Ел Үкіметі 2020 жылғы балық аулау маусымын "ашты"

7393

Қазақстанда елу мың тоннадай балық аулауға рұқсат етілмек. 

Ел Үкіметі 2020 жылғы балық аулау маусымын "ашты"

Бұл ретте аздау мөлшерде болғанымен, балық қыста да ауланатыны мәлім.

Осы орайда Каспий және өзге өзен-көлдердің әрқайсысында бір жыл бойы қандай балық түрін қанша көлемде судан балық алуға болатыны белгілі болды.

Айта кету керек, бұған дейін балық аулау шегін белгілеу АШМ құзыретіне жататын. Тиісінше, биылғы жылдың 11 ақпанында, дәл Түркістан облысының әкімі болып кетер алдында Үкімет басшысының орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев "2019 жылдың 15 ақпаны мен 2020 жылдың 15 ақпаны аралығында жануарлар дүниесі объектілерін алып қою лимиттерін бекіту туралы" бұйрыққа қол қойып тастады. Енді оның күші жойылғалы отыр.

Жалпы, АШМ – ауыл шаруашылығынан неғұрлым көп өнім өндіріп, барынша мол пайда табуға бағдарланған ведомство екені жасырын емес.

Қазір бұл өкілеттік жақында қоршаған ортаны қорғау үшін жаңадан құрылған министрлікке тапсырылды. Алайда экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мерзімін ауыстырғаны болмаса, Шөкеевтің жазып кеткенін көшіріп ала салғандай. Өйткені сарапшылар еліміздегі өзен-көлдердің "көзге жас келтірерлік" қиын экологиялық жағдайына орай экология министрлігі азайып бара жатқан балықты аулауды азайтуы мүмкін деп болжаған.

Алайда келесі жылға арналған жаңа бұйрық атауында тек министрдің аты ғана өзгеше, басқасы күші жойылғалы тұрғандай.

Сонымен, ұсынылып отырған "2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 1 шілдесі аралығында жануарлар дүниесі объектілерін алып қою лимиттеріне" сәйкес, Каспий теңізінен осы бір жыл аралықта он мыңға жуық тонна ауқымында балық аулауға рұқсат етілмек. Оның ішінде 3 мың 605 тоннасы – ірі балықтар. Бірақ бекіре тұқымдастарын, оның ішінде бекірелерді, қортпаны, шоқырды, орыс бекіресін, пілмайды және сүйрікті аулауға тыйым салынады.

Арал теңізінде қандай балықтар өнеркәсіптік аулауға жарайтыны да белгілі болды. Нақтылай кетсек, қазақстандық бөліктегі толыққан Кіші Аралдан осы бір жылдық мерзімде – барлығы 6678 тонна балық, соның ішінде 2731 тонна табан, 2121 тонна торта, 896 тонна көксерке, 204 тонна қылыш балық, 191 тонна сазан, 154 тонна қызылқанат, 149 тонна ақмарқа, 66 тонна жайын, 54 тонна жыланбас, 52 тонна шортан, 24 тонна түйетабан, 16 тонна айнакөз, 12 тонна дөңмаңдай, 8 тонна ақ амур аулауға болады.

Ішінара еліміздің аумағына кіретін, тұздануы өте жоғары Үлкен Арал теңізінен Ақтөбе облысы шегінде – 119, ал Қызылорда облысы шегінде 47 тонна артемия жұмыртқаларын теруге ғана рұқсат.

Сырдария өзенінен – 192 тонна, ондағы Шардара су қоймасынан – 2374 тонна, Балқаш көлінен – 7 мың 532 тонна, Жайсаң көлінен – 6218 тонна, Алакөл көлінен – 341 тонна, Іле өзенінен – 13 тонна, осы өзен сағасындағы су айдындарынан 88 тонна, Іледегі Қапшағай су қоймасынан – 890 тонна балық аулауға жол беріледі.

Ертіс өзеніндегі Бұқтырма су қоймасынан – 2313 тонна, ондағы Шүлбі су қоймасынан – 460 тонна, Ертістегі Өскемен су қоймасынан – 35 тонна балық өндіруге мүмкіндік беріледі.

Есіл өзені қазір балыққа бай емес: одан Нұр-Сұлтан қаласын қоса алғанда, Ақмола облысы аумағында небары – 7 тонна, ал Солтүстік Қазақстан облысы аумағында – бар-жоғы 11 тонна балық қана аулауға мүмкіндік бар.

Министрліктің құжаты Қаныш Сәтпаев атындағы каналды қосқанда, жалпы саны 18 ірі су бассейнінің және әр өңірдегі жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарынан балық аулау лимиттерін бекітеді. 

"Қазақстан негізі, бай балық шаруашылығы қорына ие. Елімізде балық аулау және балық шаруашылығын қарқынды дамыту үшін әлеует бар. Каспий теңізін қоспағанның өзінде, еліміздегі су қоймаларының жалпы айдыны шамамен 5 млн гектарға жетеді. Бұл саланың дәуірлеген кезі ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңге келеді. Мысалға, 1965 жылы Қазақстанда 111,9 мың тонна балық өндірілді. Кейін 1990-2004 жылдары бұл көрсеткіш күрт төмендеп, 80,9 мың тоннадан 36,6 мың тоннаға дейін құлдырады", – дейді осы саланы зерттеп жүрген заңгер ғалым Исатай Сматов.

Дегенмен кейінгі жылдары белгіленген лимиттің артуы байқалады. Мәселен, 2017 жылы тек 30 мың тонна балық аулауға рұқсат етілсе, биыл және келесі жылы бұл көлем 50 мыңға жуықтамақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу