Бұл бастама сала мамандары арасында ғана емес, қарапайым қазақстандықтар арасында да талқыға түсті. Себебі жыл басынан бері балалардың қаза табуымен аяқталған 15 өрт дерегі тіркелген. Қайғылы оқиғалардың денінде балалар үйде жалғыз болған. Заңгер Бағдат Амандосұлы омбудсмен айтқан ұсыныстың құқықтық негізіне талдау жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қолданыстағы заңнамада, атап айтқанда, "Неке және отбасы туралы" және "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" кодекстерде ата-аналардың балалар қауіпсіздігі үшін жауапкершілігі көрсетілген. Бірақ нақты жас мөлшері көрсетілмеген. Мәселене, "Неке және отбасы туралы" кодекстің 138-бабы ата-аналардың баланы тәрбиелеу және оның денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін жүктейді. ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес, баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау міндетін орындамау үшін ата-аналарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қолданыстағы заңдарда балаларды үйде жалғыз қалдыруға қатысты нақты жас мөлшері мен шарттары көрсетілмеген. Мұндай заңнамалық олқылықтар осы бастаманы көтеруге негіз болуы әбден мүмкін", – деді заңгер Бағдат Амандосұлы редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.
Заңгер Конституцияның 27-бабына сай мемлекеттің балаларды қорғауға ерекше назар аударатыны көрсетілгенін айтты. Бұл ұсыныс осы ұстанымға сәйкес келеді, себебі ол балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
"Бірақ Конституция ата-аналарға өз балаларына тәлім-тәрбие беру мен қамқорлық жасау құқығын береді. Тиісті ұсыныс ата-аналардың күнделікті өмірін қиындатуы мүмкін, әсіресе оның жалғызбасты немесе жұмысбасты ата-аналарға әсері бар. Құқықтық тұрғыдан алғанда, ұсыныс балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ниетімен әділ болып көрінгенімен, ол ата-аналардың құқықтары мен мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін. Сондықтан бұл тепе-теңдікті қамтамасыз ететін қосымша тетіктері енгізген жөн", – деді ол.
Сарапшыдан омбудсмен айтқан ұсыныстың жалғызбасты ата-аналарға әсері қандай болуы мүмкін деп нақтыладық.
"Егер бұл тыйым заңды түрде бекітілсе, жалғызбасты ата-аналар үшін қосымша қиындықтар туындайды. Олардың көбі жұмысқа бару немесе басқа қажеттіліктер үшін балаларын жалғыз қалдыруға мәжбүр. Заңды іске асыру үшін бірқатар қолдау шаралары қарастырылуы керек. Мәселен, балаларды уақытша қарау орталықтарын ашу, аз қамтылған немесе жалғызбасты ата-аналарға қаржылық көмек көрсету және балаларды қадағалайтын қызметтердің жұмысын күшейту", – деді спикер.
Бағдат Амандосұлы құқық қорғау органдарының балаларды үйде жалғыз қалдыру жағдайларын анықтауы қиын болуы мүмкін екенін де айтады. Ол нақты қадағалау және ескерту жүйесі қажет екенін атап өтті.
Әлемде бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
Жалпы әлемдік тәжірибеде балаларды жалғыз қалдыру мәселесі заңнамалық тұрғыда реттелген деуге келеді.
"Ұлыбританияда балаларды "қамқорлықсыз қалдыру" заңсыз болып саналады, алайда нақты жас мөлшері көрсетілмеген. АҚШ-та штаттар арасында айырмашылық бар. Мысалы, Иллинойс штатында балаларды 14 жасқа дейін жалғыз қалдыруға тыйым салынған. Германияда 6 жасқа дейінгі балаларды жалғыз қалдыруға тыйым салынғанымен, ал 7-10 жас аралығында қысқа уақытқа ғана рұқсат етіледі. Бұл тәжірибе Қазақстанға ең қолайлы шешімдерді әзірлеуде маңызды рөл атқаруы мүмкін. Мысалы, 12 жас орнына 6-10 жас аралығын таңдау ұсынысты тиімдірек ете алады", – деді заңгер.
Бағдат Амандосұлы 12 жасқа дейінгі балаларды үйде жалғыз қалдыруға тыйым салу ұсынысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама екенін айтады.
"Бірақ оны заңнамалық тұрғыдан бекіту кезінде құқықтық тепе-теңдікті сақтау, ата-аналарға жүктемені азайту және мемлекеттік қолдау шараларын енгізу қажеттілігі туындайды. Құқықтық талдау бұл ұсыныстың қоғамда тиімді орындалуына және әлеуметтік әділеттілікке жол ашатынын көрсетеді", – деді сарапшы.