Қазақстанда журналистерге қатысты жағдай қайтадан нашарлай бастағанға ұқсайды. Ұсақ шенеуніктер, қаптаған баспасөз хатшылары мақаладағы өздеріне қатысты сөздердің астарынан кір іздеп, қит етсе ақпарат құралдарының басшылығына зіркілдейтін жаман әдетінен арылар емес. Ал Үкімет мүшелері тілшілермен соттасатынды шығарды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек журналист Гүлбану Әбеновамен ұзақ алысып, ақыры жеңді. Хикаяның қысқаша тарихына тоқталсақ, жаңа министр астаналық журналист Әбеновадан 1 миллион теңге моральдық залалды өтеуді талап етті. Сот шенеуніктің бедел-ажарына дақ түсіретін ақпаратты жариялағаны үшін деп, дәл осы сомаға Әбеноваға айыппұл салды. Бұл туралы елорданың Байқоңыр ауданы сотының баспасөз қызметі хабарлады. Істің материалында айтылғандай, 2020 жылы журналист Facebook парақшасында су-жаңа министрдің "Халықаралық білім орталығы" АҚ-ын басқарған тұстағы жұмысына қатысты сыни посттар жазған, комментарий қалдырған. Салдарынан, Саясат Нұрбекке елеулі имидждік және репутациялық шығын келтірген.
Осылайша, Жаңа Қазақстан бюрократия мен демократияның күресінен басталғандай. Бұлай бара берсе, жаңа дәуірде шенеуніктер шаң жуытпайтын, қарсы сөз айтуға болмайтын ерекше кастаға айналуы ғажап емес.
Әрине, бұл жалғыз-жарым жайт болса, алаңдамауға болар еді. Алайда осы аптада, 5 қыркүйекте Ақтөбе қаласының Әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Nur.kz тілшісі Ардақ Ерубаеваға қатысты іс бойынша үкімін жариялады. Журналист Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 667-бабы (Құқық қорғау органы немесе арнаулы органның заңды өкіміне, талабына бағынбау) бойынша айыпты деп танылды. Бұл бап ескерту жасауды немесе 20 АЕК айыппұл салуды, тіпті 5 тәулiкке қамаққа алуды қарастырады. Судья ескерту жасаумен шектелді. Бірақ журналистің беделі бүлінді. Ол үстінен іс қозғалып, үкім шығарылған санатқа қосылып кетті. Салдарынан, келесі жолы әлдебір болар-болмас бұзушылық жасаса, жазасы ауырлауы мүмкін.
Жазаланатындай, Ардақ Ерубаева не істеп қойды? Тілші 31 тамызда Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың өңірге келген үкіметтік кортежін фотоға түсіріп алмақ болыпты. Ақпарат агенттіктерінің өкілдері жақсы біледі, бүгінде кез келген фото авторлық құқықпен қорғалған, сондықтан сапасы нашарлау болса да, мәтінмен бірге өзің түсірген фотосуретіңді жариялаған жөн. Осы қағидатпен Премьердің кортежін суретке түсіре бастаған Nur.kz тілшісін қарапайым киім киген екі ер адам шап беріп ұстап, аты-жөндерін айтпастан, куәлігін көрсетпестен, аудандық ішкі істер бөліміне сүйрей жөнеліпті. Сол жерде Ардақ Ерубаеваны үш сағат ұстаған. Полицияның нұсқасы бойынша журналистің БАҚ өкілі екенін білдіретін айырым белгісі болмаған. Бірақ қағидалар журналистерден ондай белгіні тек митинг-шеру кезінде ғана тағуды талап етеді. Полиция журналистің қорғалатын тұлға отырған кортежге қарсы тобыр арасынан атып шыққанын алға тартады. Ардақтың өзі халықпен бірге тұрғанын, алға ытқымағанын, тек кортежді түсіру үшін смартфонын жоғарырақ көтере бастағанда ұсталғанын айтады.
"Қызық, Әлихан неден қорқады? Қандай ұят! Өз халқыңның арасында тек күзетпен жүру, журналистерді қудалау ұят. Смайылов Назарбаев билігінің белді өкілі еді, сондағы әдетінен арыла алмай жүр ме?", – деп ашынады журналист Денис Кривошеев.
Жалпы журналистердің, ақпарат құралдарының жағдайы одан әрі күрделене түсуі мүмкін.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Аида Балаева жетекшілігімен басталып, Асқар Омаров кезінде пысықталған БАҚ туралы жаңа заң Дархан Қыдырәлі тұсында қоғамдық талқылауға шығарып отыр. Заң жобасының басты бір жаңалығы – қазақстандық қоғам үшін көз отықты, құлақ үйреністі болған БАҚ (бұқаралық ақпарат құралдары) терминін жояды. Оның орнын БКҚ баспақ (бұқаралық коммуникация құралдары).
Омаровтың командасы биыл жұмыс тобының жабық отырысын өткізіп, сонда жаңа заң жобасы "Бұқаралық коммуникация құралдары туралы" деп аталатынын хабарлаған. Дегенмен енді қарапайым бұқара түсіне бермейтін термин басшылыққа алынғаны, сөйтіп заң жобасы "Масс-медиа туралы" деп аталатыны белгілі болып отыр.
БАҚ-тың БКҚ-қа өзгеруінің мәні бар. Билік ұғымды кеңейту арқылы блогерлерді, әлеуметтік желілерді бақылауға алмақ. Блогерлердің қызметі журналистика формасымен теңестіріледі. Заң жобасында "бұқаралық коммуникация құралдарының" мәртебесі айқындалады, оған кіретін жаңа түрлері заңнамалық бекітілмек.
"Ақпарат құралдарының мәртебесі анықталады. Қазіргі уақытта бұқаралық коммуникациялар барлық салаға еніп жатыр, сол арқылы олар құқықтық өрістен тыс жатқан бұқаралық коммуникацияның жаңа түрлерін жасауда. Интернет, интернет-ресурстар, сайттар, әлеуметтік желілер қоғамдық қатынастардың бөлінбес бөлшегіне айналды. Бұл мәселені шешу үшін БКҚ-ның субъектілері мен жаңа ұғымдарын анықтау, сондай-ақ оларды жүйелеу қажет. Бұқаралық коммуникацияның жаңа түрлерін ажырату ақпарат тарататын субъектілердің қызметін реттеуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді министрлік.
Құжатта алда қызу пікірталасқа тамыздық болуы мүмкін біраз жаңалық бар. Мысалы, БАҚ-ты тіркеудің қолданыстағы тәртібі өзгереді.
"Қолданыстағы заңнама аясында БАҚ-ты тіркеудің жеңілдетілген жүйесі енгізілген болатын. Сонымен қатар ол заңды қолдану практикасын талдау бірқатар өлшемшарттарды қайта қарау қажеттігін көрсетті. Сондықтан ақпарат құралдарын тіркеу тәртібін өзгертіп, олардан төл домендік атауының болуын талап ету ұсынылады. Бұл өзгерістер отандық БАҚ-тың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді", – деп дәйектелген құжаттың тұжырымдамасында.
Жаңа заң аясында ақпарат құралдарын мемлекеттік қаржыландыруды реформалау ұсынылып отыр.
Министрліктің байламынша, соңғы жылдары мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді құру деген себеппен мемлекеттік ақпараттық тапсырысты мемлекеттік сатып алу жүйесінен кезең-кезеңімен шығару бағытында кешенді жұмыс жүргізілді. Бірақ ол оң нәтиже әкелмеді. Бәсекелестік жоқ жерді былық жайлайтыны белгілі. Орталық және жергілікті шенділер, ведомстволар еш тендер өткізбей, ақпараттық тапсырыс, ақпараттық ілгерілету мен пиар үшін миллиондаған бюджеттік қаржы бөліп, оны өздері қалаған блогерлерге, белгісіз бір фирмаларға ұстататынды шығарды.
Министрге, Үкіметке ұнаған ақпарат құралдары мемлекеттік ақпараттық тапсырыс майшелпегінің қомақты бөлігін иеленіп жүр.
Сондықтан соңғы 5 жылдағы мемлекеттік ақпараттық тапсырысты іске асырудың теріс тәжірибесін және жаңа заман талабын ескере отырып, саланы мемлекеттік қаржыландырудың жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттігі пісіп-жетілді. Министрлік проблеманы шешу үшін алда гранттық қаржыландыруға және субсидиялауға көшуді ұсынды.
Аталған өзгерістер мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырудың тиімділігін арттырады, сондай-ақ отандық БКҚ-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді деп болжануда. Сонымен бірге мемлекеттік гранттан қалыс қалған "бірқатар бәсекеге қабілетсіз ақпарат құралдары тарапынан сын артуы мүмкін" көрінеді.
Құжат журналистер ұйымдардың қызметін заңмен реттеуді қарастырады. Қазір Қазақстанда журналистер атынан сөйлейтін 30-дан астам қоғамдық бірлестіктер, қауымдастықтар, одақтар және БАҚ саласындағы өзге де коммерциялық емес ұйымдар бар. Оларға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы сараптамалық және қоғамдық кеңестер, "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қоры, "Қазақстан медиа альянсы" ҚБ, Қазақстандағы Internews Network өкілдігі, "Ұлттық медиа ассоциациясы" ЗТБ, "Құқықтық медиа-орталық" ҚҚ, "KazMediaNetwork" ҚБ, "Бас редакторлар клубы" ҚБ, "Орталық Азия жарнама қауымдастығы" ЗТБ және басқасы жатады.
Алайда министрлік оларға арналған жалпыға бірдей стандарттар жоқ деп алаңдайды. Сол себепті заң жобасы шеңберінде бұл проблеманы да шешпек. Салалық заңда БАҚ-тың өзін-өзі реттеу тетіктерін енгізеді.
Заң жобасында көп мәселе қаузалған. Тек жыл өткен сайын жағдайы нашарлап, жан-жақтан қыспаққа қалған журналистерді қорғаудың тегеурінді тетіктері пысықталмағаны қынжылтады. Бұлай жалғаса берсе, заң атауын "Мүскін-медиа туралы" деп атаса жөн болатын шығар.
Жанат Ардақ