Джо Байден мен Си Цзиньпин кездесуі Путиннің назарында

1204

Бұл келіссөздер екі держава арасындағы шиеленіс күшейген шақта өтейін деп отыр.   

Джо Байден мен Си Цзиньпин кездесуі Путиннің назарында Фото: russian.rt.com

Президент Джо Байден сәрсенбі күні Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен бір жылда алғаш рет бетпе-бет кездеседі. Бұл – әлемнің екі алпауыт державасы арасындағы шиеленісті ауыздықтауға бағытталған салмақты дипломатия. Мұны Ақ үй хабарлап отыр.

Сан-Францискода өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясындағы келіссөздер бірнеше сағатқа созылуы мүмкін және оған Бейжің мен Вашингтоннан үлкен делегация қатыспақ.

Жүздесуде Израиль мен Хамас, Ресей мен Украина, Солтүстік Кореяның Ресеймен байланысы, Тайвань, Үнді-Тынық мұхит аймағындағы түйіткілдер, адам құқықтары, фентанил, жасанды интеллект, сондай-ақ "әділ" сауда-экономикалық қатынастар тәрізді бірталай жаһандық мәселелер сөз болады.

Бір жыл бойы осы кездесуді талап еткен АҚШ Бейжің Американың дүниежүзіндегі саясатына нұқсан келтіру жолында белсенді жұмыс істеп жатыр деп есептейді.

Ақ үй жұма күнгі мәлімдемесінде Байден-Си форумының ай-күнін растады. Сонымен қатар Қытай сыртқы істер министрлігі де Си Цзиньпиннің 14-17 қарашада АҚШ-қа баратынын, АТЭС саммитіне қатысатынын және Байденмен кездесетінін хабарлап отыр.

Байден мен Си 2022 жылдың қарашасынан бері алғаш бетпе-бет сөйлеседі. Бұл жолғы келіссөздер нәтижесінде екі ел арасында дипломатия күшейіп, тараптар климат, жаһандық денсаулық, экономикалық тұрақтылық, есірткіге қарсы іс-қимылдар, тіпті әскери байланысты қалпына келтіру сияқты негізгі проблемалар бойынша көбірек пікір алмасуға уәделесуі ғажап емес.

Бірақ үлкен прогреске қол жеткізу қиын. Себебі, екі держава да әскери басымдыққа ие болуға, 21-ші ғасыр экономикасын монополиялауға және басқа елдерді өз жағына тарту бәсекесіне бой алдырған. 

Байден мен Си бір-бірін он жылдан астам біледі. Ал 2021 жылы Байденнің инаугурациясынан бері олар алты рет сөйлескен екен. Бірақ екеуі де келіссөздер үстеліне әрдайым күдікпен, ренішпен отырады, дейді сарапшылар.

Басқа нәзік тақырыптар қатарында Қытайдың шетелдегі сайлауларға "ықпал ету операциялары" мен Қытайда нақақтан-нақан ұсталды деген америкалықтар мәселесі бар.

80 жастағы Байден екінші мерзімге қалудан үмітті. Оның тұсында Құрама Штаттар экономикасы дамуымен бақуатты елдерді таң қалдырса да, қарапайым америкалықтар арасында қазіргі президент үлкен қолдауға емес және де Байден Украинада Ресейге қарсы тұру үшін Вашингтонның Еуропадан Азияға дейінгі дәстүрлі одақтастарының басын біріктіре білді.

Ал Байденнен он жас кіші Си саясатқа, лауазымдыларға, бұқаралық ақпарат құралдарына және әскерге бақылауды күшейтіп, конституцияны өзгерткеннен кейін Мао Цзэдуннан кейінгі ең қуатты Қытай басшысына айналды. Алайда кейінгі жылдардағы экономикалық қиындықтар оның елін соңғы отыз жылдағы қарыштап өсу траекториясынан тайдырды.

Байден Сиге АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы міндеттемелерінің өзгермейтінін ескертеді деген болжам бар.

Айта кетсек, Қытай соңғы жылдары Тайвань бұғазындағы, Оңтүстік Қытай теңізі мен Шығыс Қытай теңізіндегі халықаралық даулы аймақтардағы қадамдарымен көршілерін алаңдатып келеді.

Байден сондай-ақ Таяу Шығыстағы соғыс ауқымын кеңейтуге тырысу ақылға қонымсыз болатынына Иранның көзін жеткіз деп Си Цзиньпинге қысым жасауы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу