерттеу барысында су құрамы таза, адамдардың өміріне залалсыз екенін анықталған.

"Алынған сынамалар қазіргі жағдай тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізбейтінін көрсетті", – дейді Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек Мұсағалиев.

Жауапты мекем өкілдері Жайық суының құрамында қауіпті ештеңе жоқ деп сендірді. Ал әлеуметтік желіде тұрғындар пікірлерін жарыса жазып жатыр. Балықшылар Жайық өзенінен бұрын-соңды көремген ірі жайындар мен сазандардың пайда болғанын айтады. Өзеннің тереңін мекендейтін балықтар судың бетіне шыққан-мыс.

"Байтақ-Болашақ" экологиялық альянсының өкілі Арман Хайруллин тұрғындармен бірге Жайық өзеніндегі қырылған балықтың есебін жүргізіп жүр.

"Өлген балықтың саны 110 дейді ведомствоаралық комиссия. 1 жерден санай салған ғой. Біз Еркінқала жақтағы Жайық сағасының балығын түсірген жоқпыз. Онда бұдан да көп көрінеді. Әкімге өтірік ақпар беріп отыр ма? Ауруын жасырған өледі. Екіншіден Жайықтық суы сынамалары адам денсаулығына зиянсыз дейді. Менің ойымша, бір жерден хлор кетуі мүмкін. Үшінші сұрағым ауа температурасы -40 та, мұз жарты метрге дейін қатқанда болмаған "Заморды" қайдан тапты? Замордың не екенін википедиядан оқысын. Бұл Экологиялық апат", – деп жазды әлеуметтік желіде блогер, экология жанашыры Арман Хайруллин.

Өлген балықтар Жайық өзенінің Атырау қаласындағы бөлігінен бастап, Дамбы елдімекеніне дейін шашылып жатыр. Видеода мұз астындағы балықтардың балықшылар ойған ойық айналасына жиналғаны анық көрінеді. Қырылып қалған балықтар негізінен өзенде жиі кездесетін табан, қылышбалық, айнамкөз, мөңке. Әзірге жергілікті мамандар Жайық өзеніндегі өлген балықтың санын да, себебін де анықтай алмай жатыр.

"Сынамалардың барлығы республикалық ветеринариялық зертханаға және Атырау қалалық қоғамдық денсаулық басқармасына жіберілді", – деді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Молдашев

Атырауда енді құнды бекіре балықтары қырыла бастады. Оқиға қала сыртындағы бағалы балықтарды өсіріп, көбейтумен және қара уылдырық шығаратын "Луговой ат зауыты" ЖШС Атырау филиалында және Жайық-Атырау зауыттарында орын алып отыр. Әлеуметтік желілерге таралған бейнеде өлі бекіренің көпшілігі бассейнде арқасымен жатқаны байқалады. Ал кейбіреулері жартылай өлі күйде. Осыдан-ақ зауытқа орасан зор шығын келгенін білуге болады. Мұны жергілікті әкімдіктегілер де растап отыр. Бұл жайықтағы балықтардың өлімімен байланысты. Себебі балық өсіру шаруашылығына өзен суы пайдаланылған. Тоғанда шарбақтық әдіспен орыс бекіресін өсіруді 2015 жылдан бері қолға алған бұл шаруашылықта 38 мың балық бар.

Бүгінде мұнда қырылған балықтың саны 100-ден асып, 2000-ға жуық бекіре шалажансар күйде жатыр. Ал Жайық-Бекіре зауытында 25 бағалы балықтың өлгені анықталды.

"Желтоқсанның алтысынан бастап балықтардың әлсіз екендігін байқадық, алды өле бастады. Оның ішінде қорытпа мен шоқыр, бекіре балығы да бар", – деді Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауытының өкілі Болат Мұхамеджиев.

Жалпы бұл зауыт жылына Каспийдің экоқорын сақтау мақсатында жылына өзенге 3,5 млн бекіре шабағын жіберетін. Биыл осы көрсеткішке жете ала ма, жете алмай ма, белгісіз болып тұр.

"Әлеуметтік желіде таралған бекіре тұқымдас балықтардың қырылуы туралы бейне бір апта бұрын Жайық өзеніндегі балық шаруашылықтарының бірінде түсірілген. Бұл жалпыға белгілі факт. Бүгінгі күні балықтың қырылуының жаңа фактілері тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта мамандардың бағалауы бойынша, су балық үшін қауіпсіз. Жоғарыда аталған жағдай бойынша қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі уақытта Жайыққа су ағызатын құрылыстары бар барлық кәсіпорындарға жоспардан тыс тексеру жүргізілуде. Өзенді өлген балықтан тазарту жұмысы жалғасып жатыр", – деді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Молдашев.

Ясмин Алматқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу