Байкенжеліктердің тұрмысы неге жүдеу?

"Табиғи байлықтың үстінде отырсақ та тұрмысымыз жүдеу" деген байкенжеліктер әзірге кермек су ішіп, көне мектепте білім алуды жалғастыра бермек.  ,

Байкенжеліктердің тұрмысы неге жүдеу?

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Байкенже деген шағын ауыл бар. Сонау 2005 жылдан бері бұл жерде уран өндіріледі. Әлемдік нарықта бәсі жоғары химиялық элементті өндірерде инвесторлар "ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтереміз" деген уәде берген. Бірақ ауыл азаматтарының айтуынша, уәде құрғақ сөз ретінде қалған.

"Сол уақыттан бері ауылымызда көзге түсер құрылыс салынған жоқ, Мәселен, ауыл мектебін алайық. Іргетасы мүжіліп, қабырғасы қақырап тұр.   Мектептің сыйымдылығы 100 орын. Бір сыныпқа 10-15 баладан артық сыймайды", – дейді ауыл тұрғыны Таубай Төрениязұлы.

Білім ордасына мектеп жасындағы 260 оқушы сыймаған соң, ертеректе шопандардың балаларына арнап салған интернат ғимаратына бастауыш сынып оқушыларын орналастырған екен. Алайда ұстаздар оның да сиқы оңып тұрғаны шамал екенін айтып отыр. Қыс болса, пешпен жылытатын ғимараттың қабырғасы қамыстан қаланған. Тұрғындар жалын шарпып, шоқ ұшса, өрт тұтанып кете ме деп үрейленеді Ал санитарлық талаптар қол жуғыштан-ақ "мен мұндалайды". Мұнан бөлек байкенжеліктер талай жылдан бері таза ауызсуға да жете алмай келеді. Ескі ұңғымадан ішіп отырғасын оған да  көндіккен.  

Байкенжеліктердің қордаланған мәселесін зерттеп, зерделеу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экологтар және жергілікті билік өкілдері ауылдық округке арнайы барып базыналарын тыңдады.

"Екі жыл осында арнайы зерттеу жасап, экологиялық жағдайына тәуелсіз сараптама жүргізетін боламыз. Оған жергілікті тұрғындар және қоғамдық ұйым өкілдері қатысады, олардың пікір-ұсыныстары ескеріліп, мәселені шешетін боламыз", – дейді  облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев.

Шағын ауылда жол мәселесі де өзекті. Айналдырған 14 көшенің тек біреуіне ғана асфальт төселген.

"Осы ауылдың іргесінен мемлекет қазынасына, облыс бюджетіне қаншама қаржы түсіп жатыр. Осыншама табиғи байлықтан тамшыдай үлес еншілесек, ауылдың дамуына, әлеуметтік мәселесін шешуге көп септігі болар еді. Бұл осы елдің тұрғындарының тілегі", – дейді Байкенже ауылдық округінің әкімі Нұрғали Оспанов.

Қызылорда облыс бойынша ыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов та мәселені тиісті орындармен шешетінін айтты.

Мектеп пен таза ауызсудан бөлек мұнда жұтар ауаның тазалығына да күмән бар. Оны аудан әкімінің орынбасары да айтып отыр.  

"Тұрғындар ауаның тазалығына да күмән келтірген. Іргеден уран қазылып жатқасын себеп те жоқ емес. Ал, ішер суға келсек, тіршілік нәрі "Сырдария" топтық су жүйесімен келіп тұр. "Талап" топтық су жүйесі бітпеген соң, бұл жаққа әзірге су жібере алмай отырмыз. Бірақ биыл бұл жұмыстар бітеді. Ал, жаңа білім ошағын салуға, жобалау-сметалық құжатына қаржы қарап жатырмыз. Биыл оның да шешімі табылатын болады. Тұрғындар ұсынысы ескерусіз қалмайды. Айтылған проблемалардың барлығын шешудің жолы қарастырылып жатыр", – деді Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Адай Салыбеков.

Тұрғындар уәждерінің нақты қашан орындалары белгісіз.  

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу