Аннуитеттің алтын кілті қай мамандық иелерінің қолында?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
57875

Қазақстанда біраз адам зейнеткерлікке ерте шығып, 50-55 жаста-ақ зейнеткер атану мүмкіндігіне ие.

Аннуитеттің алтын кілті қай мамандық иелерінің қолында?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, заң бойынша қазіргі кезде зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтардың зейнетке ерте шығу шаралары қарастырылған.

Сонымен бірге, мұндай мүмкіндік барлық қазақстандықтарда да бар. Бірақ ол үшін адамның жалақысы не өте үлкен болуға тиіс немесе ол өз бетінше зейнетақы жинағына мол ақша аударып тұруы қажет.

"Егер жұмыскердің өзінің 1998 жылдан аударатын міндетті зейнетақы жарнасының сомасы немесе жұмыс берушілерінің 2014 жылдан жасайтын жарнасы, сондай-ақ, мысалы, кәсіпкер ретінде ерікті зейнетақы аударымдарының сомасы зейнетақы аннуитетін сатып алуға жеткілікті болса, онда ол азамат зейнетке 50 жасында шыға алады", – деді вице-министр.

Бұл үшін 2017 жылдың 1 шілдесі жағдайындағы талап бойынша ер адамның зейнетақы жинағында 8 миллион 900 мың, ал әйел адамның жинағында – 12 миллион 477 мың теңге жиналуы міндет.

Сарапшылардың түсіндіруінше, бұл ретте нәзік болмыс иелері жинауға тиіс зейнетақы жинағы сомасының ер кіндіктілерден көп болуына орташа алғанда, зейнеткерлікке шыққаннан кейін әйелдердің еркектерге қарағанда ұзақ өмір сүруі ықпал етеді екен. Яғни, бұл есептеме жалпы демографиялық статистикаға негізделген.

Оның үстіне әйелдер 50 жастан, ал ерлер тек 55 жастан бастап, мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шыға алады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) дерегіне қарағанда, ерте жаста зейнеткерлікке шығу құқығын зиянды еңбек жағдайындағы 640 адам пайдаланыпты. Ресми мәлімет бойынша 2019 жылға қарай тағы 1000 қазақстандық аннуитетті сатып алуға керекті жинаққа ие болады.

Бұл мәселе бойынша "Мемлекеттік аннуитеттік компания" өмірді сақтандыру компаниясы" АҚ-ның басқарма төрағасы Ғалым Амерходжаевтың да пікірін білдік.

"Одан әрі жұмыс жасағысы келмейтін Қазақстан азаматы мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шыға ала ма? Теориялық тұрғыдан алғанда, заң бойынша бұл оның зейнеткерлікке шығуына себеп бола алмайды. Алайда іс жүзінде егер ол БЖЗҚ-да белгіленген көлемде жинақ жинаса, ол жинағын сақтандыру қорына аударып, аннуитет алып, бүгіннен бастап жұмыс жасамай-ақ табыс ала бастауына болады. Бірден айталық, қазақстандықтардың басым көпшілігі бұлай жасай алмайды, себебі, елу жасқа дейін зейнетақы жинағында сонша қаржы жинақталмайды. Қалай болғанда, аталған аударма жүйесін пайдалана алатын азаматтардың белгілі бір санаты бар. Олар заңмен белгіленген зейнеткерлік жасын күтпей-ақ, зейнетақы жинақтарының қызығын қазірден көруіне жол ашық", – дейді басқарма төрағасы.

Оның айтуынша, БЖЗҚ-да осынша соманы жинақтай алса, қандай жұмыс атқаратынына қарамастан, ол адам жинағын БЖЗҚ-дан өмірді сақтандырушы компанияға аудара алады. Содан кейін ол компания зейнетақы аннуитеті ретінде оған өмір бойы төлем төлеп тұруға міндетті.  

"Тек біздің компанияда қазірдің өзінде шамамен 1700 адам осы жолмен ерте жастан зейнетақы алуда. Ол адамдардың көбісі жоғары лауазымдарды атқарған тұлғалар. Араларында кеңес-консалтинг саласының, қаржы секторының мамандары, мұнайшылар, банк қызметкерлері, спортшылар бар", – деп мәлім етті Ғалым Амерходжаев.

Өзгелерге заңмен белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуді күтуге тура келеді.        

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова бұл күтудің лайықты марапатталатынына сенімді. Себебі, Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі зейнеткерлердің зейнетақысын жыл сайын көтеріп отырған санаулы елдердің бірі. Тіпті осы аймақтың алпауыты саналған, бірақ қазір санкциялардан сансыраған көрші Ресей зейнетақыны индексациялаудан бас тартты.

"Бүгінде бізде екі миллион қазақстандық зейнеткер өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскен зейнетақы алып үлгерді. Ал келесі жылдан бастап, 460 мың мүгедек үшін жәрдемақы инфляцияға қатысты жыл сайынғы индексациядан тыс, 16%-ға өседі. Жекелеген азаматтар санатына жәрдемақыны өсіруден бөлек, әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғыртуды және де көбінесе жария айтыла қоймайтын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегушілер, сотталып келгендер, белгілі бір тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғалар сынды топтармен жан-жақты жұмыс істеуді жөн көріп отырмыз", – деді вице-министр. 

Оның айтуынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы мөлшері 14 466 теңгені, ең төменгі зейнетақы 31 245 теңгені құрады. 2017 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша базалық зейнетақы алушылар саны 2 116 609 адамды, ынтымақты зейнетақыны алушылар қатары 2 099 638 адамды межеледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа тәсілін түсіндіруге жанталасуда. Әйтпесе, кейбір сарапшылар "зейнетақы төмендейді" деп қате ұғынып, халықты үркітуде екен.

"Қазіргі зейнетақы төлемдерін тағайындау тәсілі болса, жұмыспен қамтудың қағаз жүзіндегі түріне итермелейтіндіктен, әрі қарай барлық зейнетақы түрінің мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімі мен азаматтардың жинаған қаржысына байланысты болады. Қазіргі уақытта зейнетақы зейнет жасына жеткендерге бәріне бірдей еңбек өтілін және зейнетақы жинағын қалыптастыруға қатысуды ескерусіз тағайындалады. Келесі жылдан зейнетақы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай берілетіні көзделуде. Осы орайда 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы аударымдарының түсу аралығы ғана есептілініп қоймай, 1998 жылға дейінгі де еңбек өтілі назарға алынатыны болжануда", – деді Светлана Жақыпова.    

Оның сендіруінше, мұндай әдіс, 30-40 жыл еңбек өтілі болса да, төмен зейнетақы алып отырған адамдарға қатысты әділдік орнатпақ.

"1998 жылға дейінгі 33 жылдан асатын өтілі бар тұлғаларға базалық зейнетақы ағымдағы көлемімен салыстырғанда екі есеге көбейеді. Егер бұл сома қазір 12 мың теңгені көрсетсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен зейнеткерлердің аталған тобы ынтымақты және жинақтаушы зейнетақыға қоса, 28 мың теңгені иемденетін болады", – деді еңбек вице-министрі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2018 жылдың 1 шілдесінен 2,1 млн зейнеткер үшін базалық зейнетақы 1,8 есеге жоғарылайды: нәтижесінде "44,7%-ы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 74%-ға көп, 45,2%-ы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100%-ға көп алатын болады".

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу