Павлодардың су қоймалары қараусыз жатыр

6095

Қолдан өсірген тұқы балықтары жойылуға жақын.

Павлодардың су қоймалары қараусыз жатыр

Екібастұз "Горводоканал" кәсіпорны Қ.Сәтбаев атындағы каналдың №№1, 2, 3, 4 сорғы станцияларынан су тартып, Екібастұздың 150 мыңға жуық халқын ауызумен қамтамасыз етіп отыр. Канал филиалының Павлодар пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Марат Мәкеновтің сөзінше, су қоймаларына бақылауды күшейту қажет. Әйптесе, жергілікті халық ауызсу мәселесімен бетпе-бет келуі мүмкін.

"Біз судың сапасын, ластану деңгейін үнемі бақылауда ұстаймыз. Әйтсе де тұрғындар каналдың суы ауызсуға арналғанын ескермейді. 1996 жылдың 14 қазанында ҚР үкіметінің "Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың санитарлық қорғау режимі туралы" қаулысында каналдың жағасында құрылыс жүргізуге, балық аулауға, көлік қоюға, суға түсуге, мал суаруға болмайтыны туралы тайға таңба басқандай жазылған. Арнайы бапта малды су арқылы өткізген жағдайда канал басшылығымен келісу керектігі де көрсетілген. Өкініштісі, бүгінде заңнама талаптары сақталмай отыр",  –  дейді Марат Мәкенов.

Канал басшылығының қызметі тұрғындарды және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды сумен қамтамасыз етумен шектелмейді. Канал арнасын пайдалануға беру және оны ұстау шараларын орындауда балық шаруашылығы да маңызды. Өйткені, каналдың арнасын тазартуда балықтарды да өзіндік үлесі бар.

"Биомелиорациялық жұмыстың бірден-бір шарты – тұқы балықтарды суға жіберу. Біз бұл іспен жыл бойы айналысамыз. Су арнасын тазалаушы балықтарға тұқы, ақ амур жатады. Арықтардың бойын арамшөптерден, судың түбін қамыстан тазалау үшін аталған балықтарды қолдан жерсіндіреміз. Өзге балықтардан ерекшелігі, тұқы шөппен қоректенеді. Судың түбіндегі қамысты жеп, олардың қаулап өсуіне жол бермейді", – дейді Марат Мәкенов.

Басшының айтуынша, су түбіндегі өсімдіктерден құтылу үшін қолданылып жүрген механикалық әдістерді шөппен қоректенетін балықтармен алмастыру экономикалық жағынан да тиімді. Сондай-ақ, бұл балықтар басқа да қызметтерді атқарады. Суда өскен қамыс құрақты азық ететін балықтар маса ұрық салатын орындарды да түбімен құртады. Канал басшылығының келісімінсіз судағы балықтарды жөн-жосықсыз аулау табиғат тепе-теңдігін бұзады әрі балықтардың жойылуына әкеп соқтыруы мүмкін.

Канал әкімшілігі Екібастұз өңіріндегі 1, 2, 3, 4, 5 су қоймаларында балық шаруашылығын жүргізуге рұқсат сұрап облыс басшылығына арнайы ұсыныс тастаған екен.  "Балық тұқымын өсіру қолға алынып, судың сапасын сақтау үшін мелиоративтік жұмыстар оң жолға қойылғандықтан су қоймасындағы балықтардың санын еселеп арттыруға болады. Бұдан бөлек, қосымша жұмыс орындары пайда болып, тұрғындарымыздың балық өнімдеріне деген сұранысының біршама бөлігін қанағаттандыра алатын едік", – делінген канал әкімшілігінің жоғарыға жолдаған хатында.

Облыс басшылығы ұсынысты қабылдап, каналға балық шаруашылығын жүргізуге құқық беретін қаулыны бекітті. Қаулы іске асқан жағдайда канал жұмыскерлері су қоймаларындағы балықтарды  аулап, оны сату мүмкіндігіне ие болар еді. Алайда Павлодар облыстық орман шаруашылығы және су ресурстары аймақтық инспекциясы облыс әкімінің бұл шешімімен келіспейтіндігін білдіріп, сотқа жүгінді.

"Қ.Сәтбаев атындағы канал филиалы Павлодар пайдалану басқармасы мемлекеттік заңды тұлға болып саналғандықтан Екібастұздағы 1, 2, 3, 4, 5 су қоймаларында балық шаруашылығын жүргізу заңсыз болып есептеледі. Әрі бұл кәсіпорын балық шаруашылығын жүргізуге қатысты конкурсқа қатыспады. Бұл өз кезегінде заң бұзушылық болып табылады", – деп айыптады инспекция. Екі тараптың өтінішін жан-жақты қараған сот жоғарыда аталған су қоймаларының заңды иесі болғанын және су қоймаларын екінші тарапқа бергенде заңдық талаптар сақталмай, конкурс өткізілмегенін ескеріп, облыс әкімінің қаулысының күшін жойды. Іс инспекцияның пайдасына шешілді.

"Бүгінде канал су ресурстарын қорғау, биомелиоративтік жұмыстарды жүргізу, яғни, балық өсіру және инженерлік жұмыстармен айналысады. Заңға сәйкес әр балықшы 5 келі балық аулауға құқылы. Балық шаруашылығы бөлек сала болғандықтан заңсыз балық аулаушылармен күресу біздің құзыретімізге жатпайды. Балықшылар су қоймаларында балық аулауға тыйым салынғанына қарамастан өз құралдарымен келеді. Санитарлық талапқа сәйкес, өзге су қоймасында балық аулаған адам ау, қармағын жуып-шаюға міндетті. Өйткені аталған құралдар арқылы суға түрлі аурулар таралуы ықтимал. Біздің қолымыздан келетіні – түсіндіру жұмыстарын жүргізу", – дейді Марат Мәкенов.

Сәтбаев атындағы канал филиалы директорының кеңесшісі, еңбек ардагері Л.Баталовтың сөзінше, судың сапасын сақтау үшін су қоймаларын балық шаруашылығы ретінде Қаныш Сәтбаев атындағы каналға бекіту керек. Өйткені, арнайы бекітпейінше балық шаруашылығын дамыту да, сондай-ақ судың ластануына тосқауыл қою да мүмкін емес.

"Егер су қоймаларын каналға бекітпесе, қолдан өсірген тұқы балықтар шортандардың жеміне айналады. Қазір су қоймалары қараусыз жатыр. Біз 4 жыл бойы ауыл шаруашылығы министрлігіне су қоймаларын Қаныш Сәтбаев атындағы канал филиалына бекітуді сұрап хат жолдап келеміз. Бірақ құзырлы орган "Конкурсты жариялаймыз" деген сынды шығарыпсалма жауаптан аспай отыр. Бірақ осы уақытқа дейін бірде-бір конкурс жарияланған емес", – дейді Л.Баталов.

Еске сала кетейік, Қаныш Сәтбаев атындағы канал – әлемде баламасы жоқ теңдессіз гидротехникалық имарат. Канал Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарының халқын таза ауызсумен қамтамасыз етіп қана қоймай, өндіріске, ауыл шаруашылығына су беріп отыр. Канал трассасының ұзындығы Қарағанды-Теміртау ауданы бірінші су сорғысы құбырына дейін 458 километрді құрайды. Трассаның 272 километрі Павлодар аумағы арқылы өтеді. Павлодар пайдалану басқармасына 12 сорғы станциясы, 17 канал, 1 қосымша су қоймасы және 6 гидроторап жатады. Ал Қарағанды басқармасы 10 сорғы станциясына, 17 каналға, 1 резервті су қоймасына және 5 гидроторапқа қызмет етеді. Каналдағы судың тереңдігі 5 метрге дейін жетеді.

"Бірінші бөлімше бастаудың басын құмнан, қоқыстан тазартады. Одан кейін су Ақсудағы бірінші насосқа келеді. Онда орнатылған насос суды 19-22 метр биіктікке дейін көтеріп, екінші арнаға құяды. Арна бойынша жылына 2 млрд текше метр су өтеді. Ертістің суын облыстағы Ақсу қаласынан бастап Қарағандыға дейін 22 насос құрылғысы үздіксіз айдайды. Екі аралықта ондаған су қоймасы бар. Осындай күрделі кешеннің жұмыс істеуінің арқасында Екібастұз қаласы суды бұрынғыдай қашықтан тасып, әуреге түспейді", – дейді Марат Мәкенов.

Каналдың құрылысы 1962 жылы басталып, 1974 жылы аяқталды. 1970 жылдың сәуірінде уақытша, 1975 жылдан тұрақты пайдалануға берілді.1976 жылы канал бойындағы көлтабандарға су босатыла бастады.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу