Банктен кредит алғандарды сақтандырушылар алдап кетуде

2659

"SMS хабарландыруымызға 40 мың теңгеден төлеп тұрасыз!" Несиеге жүгінгендерге банктер мен сақтандыру компаниялары қажетсіз, тым қымбат қызметтерін мәжбүрлеп таңуын тыяр емес.

Банктен кредит алғандарды сақтандырушылар алдап кетуде

Мәдина Әбілқасымованың командасы сақтандыру компанияларының тез қарқынмен байығанына мәз болуда. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, 2022 жылғы шілде айының қорытындысында сақтандыру ұйымдарының активтері 2 трлн теңгеге дейін жетті.

Салыстырсақ, бұрын 1 триллионға әзер жететін. 2022 жылдың басынан бері олардың байлығы 9,6%-ға өсіпті.

2022 жылғы тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанның сақтандыру секторында 27 сақтандыру ұйымы бар, оның 9-ы ең табысты қызметпен – өмірді сақтандырумен ғана айналысады. Сақтандыру ұйымдары активінің көбін қарыз алуға мәжбүр азаматтарды сақтандыру құрайды.

Олардың міндеттемелері 2022 жылғы шілдеде 1,3 трлн теңгеге жетті. 2022 жылдың басынан 15,1%-ға ұлғайды. Қазіргі дағдарысты жағдайда экономиканың өзге салалары үшін бұл түске кірмес ғаламат өсім саналады.

Сақтандыру ұйымдарының төл, меншікті капиталы 2022 жылғы шілдеде 1,5%-ға немесе 11,1 млрд теңгеге ұлғайды және сақтандыру қызметінен түскен пайданың есебінен 752 млрд теңге болды.

Күйзеліс қысқан сайын қарыз алып, борышқа бататындар көбейетіні мәлім. Яғни халық кедейленген сайын бұл ұйымдар тек байиды. Соның дәлеліндей, биылғы шілде айында ғана жеке және заңды тұлғалар 1 211 739 сақтандыру шартын рәсімдеген. Бұл 2022 жылғы маусымдағыдан 1,7%-ға көп. Ал тек 2022 жылдың басынан бері қарапайым азаматтар мен кәсіпкер-компаниялар 7 039 453 сақтандыру шартын бекіткен. Бұл да басқа салалар үшін арман. Мысалы, елде жыл басынан бері осынша пәтер сатылса, жылжымайтын мүлік нарығы ғаламат қарқынмен өркендейтін еді.

Жалпы алғанда, сақтандыру нарығының биылғы 8 айдағы өсімі 9,3%-дан асты. Яғни әлемдегі дағдарыс пен геосаяси дауыл жағдайында осы нарық өзін өте жақсы сезінетіні байқалады. Зұлмат кезінде ауқат жиятындар нағыз осылар.

Сақтандыруға тек ипотека не кредит алғандар ғана жүгінбейді, олардың "сауынды сиырлары" көп. Атап айтқанда, биылғы негізгі өсім ауырған жағдайда сақтандыру бойынша жасалған сақтандыру шарттарының (176 658 шарт немесе былтырғы 8 айдан 56,8%-ға артық), көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша шарттарының (175 219 шарт немесе 5,6%) және туристі сақтандыру бойынша (138 555 шарт немесе 47,1%) шарттарының үлесіне келеді.

"Алаған қолым береген" деген мәтелді сақтандырушылар жек көреді. Ақшаны алғанға жомарт олар кері қайтаратын уақыт келгенде шығайбайдан асып түседі. Мұны қаржылық реттеушінің дерегі растады.

Мысалы, сақтандыру шарттары бойынша олар азаматтардан және кәсіпорын-компаниялардан 2022 жылдың 7 айында ғана 461 миллиард теңге сақтандыру сыйлықақыларын жинаған. Бұл 2021 жылғы тиісті кезеңдегіден 7,8%-ға немесе 33 млрд теңгеге жоғары. Сақтандыру сыйлықақылары өсуінің негізгі драйверлері міндетті сақтандыру және ерікті мүліктік сақтандыру болып табылады.

СК-лар тек бір айда (шілдеде) 65,9 миллиард теңге жинады. Енді салыстырыңыз, 2022 жылдың басынан бері заңды және жеке тұлғаларға небәрі 93 млрд теңге сақтандыру төлемін төлеген.

Агенттік сақтандыру компанияларының 2022 жылдың басынан барлығы 493 894 төлем жасағанын хабарлады.

Қынжылтатыны сол, тіпті төлем алған азаматтардың көбі соған қанағаттана қоймайды. Шымкент тұрғыны Сәкен Аралбаев өткен жылдың соңында Сбербанкте онлайн-кредит рәсімдепті. Оның аясында 60 айға 2 миллион теңге қарыз алды. Бірақ ол соманың үлкен бөлігі сол бойы қолына тимеген.

"Несие алу үшін өмірімді және еңбекке қабілеттілігімді "Nomad life" сақтандыру компаниясында мерзімді сақтандыру бойынша келісімшарт бекітілді. Сақтандыру сомасы 160 мың теңгені құрады. Ол кредит құрамына қосылды, яғни менің қолыма берілген сомадан осы 160 мың теңге шегерілді. Биылғы мамырда кредитті мерзімінен бұрын өтеп тастадым. Жалпы саны 7 ай ғана пайдаландым. Осыдан кейін сақтандыру компаниясына жүгініп, пайдаланылмаған мерзім үшін сақтандыру сомасын қайтаруды сұрадым. Пайдаланылмаған 53 ай үшін шамамен 141 мыңнан астам қаржыны қайтаруға міндетті. Ал сақтандыру компаниясының қызметкері келісімшартқа сәйкес, сақтандыру сомасының тек 10%-ын ғана қайтаратындарын мәлімдеді. Осынысы енді әділетті ме?", – дейді Сәкен.

Мұндай әділетсіздікке шағымданғандар көп. Бір жыл ішінде 60 мыңнан астам шағым түскен. Алайда сала Әділетті Қазақстанға ескі былықтарынан арылмаған күйде аяқ басып отыр.

"Сақтандыру компаниялары да, олармен ымыралас банктер де азаматтардың қиын жағдайда қалғанын, бәрібір тырп ете алмайтынын біліп, осындай қолайсыз, тиімсіз келісімшарт әзірлейді. Құзырлы органдарға шағымдансаң, келісім тараптардың келісуімен бекітілетініне, егер қандай да бір пункті ұнамаса, клиент оны өзгертуді талап ете алатынына сілтейді. Бірақ банктер келісімшартты заң бөлімі бекіткенін, стандартты екенін, клиент оған сол күйде қол қоймаса, несие берілмейтінін айтып табандайды. Осындай ауыр таңдау қойылған соң, адамдар амалсыз өзіне зиян шартқа қол қояды. Бұл жерде азаматтардың конституциялық құқығы аяққа тапталуда. Ал Қаржы нарығын реттеу агенттігі әрекетсіз отыр. Әрі кетсе, көбіне ұйғарым жолдаумен шектеледі", – дейді заңгер, оқытушы Аслан Төребаев.

Оның айтуынша, азаматтар сақтандыру компанияларымен жеке-жеке соттасып, дауласып, жағдайды өзгерте алмайды. Қаржылық реттеушінің өзі араласып, ойын ережелеріне, НҚА-ларға өзгеріс енгізуі қажет.

Ринат Жәудітұлы биылғы 8 тамызда "Еуразиялық банктен" 3,3 миллион теңге тұтынушылық кредит рәсімдеді.

"Банкте ашқан карталық есепшотыма 3 млн 300 мың теңге қаржы түсті. Бірақ банк маған қосымша қызметтерін таңды. Біріншіден, банкпен ымыралас сақтандыру ұйымының кешенді сақтандыруына – 594 мың теңге, SMS-хабарландыруға – 39 900 теңге, онлайн-емханаға – 39 900 теңге шығын шығаруға тиіспін. Келісімшартқа қол қою кезінде банк қызметкері егер негізгі қарызымды мерзімінен бұрын толық өтесем, банк шығындарға қайта есептеу жүргізетініне сендірді. Алайда банк маманы мені алдағаны кейін белгілі болды. Салдарынан мен жүздеген мың ақшамнан айырылып отырмын", – дейді шағым иесі.

Ол қаржылық тұйықтан шығып, 31 тамызда, яғни бір ай өтпей жатып, алған 3,3 миллион теңге негізгі борышын толық жабу үшін банкке барады. Бұл ретте банк менеджері ол сомадан жоғарыда аталған сақтандыру сомасын және басқа шығындарын алып тастаған. Сондай-ақ 83 мың теңгеден астам банк сыйақысын қосқан.

"Бұл сыйақы 3,3 миллион кредиттен емес, 3 млн 974 мың теңгеден есептеліпті. Мен ерте өтесем, қосымша қызметтер алып тасталатыны уәде етілгенін еске салдым. Банк қызметкері ол қосымша қызметтерді банктің өзі көрсетпейтінін алға тартты, кім көрсетсе, солардан өндіріп алыңыз дейді. Келісімшарт бекіткенде, соның бәрін банк ұсынды, енді оларды өндіртумен неге мен айналысуым керек? Шарасыздан, 2022 жылғы 1 қыркүйекте ақшамды қайтару үшін "Еуразия" сақтандыру компаниясына хат жазып, жүгіндім. Өйткені несие мерзімінен бұрын өтелгендіктен сақтандыру жағдайы туындамады ғой. Әйткенмен, сақтандырушылардың жауабына жаға ұстадым. 594 мың теңгенің тек 259 мың теңгесін ғана қайтаратынын мәлімдеді. Яғни 23 күн ішінде, жоқ жерден 334 мыңнан астам ақшамды жоғалтып отырмын. Бұлар өздеріне сыйақыны әділетсіз есептейді деп санаймын", – деді Ринат.

Ол қазір әділдік іздеп, сақтандыру сомасын толық көлемде қайтаруда көмек сұрап, құзырлы органдарды адақтап жүр.

Осылайша, биліктің көз алдында сақтандыру компаниялары қарыз алуға мұқтаж күйге жеткен жалпақ жұртты жаңылыстырып, әділетсіздікті өрістетіп жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу