Ертіс-Қарағанды каналы: суармалы шаруашылыққа әлеует жеткілікті

5563

Екібастұздағы "ЭМПК" ЖШС өсімдік шаруашылығын дамытуға ден қойды.

Ертіс-Қарағанды каналы: суармалы шаруашылыққа әлеует жеткілікті

Суармалы егістігінің басында аймақтағы бірқатар шаруа қожалықтары басшыларымен семинар өткізуді ұйғарған "ЭМПК" ЖШС суармалы алқапты заманауи технологиямен тамшылатып суару, малды асылдандыру тәжірибесімен жақынырақ таныстырған болатын. "ЭМПК" ЖШС директоры Марина Алекпарова кәсіпкерлерге суармалы алқапты дамытуда атқарылған жұмыстармен бірге кейбір кедергілердің барын тілге тиек етті. 

Айта кетейік, Байет ауылы маңына жақын орналасқан "ЭМПК" ЖШС – Павлодар облысындағы асыл тұқымды қара мал өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі. Бүгінде шаруашылықта 700 бас ірі қара,  соның ішінде 500 аналық, 80 бас жылқы және 70 бас түйе бар.

Марина Алекпарованың айтуынша, кәсіпорын "ҚазАгроҚаржы" серіктестігі арқылы әрқайсысысы 120 млн теңге тұратын, ұзындығы 630 метрге дейін жететін "Renke" егін суару техникасын сатып алған. "Агротекс Қарағанды" ЖШС  өкілдері келісімшарт негізінде суару техникасын егістік танабына орнатып берді. Қазір 2 техника жұмыс істеп тұр. Үшіншісі құрастырылып жатыр. Компания өкілдері жергілікті мамандарға суару техникасын қолдануға үйретуді де міндетіне алды.

Су мәселесіне келсек, жаңа сорғы станциясы суармалы алқап тұсынан салынған. Жобаны мердігер "Ай-Су мелиорация" ЖШС жүзеге асырды. Қ.Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды каналынан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға облыстық бюджеттен 352, 5 млн теңге бөлінді.

Серіктестік басшысының сөзінше, сорғы станциясының жобасы әу баста дұрыс жасалмаған. Мердігерлер диаметрі 400 мм  құбырлардың орнына  диаметрі 800 мм құбырды салған.

"Құбырлар жаңа сорғы станциясынан егістік танабына дейін тартылды. Алайда бұл жоба біз ойлағаннан да күрделі болып шықты. Диаметрі тым үлкен, 800 мм құбырларды салғандықтан, біз әлі күнге дейін  суды босатуға тәуекел ете алмай отырмыз. Қосқан жағдайда оның қатты екпіні станцияны бұзып-жарып өтуі ықтимал. Біз енді станцияға төнетін қауіпті сейілтудің жолдарын ойластырудамыз. Суды мамандармен жан-жақты зерттеп, кеңесіп барып бір-ақ қосамыз", – дейді шаруашылық басшысы.  

Биыл Павлодар облысында "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартуға 889,9 млн теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде 831,0 млн теңге – республикалық бюджеттен, 58,9 млн теңге – облыстық бюджеттен. Игерілгені – 126,0 млн теңге.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу