Бақтияр Мәкен: Болашақта эмоцияға ерік бермеуге тырысамын

22810

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен атышулы кездесуде неге ауыр сөз айтқаны, белсенді аналарға баспананың кезексіз берілетін-берілмейтіні және басқасы жайында. 

Бақтияр Мәкен:  Болашақта эмоцияға ерік бермеуге тырысамын

– Көп балалы аналарға доқ көрсеттіңіз деп әлеуметтік желі шулап жатыр. Сіз жабық есік жағдайында өтетін халықпен барлық кездесулерде өзіңізді осылай ұстайсыз ба? 

– Эмоциялар болды, бірақ ол эмоциялар заң талаптарына қатысты болды деп ойлаймын. Нұр-Сұлтан қаласында 47 мыңдай адам баспана кезегінде тұр. Жалғызбасты аналар бар, зейнеткерлер бар. Оларды алдап, тек шулағандарға заңсыз үй бере алмаймын. Әрине, ол аналардың да қасіретін түсінеміз, олар да сұрағысы келеді. Бірақ мен заңсыз бере алмаймын ғой. Олардың талабы заңсыз екенін көріп отырсыз ғой.

Әлеуметтік желілерден байқап жүрген шығарсыздар, көптен алаңға шыға беруі де заңсыз.

– Сізді сонша ашындырған қай сөз?

– Мен оны айтқым келмейді. Ол жеке басыма тиісті. Бірақ мен ер адам, ол әйел адам болғаннан кейін, кешірім сұрадым. Себебі бұл менің ер азамат ретіндегі міндетім деп санаймын. Бастапқыда мен де шыдам танытып, оларды біраз тыңдадым. Алайда олар эмоцияға бой ұрып кеткендіктен, мен де сол әсерге беріліп кетсем керек.

Енді неше түрлі сөздер айтқанда, адамның шыдамы да таусылады ғой. Түсініңіздерші.

Бұл кісілермен де алдында кездескенбіз. Содан бері көп сөз жиналды.

Менің де анам бар, ол дүниеден өтіп кеткен. Мұның алдында да менің анама жаман-жаман, жағымсыз сөздер айтқаннан кейін, адамның төзімі таусылады. Бұл әр ер-азаматқа қиынға түседі.

– Мұныңыз мемлекеттік қызметші этикасына сай келеді деп ойлайсыз ба? Олай болмаса, кетуге тура келеді емес пе?

– Мемлекеттік қызметші этикасы дегенде, менің тарапымнан да кемшіліктер болды. Бұл халыққа қатты ренжігенім емес. Бұл – менің жұмысым. Әкімдікте отырғасын, жергілікті азаматтармен бірге жұмыс істеп, тиісті шараларды қабылдауға тиіспін. Ал бірақ тұрғындар заңсыздыққа баруды талап етсе, оны жасай алмаймын.

– Бейнероликте айтқан сөздеріңіздер қайтпайсыз ба сонда? Мысалы, "Ақорданың алдына барам десеңдер бара беріңдер" дедіңіз.

– Ақордаға қатысты ол адамның өзі айтып жатқаны ғой. Мен ондай сөздерімнен қайтпаймын деген жоқпын. Екі адам арасындағы ұрыстағы эмоция болды. Содан аузымнан шығып кеткен шығар.

Бірақ ондағы айтқандарым еліміздегі көпбалалы барлық аналарға қатысты емес. Жеке сол адаммен арамыздағы қарым-қатынасымыз. Барлық көпбалалы анаға кір келтіргім келмейді.

Видеодан өздеріңіз де байқадыңыздар ғой, мен оларды отырып, конструктивті түрде сөйлесуге, ақылдасуға шақырдым. Алайда жауап ретінде кейбірі бөтелке лақтырады. Бүкіл шенеунікке тиіседі. Оның алдында стакандарды лақтырды. Қолды да кесіп кеткені болды.

– Сіз бейнежазбада осы аналарға баспана әперу үшін демеушілермен келіссөздер жүргізіп жатқаныңызды айттыңыз. Демеушілер 47 мың адамға тегіс үй әпере алмайды. Сонда демеушілер тек осы белсенділерге ғана сатып әпере ме?

– Жоқ, мен демеушілер осы белсенділерге әпереді деген жоқпын. Дәл қазір баспанаға мұқтаж адамдар бар. Олар баспанасыз далада қалған. Соларға қатысты біз демеушілерден көмек сұраймыз. Ал мемлекет заңсыз бере алмайды. Оның үстіне мен бұл жұмысқа заң шығарушы биліктен келдім.

– АҚШ-та, дамыған елдерде өз эмоциясына ерік бере беретін шенеуніктерді шеттетіп, "эмоцияны басқару" курсынан өтуге жібереді. Сіз бұл жағдай қайталанбайды деп уәде ете аласыз ба?

– Болашақта эмоцияға ерік бермеуге тырысамын. Аналар талабын да ескеремін.

– Әкімдікке кіретін келушілердің барлығынан ұялы телефондарын тапсыру талап етіледі. Онда сізді масқаралайтын видеоны сонда кім түсірген?

–Білмеймін!

Жанат Ардақ  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу