Банктер компаниялардың тек шағын тобына ірі несие беретіні анықталды

3756

Ұлттық банк дабыл қағып отыр. 

Банктер компаниялардың тек шағын тобына ірі несие беретіні анықталды Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда корпоративтік секторға берілген "күдікті кредиттердің" 71%-ы небәрі 25 заемшының қолына шоғырланған.

Бұл туралы монетарлық реттеушінің 2023 жыл қорытындысына арнап, жаңа ғана жариялап отырған "Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы есебінде" айтылған.

Еске сала кетсек, қанды қаңтар оқиғаларынан кейін, 2022 жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Президент елімізде арзан несиелендірудің бүкіл игілігін компаниялардың аз ғана тобы көріп отырғанын жариялаған болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, қаржылық-олигархтық топтар басты пайданы иеленушілерге (ключевые выгодоприобретатели) айналды. Өз кезегінде олигархтар экономикада олигополиясын орнатып, еркін нарықтың дамуына тежеу салды, бәсекелестерін басып-жаншып, елдің әлемдегі бәсекеге қабілеттігін құлдыратты.

"Қалыптасқан жүйе "барлығы – достарыма, басқаларға – заң бойынша" қағидатымен ірі құрылымдарға қызмет етуге бағдарланған. Бұл жүйе экономикадағы олигополияны одан сайын күшейтеді. Ірі кәсіпорындар ерекше артықшылықтарға ие және олар бәсекелестікті басып тастап, реформалар жүргізуге кедергі келтіреді. Мысалы, Қазақстанның даму Банкі қаржылық-өнеркәсіптік және құрылыс топтарын ұсынатын тұлғалардың таңдаулы тобының жеке банкіне айналып кетті. Олардың фамилияларына дейін білемін! Жоғарғы кабинеттерге еркін кіретін олар өз жобаларын қаржыландыруда привилегиялы шарттарға қол жеткізеді", – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, банктер ірі заемдарды сол бұрынғыдай қарыз алушылардың тек аз шоғырына ғана беруін жалғастырды. Бұл аз болғандай, оларға баяғыдай артықшылық-привилегия ұсынады. Шағын және орта бизнеске айтатындай, "дереу өтеуге кіріс!" деп тықақтамай, жұмсақтық танытып, олигархтардың өз несиесін кейін, кешіктіріп өтеуіне (отсрочка) мүмкіндік береді.

ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменовтің командасы корпоративтік портфельге қатысты қауіптерін жеткізді. Бұл портфель тек заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге берілген заемдардан тұрады.

Ведомствоның дерегінше, 2023 жыл қорытындысында "күмәнді қарыздардың, сол сияқты жұмыс істемейтін қарыздардың азаюы" есебінен банктердің корпоративтік несие портфелінің сапасы жақсарды. Бұл портфельдегі проблемалық қарыздар үлесінің төмендеуі бизнестің барлық субъектісі бөлінісінде байқалады. Бірақ ҰБ-ның "жақсы жаңалығы" осымен таусылған сыңайлы.

Өйткені біріншіден, корпоративтік портфель ішінде шағын және орта бизнестің несие портфелінің сапасы мейлінше төмен болып шықты. Бұл ұсақтау бизнестің бүгінде дағдарысты бастан өткеріп жатқанынан хабар берсе керек.

Екіншіден, банк жүйесінің корпоративтік портфелінің проблемалық қарыздарын провизиялау коэффициенті артты. Бұл не деген сөз? Тәуелсіз аналитик Александр Юриннің түсіндіруінше, бұл – берілген банктік кредиттердің сапасының нашарлағанын білдіреді.

"Қарыздың сапасы оның құнына тікелей әсер етеді. Қарыз алушының кредитті толық көлемде қайтармау қаупі неғұрлым жоғары болса, банктің балансында көрініс табатын сол несиенің бағасы да соғұрлым төмен болады. Қарыздың қайтпайтынына қатысты күмән болса, банк провизия, қор құрады. Оның көлемі ықтимал залалдың бағасына байланысты болады. Провизиялар банктің капиталында залал (убытки) ретінде көрсетіледі", – деді сарапшы.

Басқаша айтқанда, банктердің клиенттері, мына жағдайда – бизнес субъектілері дефолтқа ұшыраса, провизия коэффициенті де артады, банк секторының шығындары да көбейеді. "Ескі Қазақстанда" несиені оңды-солды таратқан банкирлер талай банкті жарға жықты, мемлекет оларды құтқаруға мәжбүр болып, бюджеттен триллиондаған теңге қаржыны ұстатты. Сол жағдай қайталанбасына кепіл жоқ көрінеді.

Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанда жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен (резервтермен) өтеу 4 пайыздық тармаққа, яғни, 86,6%-ға дейін өсті.

Бұл аз болса, ІІ-санатты күмәнді қарыздар бойынша ықтимал шығындарға арналған резервтердің ұлғаюы салдарынан күмәнді қарыздарды провизиялау коэффициенті де кейінгі бір жыл ішінде 1 пайыздық тармаққа өсіп, 13,1%-ға жетті.

"Банктер сол бұрынғыдай қарыз алушылардың аз ғана тобына ірі қарыздар беруді жалғастыруда. Бұл ретте ол несиелер негізгі борыш бойынша да, сондай-ақ сыйақы бойынша да төлемдерді барынша кешірек кезеңге кейінге қалдыру мүмкіндігімен ұсынылуда. Кредиттің корпоративтік қарыз алушылардың шектеулі тобында шоғырлануы біртіндеп азаюда, бірақ әлі де жоғары болып қалды. Үлесі – 41%. Мәселен, 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша корпоративтік портфельдегі күмәнді қарыздардың негізгі көлемі – 71%-ы банктердің ең ірі 25 қарыз алушысының қолында ғана шоғырланды", – деп алаңдайды Ұлттық банк.

Алаңдаған жақсы, бірақ пәрменді тойтарыс пен тосқауыл қайда? Ол туралы есепте ләм-мим демеген. Сарапшылардың көңіліне маза салған мәселелер мұнымен бітпейді.

"Салалық бөліністе банктер экономиканың сауда жүргізбейтін секторын (неторгуемый сектор) кредиттеуді жалғастыруда. Ал, проблемалық қарыздардың негізгі көлемі де көбінесе осы секторға тиесілі. Қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс және жылжымайтын мүлік саласындағы қарыздардың сапасы мейлінше төмен болып отыр", – дейді Ұлттық банк сарапшылары.

Сонымен қатар банкротқа ұшыраған кәсіпорындардың негізгі бөлігі несесе 62%-ы – құрылыс және жылжымайтын мүлік, сауда және өңдеу өнеркәсібі сияқты стратегиялық маңызды салаларда шоғырланғаны әшкереленді. Дәл осы салалар мемлекеттің мығымдығын, тұрғындарының әл-ауқатын анықтайды.

Халық сантүрлі резонанстық оқиғаларға, тұрмыстық дау-дамайға алаңдап, әуре болып жатқанда, экономикада тұтас салаларға күйреу қаупі төне бастағандай. Бұқараның басында баспана болмаса, сауда орындарының сөрелері бос қалса, дүкендердің желілері шетінен жабылса, өңдеу өнеркәсібі деградацияланып, ел жейтін, киетін, тұрмыс пен жұмыста пайдаланатын заттарының бәрін тек шетелден тасыса, елдің жағдайы қиын болады. Мұны Венесуэла, Куба, Мьянма және басқа да мемлекеттердің ауыр жағдайы куәландырады.

Бірақ қандай кризис болса да, банктердің "мұртын балта шаппайды". Қарызын қайтара алмай, кепілге қойған дүние-мүлкінен айрылған бизнес субъектілерінің активтерін банктер белсенді сатып, құтылуда. Сол арқылы өз көрсеткіштерін біраз жақсартты.    

"2023 жылы банк секторының корпоративтік портфелінде жұмыс істемейтін (NPL90+) және күмәнді қарыздарды қамтитын проблемалық қарыздардың көлемі айтарлықтай азайды. Банктердің есептеріне сәйкес, жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі 3%-дан 2,3%-ға дейін төмендеп, соңғы 7 жылдағы минимум деңгейіне жетті. Бір жыл ішінде NPL90+ үлесінің төмендеуі кредиттік портфельдің өсуі есебінен де, сол сияқты NPL90+ абсолютті көлемінің төмендеуі есебінен де болды. NPL90+ көлемі бір жыл ішінде 10%-ға немесе 289 миллиард теңгеге дейін төмендеді", – деп мәлім етті Ұлттық банк.

Дегенмен, болашақта кейбір банктің жабылып қалуы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Олар қаржылық және монетарлық реттеушілердің назарына ілікті. Ұлттық банк ол банктердің атын атап, түрін түстемеді. Бір айтқаны: қазіргі кезде күмәнді қарыздардың негізгі көлемі немесе 73%-ы 3 ірі банкте шоғырланған. Олар несиелерді "өтеудің стандартты емес кестелерімен таратуды жалғастыруда".

Соның ішінде осы үш банк ірі заемшыларына негізгі борыш бойынша төлемді мейлінше кешірек кезеңге кейінге қалдыруға рұқсат етіп, тіпті олардан несие бойынша сыйақы төлеуді де талап етпей, қарыз таратып жатқан көрінеді. Айта кету керек, Ranking дерегінше, Қазақстанда активі жөнінен 10 ірі банк бар.

Ұлттық банктің хабарлауынша, корпоративтік портфельдің проблемалық қарыздарында кепілмен еш қамтамасыз етілмеген кредиттердің үлесі 13%-дан 18%-ға дейін ұлғайғаны байқалады.

Соған қарап, сарапшылар олигархтардың капиталды елден шетелге әкетіп жатқаны туралы байлам жасады.  

Жалпы, банктер байыған сайын әсіресе, шағын және орта бизнеске сараң болып барады. Кәсіпкерлерге ұзын және арзандау несиелендіру қолжетімсіз болып қалды. Бұл мәселе "fcbk 2024: бизнеске қарай" конференциясында талқыланды.

"Қазақстанда бизнеске қаржыландыру жетіспейді. Салдарынан, тіркелген және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың шағын бөлігі ғана банктерде несие ала алған. Мысалы, шағын бизнестің 400 мың субъектісінің – небары 31 мыңы, орта бизнесте – 6 мың субъектінің 1 мыңы ғана, ал, ірі бизнесте – 2 мың нысанның ішінен 573 компания ғана банктерде кредитке ие. Бұл бизнестің кредиттік қаражатты пайдаланбайтынын паш етеді", – деді Бірінші кредиттік бюро CEO басшысы Руслан Омаров.

Банктердің байлығы серпінді түрде артқанын, алайда олар қарызды негізінен ірі байларға беретінін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпараты да растады. Бүгінде Қазақстанның банк секторында 21 банк бар, оның ішінде 8-і – еншілес екінші деңгейдегі банктер, 2-уі – 100% мемлекеттік банк.

Мәдина Әбілқасымова ведомствосының хабарлауынша, 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша банк секторының активтері 10,4%-ға немесе 5,3 триллион теңгеге артып, 56,8 триллион теңгеге жетті.

Осы орайда банктердің аз шоғыр ірі бизнеске берген қарыздары 2,9%-ға ұлғайып, 4 трлн теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген несиесі керісінше, 2,6%-ға немесе 5,7 трлн теңгеге дейін құлдырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу