Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Қаржы технологиясы және инновация секторының директоры Константин Пак банк картасын қалай қауіпсіз пайдалануға болатынын, даяшыға неге картаны бермеу керегін inbusiness.kz тілшісіне берген сұқбатында айтты.
Оның айтуынша, банк карталары жергілікті, халықаралық, дебеттік, кредиттік, виртуалды және физикалық деп бөлінеді. Осы орайда маман қазақстандықтар жиі пайдаланатын дебеттік және кредиттік карталардың негізгі ерекшелігіне тоқталды.
"Дебеттік картада сіз ақшаңызды сақтайсыз және оны жұмсайсыз. Ал кредит картасында сіз банктің ақшасын пайдаланасыз және оны пайызбен қайтаруыңыз керек. Дебеттік карта – қарапайым өнім. Оның негізгі ерекшелігіне жылдық қызмет көрсету бағасы, ақша және төлем үшін алынатын комиссия, кешбэк (cashback) мөлшері кіреді. Кредит картасында пайыз бен несиеге қызмет көрсету үшін алынатын комиссия, ай сайынғы ең төменгі төлем, грейс кезеңі (пайыз есептелмейтін уақыт) негізгі ерекшелік болып саналады", – деді ол.
Константин Пак шетелде кредит картасы жиі пайдаланатынын, ал дебеттік карта барлық жерде қабылдана бермейтінін атап өтті.
Пайдаланушылар жиі жіберетін қателіктер
Маман төлем картасы тұрғындарға интернет арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретінін, мұндай жағдайда картаның реквизиттері: нөмірі, берілген күні, құпия код (CVC/CVV - картаның артқы немесе алдыңғы жағындағы 3-4 таңба) пайдаланатынын айтты. Пактың пікірінше, банк картасының құпия кодын (CVC/CVV) ешкімге айтпаған жөн.
"Көптеген пайдаланушы банк картасының нөмірін өзгелерге айтып жатады немесе оның суретін мессенджерлерде жүктейді. Бұл олардың қатысуынсыз төлем жасауға мүмкіндік береді. Мұндайға жол бермес үшін 3D Secure жүйесі қолданылады. Ол транзакцияны растау үшін қосымша кодты растауды талап етеді. Код көбінесе SMS хабарламасы арқылы жіберіледі. Бірақ мұндай жүйені барлық банк пен саудагер пайдалана бермейтінін ескерген жөн", - дейді Қаржы технологиясы және инновация секторының директоры.
Банкоматқа арнайы құрал орнатылуы мүмкін
Константин Пак қазақстандықтарға банкоматтан ақша алған кезде сақ болуға кеңес береді. Себебі онда алаяқтар арнайы құрал – скиммерді орнатуы мүмкін.
"Ол банк картасындағы мәліметті "оқуы", сіздің PIN-кодыңызды суретке түсіріп алуы мүмкін. Кейін алаяқтар осы мәліметтердің негізінде картаның көшірмесін жасауы ықтимал. Қазақстандағы банкоматтардың басым бөлігі мұндай шабуылдан қорғалған. Онда арнайы бағдарлама орнату мүмкін емес. Алайда банкоматтағы карта қабылдағышы стандартты болмаса, PIN-кодты түсіру үшін банкомат пернетақтасына (клавиатура) бағытталған камераларды көрсеңіз, сақ болыңыз", - дейді маман.
Сондай-ақ директор шетелдегі банкоматты пайдаланған кезде сақ болу керегін жеткізді. Себебі, туристер жиі баратын елдерде алаяқтықтың бұл түрі жиі кездеседі.
Мобильді қосымшаны пайдалану қауіпсіз бе?
Оның айтуынша, банктің мобильді қосымшаны пайдалану кезінде қауіп бар.
"Сіз ұялы телефоныңыз арқылы сенімді банк қосымшасын пайдалансаңыз, мұндай мәселе туындамауы да мүмкін. Алайда деректері ұрланған телефон арқылы қосымшаны пайдалансаңыз, оны ресми дүкеннен (Appstore немесе GooglePlay) емес, сенімсіз дереккөзден жүктесеңіз, деректеріңіз ұрлануы мүмкін. Сондықтан әлемге танымал бағдарлама әзірлеушілердің ғана қосымшасын пайланаңыз. Оны тек ресми дүкендерден (Appstore немесе GooglePlay) жүктеңіз", - деді Константин Пак.
"Даяшыға банк картасын бермеңіз"
Маман банк картасын кассирге немесе даяшыға (официант) бермеу керегін жеткізді.
"Себебі, мұндай жолмен жасалатын алаяқтықтың бірнеше түрі бар.
Мысалы, магниттік жолақты көшіріп алу немесе картаның нөмірі мен CVV-ді пайдалану. Сіздің рұқсатыңызсыз даяшы деректерді жазып алуы мүмкін. Сондықтан банк картасын бөтен адамға бермеңіз және байланыссыз төлім әдісін пайдаланыңыз", - деді ол.
"Пайдаланбайтын картаны жауып тастаңыз"
Константин Пак қазақстандықтарға пайдаланбайтын картаны неге жауып тастау керегін түсіндірді.
"Пайдаланбайтын банк карталарын жауып тастау қажет. Біріншіден, оны сіз пайдаланбаған кезде ондағы тарифтік жоспардың өзгеруі, әрі сізге жылдық немесе ай сайынғы қызмет үшін күтпеген комиссия тағайындалуы мүмкін. Екіншіден, банк картасының деректері алаяқтардың қолына түсіп, төлем жүргізілуі ықтимал. Ал кейбір жағдайда картада ақша болмаса да төлем жүргізіледі. Мұндай жағдайға сізге овердрафт (overdraft – өте жоғары пайызбен берілетін кредит) беріледі", - дейді маман.
Банк картасын тауып алғанда не істеу керек?
Сонымен қатар директор банк картасын тауып алғанда оны банкке немесе иесіне қайтарып беру маңызды екенін атап өтті.
"Біріншіден, картаны шығарған банкке хабарласыңыз. Ондағы маман сізге не істеу керегін айтады. Әдетте банк картасында call-орталықтың нөмірі жазылады. Екіншіден, әлеуметтік желілерде банк картасының суретін жариялап, оның иесін іздеп жатқаныңызды жазыңыз. Алайда картадағы нөмірді және CVV код-ты көрсетпеңіз. Картаның иесі табылса, оның құжатын тексеруді ұмытпаңыз. Тауып алған картаны туыстарыңызға, таныстарыңызға және басқа адамдарға бермеңіз. Себебі, одан ақша ұрланса, сіз де күдікті болуыңыз мүмкін", - деп түйіндеді сөзін Константин Пак.