Баланың оқу үлгерімін қалай жақсартуға болады?

4611

Елордада психолог, логопед, ойын терапевті, эрготерапевт және ата-аналардың қатысуымен networking кездесу өтті. Жиында мамандар балалармен ойнау неге маңызды екенін, ойындар баланың оқу үлгеріміне қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Баланың оқу үлгерімін қалай жақсартуға болады?

Әлия Тілемесова – көпбаланы ана. Ол networking кездесуге мамандардан кеңес алу үшін келіпті.

"Ақылды бала" сөйлеу қабілетін қалыптастыру және түзету орталығына 4 жасар Адель есімді қызымды әкелемін. Ол – үйдің кенжесі, алтыншы бала. Қызымның тілі кеш шықты. 2 жасар бүлдіршіннің сөздік қорында 80 сөз болуы керек, ал бүгінде қызым 30 сөз біледі. Сондықтан бізге білікті мамандардың кеңесі керек", - деді ана.

Бұл мәселеге қатысты ТРИЗ-педагог, психолог, кәсіби коуч Айсәуле Жоланбаева пікір білдірді.

"Бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі – бала тілінің кеш шығуы. Менің ойымша, аталған проблеманы интеллектум ойындары арқылы шешуге болады. Біріншіден, олар ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтады. Екіншіден, ойын барысында баланың тілі тез шығады. Ол ойнап отырып, байқамай сөздерді айтуы мүмкін. Осылайша, бала сөйлеп үйренеді", - деді психолог.

Оның пікірінше, балалар ойындар арқылы оқу үлгерімін жақсартып, өмірлік дағдыларға ие болады.

"Бүгін біз кездесуде түрлі ойындармен танысып жатырмыз. Оларды  балалар да, ересектер де ойнай алады. Олар не үшін қажет? Біріншіден, балалар бұл ойындарды ойнау арқылы өмірлік дағдыларға ие болады. Екіншіден, олар 3 қабылдау арнасын (визиуал, аудиал, кинестетик) дамыту арқылы оқу үлгерімін жақсарта алады. Үшіншіден, ойын барысында балалардың қай пәнге бейімі бар екенін анықтауға болады. Төртіншіден, олар өз уақытын жоспарлауды, тиімді пайдалануды үйренеді", - деді Айсәуле Жоланбаева.

Интеллектум ойындарының өкілі Нұрлан Жалғасбаевтың айтуынша, аталған ойындар баланың бойындағы қабілетті байқауға мүмкіндік береді.

"Танграм" ойыны сізді тапқыр болуға үйретеді, ал "Архитектор" ойынында сіз дизайнер, программист сияқты ойлауыңыз керек. Осылайша, ойындар баланың қай салаға бейімі бар екенін анықтауға, әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, америкалық ағайынды Райттарды алайық. Олар ұшақтың конструкциясын жасаған. Қалай? Әкесі оларға іссапардан келгенде ағаштан жасалған "божья коровка" деген ойыншық алып келген. Бір күні Уилбер мен Орвилл онымен ойнап отырып, сындырып алады. Әкесі балаларына қатты ашуланады. Кейін олар ойыншықтың ішінде не барын көргісі келеді. Осылайша, ағайынды Райттардың физикаға деген қызығушылығы оянады", - деді Нұрлан Жалғасбаев.

Сонымен қатар педагог–психолог, эрготерапевт Гүлнәр Толқынбаева networking кездесу арқылы ата-анамен балалардың арасындағы байланысты нығайтқысы келгенін жеткізді.

"Коронавирус пандемиясы кезінде барлығымызда бір үрей пайда болды, бір-бірімізден алшақтап кеткен сияқтымыз. Сондықтан ата-ана мен баланың арасындағы байланысты нығайтқым келді. Кездесуде негізгі құрал ретінде логикалық ойындарды пайдаландық. Олар өзара байланысты нығайтып қана қоймай, балалардың ойлау қабілетін дамытады", - деді маман.

Осы орайда эрготерапевт ата-аналарға кеңес берді.

"Бүгінде бірінші тоқсан аяқталуға жақын. Құдай қаласа, 30 қазаннан 10 қарашаға дейін балалар үйде отырады. Осы уақытта ата-аналардың балаларына уақыт бөлгенін қалаймын. Олармен бірге логикалық ойын ойнаңыздар, сөйлесіңіздер. Ойындар баланың ойлау қабілетін дамытып, отбасындағы байланысты нығайта түседі", - деп түйіндеді сөзін Гүлнәр Толқынбаева.

Айта кетейік, осыған дейін маман баланың тілі неге кеш шығатынын түсірдірген еді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу