Су айдынында арнайы экономикалық аймақ құру ұсынылды

7242

Қазақстан табиғаттың кезекті сыйын пайдалана алмайтын түрі бар.

Су айдынында арнайы экономикалық аймақ құру ұсынылды

Биыл еліміздің басым бөлігінде – Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Қостанай, Ақмола, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында қар қалың жауды.

"Қазгидромет" дерегінше, ылғал қорының көлемі Ақмола облысындағы Шағалалы өзені бассейні аймағында жылдағы нормадан 105%-ға артып кеткен. СҚО-дағы Есіл өзені бассейнінде – 98%-ға, Ақтөбе облысындағы Елек өзенінде – 97%-ға, Қарағанды облысындағы Нұра өзені аймағында – 37%-ға, Сарысу өзені атырабында – 31%-ға, Қостанай облысындағы Тоғызақ өзені жағында – 20%-ға, Аят өзенінде – 18%-ға, БҚО-дағы Утва өзенінде – 12%-ға, Қостанай облысындағы Тобыл өзені мен Ақмола облысындағы Сілеті өзені бассейндерінде – 8%-ға жоғары болып отыр.

Ұлы далада қалың тоң жатыр: ТЖМ мәліметінше, топырақтың қату тереңдігі осы жылы өткен жылғы көрсеткіштен БҚО-да 53 сантиметрге, СҚО-да – 70 см-ге, Қарағанды облысында – 32–66 см-ге, Ақмола облысында – 23–84 см-ге, Қостанай облысында – 19–97 см-ге, Ақтөбе облысында 74–92 сантиметрге артық. Қар еру процесі жалғасуда. Еліміздің 69% аумағын әзірге қар басып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі топырақтың терең қатуы, қар қорының нормалардан асып кетуі су тасқыны қаупін төндіріп отырғанын хабарлады. Жергілікті әкімдіктер елді мекендерден 21,6 миллион текше метрден астам қар шығарған. Бұл жұмыстар ары қарай жүруде.

Осының бәрі алда еліміз бойынша телегей теңізге айналады. Ғалымдар мен мамандар оның бәрін жинап, әр өңірдегі арнайы су қоймаларына бағыттау бастамасын бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатыр. Ел Үкіметі 2030 жылға дейін 28 жаңа су қоймасын салуға келісті. Әзірге бұл іс қарқынды ілгерілейтін емес.

ТЖМ ақпаратынша, 2020 жылы өңірлер су тасқыны қаупі бар өзендердің 371,6 шақырымдық арнасын тереңдеткен. 12,2 мың шақырым су бұру арналарын орнатқан.

Әйткенмен, жаңа су қоймаларын салмаса, тасқынмен күрес аяқталғасын Үкімет алдынан аграршыларды сумен қамту проблемасы туындамақ.

Бұл түйткіл салдарынан халық басқа қиындыққа кезігуде. Ауыл-аймақтағы жұртшылық балық аулап, оны сатып, нәпақа тапқысы келеді. Алайда кейінгі жылдары ірі су бассейндерінің таяздану процесінің күш алуына байланысты мемлекет балық аулауға тыйым салып жүр. Бұл онсыз да азайып қалған су жануарларын сақтау үшін қажет.

Ауыл шаруашылығы маманы, сарапшы Серік Наханов су шаруашылығын дамытуға кешенді түрде келу керектігін айтады.

"Мысалы, Кеңес одағы кезінде Балқаш көлінде балық кәсіпшілігі мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылды. Осы мақсатта "Балқашбалықтрест" мемкәсіпорны жұмыс істеді. Ел нарықтық экономикаға көшкелі балық кәсіпшілігіне қатысты көптеген мәселе шешілмей қалды. Бұл салада меморгандар, ғылыми ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер тізе қосып, өзен-көлдердегі экологиялық ахуалға мониторинг жасау, биоәралуандылықты сақтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге тиіс, бұл жағы ақсап жатыр. Сыбайлас жемқорлықтің елеулі тәуекелдері және браконьерлердің белсенділігі балықтар популяциясының жұтауына соқтыруда", – дейді маман.

Оның айтуынша, балықты өнеркәсіптік ауқымда заңсыз аулау – тұтас көлеңкелі экономикаға айналып кеткен.

"Бүгінде Балқашта балық шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті дамыту нашар жолға қойылған. Аулаушылардың біразы бұл кәсіппен заңсыз айналысуда. Негізі, осы бірегей көлде өнеркәсіптік балық шаруашылығын ғана емес, сондай-ақ жыл он екі ай бойы туризмді, белсенді демалысты және спорттық балық аулауды ұйымдастыруға болатын еді. Сонда Балқаш жағалауын жайлаған қаншама елді мекеннің тұрғындары жұмыс табады. Олар заңды кәсіпкерге айналар еді. Осы тұрғыда бақылау-қадағалау органдарының және жергілікті әкімдіктердің жауапкершілігін арттыру қажет", – деді сарапшы.

Ол кәсіпшілік балық популяциясын қайта қалпына келтіріп, еселеп көбейтуде ірі жетістікке жеткен шет мемлекеттердің тәжірибесін игерді, олардан мамандарды, ғылыми ұйымдарды тартуды ұсынады.

Бұған қоса, балық аулаушы кооперативтер, артельдер, бригадалар және балықты өңдеуші шаруашылықтарды жүйелі негізде құру туралы ұсынысын жеткізді. Бұл үшін ауланған балықты жұрттан қабылдайтын пункттер, тоңазытқыш камералар желісі, қоймалар секілді барлық керекті инфрақұрылым жабдықталуға тиіс. Көлік-логистика мәселесі шешіліп, ірі өзен-көлдерде мамандандырылған шағын кемелер қатынасы тұрақты жолға қойылғаны жөн.

Ал балық аулаушылардың кәсіби бірлестігін құру, саладағы кәсіпкерлер мен қызметкерлердің мүдделерін қорғау – браконьерлікпен және адал емес бәсекелестікпен пәрменді күресуге ықпал етеді. Әйтпесе, қарулы браконьерлер мен бақталастардың су айдынына таласы адал кәсіпкерлерді және инвесторларды үркітеді. 

Үкімет балық аулау көлемін реттеумен шектеле бермей, кәсіпшілік балықтар басын көбейту шараларын қабылдап, шабақ өсіріп жіберетін кәсіпорындарға қаржылай және басқалай көмек көрсеткені абзал.

Кеңес заманында балық кәсіпшілігін дамыту қарадүрсін, көнерген тәсілдермен жүргізілді. Қазір заманауи технологиялар көмекке келеді.

"Мысалы, өзен-көл акваториясына және жағалауына интерактивті спутниктік мониторинг жасауға, балық шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік негіздеріне онлайн, қашықтан оқыту орталықтарын құруға, заңсыз браконьерліктің, табиғи және техногендік апаттардың алдын алу және шұғыл ден қою жүйелерін енгізуге болады. Бұл іске "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасын, қоғамдық экологиялық бірлестіктерді жұмылдырған жөн. Балқаш көліне ерекше мәртебе беру, онда айрықша табиғат қорғау және селекциялық аймақтар құру керек. Мысалы, кәсіпкерлерді тарту үшін оның айдыны мен жағалауында арнайы экономикалық аймақ ұйымдастыруға болады. Оған кіретін бизнес нысандары балық өндіріп, өңдеп, шетелдік экспортпен шұғылдануға тиіс. Сондай-ақ балық шаруашылығы саласында кластер құруға болады. Бұл шаралар балық шаруашылығын жүйеге келтіруге, сала ойыншыларының қызметін айқын етуге септеседі", – деді С.Наханов.

Бұдан бөлек, маман су айдынын GPS мониторингтеу технологияларын енгізу арқылы барлық типтегі балық аулаушы су көліктеріне қашықтан бақылау орнатуға мүмкіндік барын еске салды. Сонда әрқайсысының қашан және қаншалықты жиі балық аулауға шығатынын анықтауға болады.  

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің түсініктемесіне жүгінсек, Балқаш көлінде жүргізілген ғылыми зерттеулер соңғы 3 жылда онда балық ресурстарының және басқа да су жануарларының артып келе жатқанын көрсетті.

"2020 жыл қорытындысында балық шаруашылығы саласында заң бұзудың 366 фактісі тіркелді. Нәтижесінде, 359 адам әкімшілік жазаға тартылды. Балық аулау ережелерін өрескел бұзғаны үшін құқық қорғау органдарына 7 жеке тұлғаға қатысты 7 материал жолданды. Заң бұзушылардан 13 түрлі су көлігі, 49 тыйым салынған аулау құралы, 9 тонна заңсыз ауланған балық тәркіленді. Сонымен қатар қорық қызметтері 2020 жылы балық аулау ережелерінің бұзылуына қатысты 13 хаттама толтырды", – деді министрлік.

Былтырғы жылы 6 миллион 334,8 мың теңге айыппұл салынған. Балық ресурстарына келтірілген шығынды толтыру үшін жалпы сомасы 20 миллион 711,8 мың теңге көлемінде сотқа талап арыз түсірілген.

Ведомство Балқашта кәсіпкерлік те дамып жатқанына назар аудартты. 7 балық өңдеу зауыты Еуропалық одаққа және Еуразиялық одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттайды. Олар 2020 жылы 3780 тонна балық өнімін өндірген. Соның ішінде 860 тонна балық филесін, 200 тонна қақталған балықты, 300 тонна ысталған балықты, 2000 тонна мұздатылған балықты және 400 тонна балық шығарып, сатқан.   

Ел Үкіметі Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасын бекітіпті. Рас, ол балықты қолдан өсіретін кәсіпкерлер мен фермаларды субсидиялауды қарастырады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу