Банктер жаппай сатылымға кірісті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4113

Жыл басынан бері қазақстандық банктер 24 триллион теңге кіріс тапты.

Банктер жаппай сатылымға кірісті

Бұл – нақты өндіріспен айналысатын отандық алпауыт кәсіпорындардың өздері армандай алмайтын ғаламат қаражат. Бірақ сарапшылар банк секторындағы күйзеліс туралы сөз қозғауда. Өйткені мәселен, 2016 жылдың 9 айында еліміздегі банктердің жалпы кірісі 34 триллион теңгеден асқан болатын.

Ұлттық банктің дерегінше, банктердің негізгі табыс көзі – "сыйақы алумен байланысты емес" кірістер болып отыр. Одан 22 триллион 307 миллиард теңгеден астам қаржы түскен.

Тарата айтсақ, соның ішінде банктер қымбатшылықтың ары қарай белең алуына байланысты дүние-мүлік, активтерді қайта бағалаудан 20 триллион 149,3 миллиард теңге, резерв-провизияларды қайта қалпына келтіруден – 849,7 миллиард теңге, дилингтік операциялар арқасында 506,8 триллион теңге олжалаған. Бұдан бөлек, банктердің комиссиялық табыстары 352 миллиард теңгені, әртүрлі активтерді сатудан алған қаражаттары 28 миллиард теңгені құрады. Бір қызығы, қаржылық ұйымдар "сауданың" көрігін қыздыруда: 2017 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында олар тек 7,9 миллиард теңгенің затын сатқан екен. Яғни, бұл көрсеткішін 255,6%-ға арттырған.

Бұлар сыртында банк секторы өз клиенттеріне айыппұл салу, оған өсімпұл қосу арқылы 15,8 миллиард теңге тапты. Бірақ бұл істе аяғын тарта қимылдай бастапты: былтыр айыппұлдары мен өсімпұлдары бұдан 10,8 пайызға көп болып, 17,7 миллиардқа дейін жеткен.

Коммерциялық банктер заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерінің көлемін де белсенді өзгертуде: табысы мол компанияларда ұлғайтса, келешегінен көп үміт күттірмейтіндерінен кетуде. Осыдан банкирлер қалтасына 7,5 миллиард теңге кіріс құйылыпты.

Айтқандай, олар реті келсе, салықты кемітуден де пайда табудан кетәрі емес, рас, бұл "арна" тарылуда: жыл басынан бері салықтан 0,001 млрд теңге үнемдей алған. Салыстыру үшін атсақ, өткен жылы бұл көрсеткіш 1,2 триллионға жеткен екен. Яғни, құзырлы органдар банкирлердің бұл кіріс көзін күрт, 99,9%-ға шегерді.

Осы орайда Finprom сарапшылары отандық банктердің "сыйақы алумен байланысты табыстары" да кемігенін еске салады. Егер олар 2017 жылғы тоғыз ай қорытындысында 1,8 триллион теңге сыйақы жинаса, ал биылғы ұқсас мерзім ішінде бұл көрсеткіші 1,6 триллион теңге сомаға дейін "кері шегінді".

Экономикалық сарапшы Денис Кривошеев бұл ретте банктердің несиелендіру көлемін арттырғанын айтады, бірақ одан түсетін кірістің азаюына несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің төмендеуі ықпал еткен.

"Несие портфелінің көлемі тамыз айында-ақ 13 триллион теңгеден асты. Мысалға, былтыр тек қыркүйек айында бұл көрсеткіш 13 триллион 222 миллиард теңге болып еді. 2018 жылы негізінен, халық алатын тұтынушылық несие көлемі ұлғайып отыр. Нақтырақ айтсақ, соңғы 12 ай ішінде жеке тұлғаларға берілген кредиттер ауқымының орташа өсу қарқыны 1,2%-ды құрады, ал заңды тұлғаларды несиелендіру қарқыны орташа есеппен, керісінше 0,7%-ға төмендеп келеді. Сөйтіп, 2018 жыл басталғалы бері азаматтарды несиелендіру 75%-ға артты. Бұл өсім көп жағдайда "ипотекалық дүмпуден" туындауда. Қазірдің өзінде несиелердің жалпы көлеміндегі ипотеканың үлесі 23,7%-ға жетті", – дейді сарапшы.

Ол банктердің кредит бойынша пайыздық мөлшерлеме өткен жылмен салыстырғанда, биыл 0,5 пайызға арзандап, орташа алғанда, 13,9%-ды құрағанын хабарлады.

Дегенмен, банктер әр саланың әлеуетін әртүрлі бағалап, тиісінше әрқайсына әртүрлі мөлшерлеме ұсынады. Осылайша, несие алу үшін тартымды салалардың "үштігі" анықталды. Оған металлургиялық өнеркәсіп (9%), тау-кен өндірісі секторы (9,1%), логистика (9,8%) жатады.

Өңдеу өнеркәсібі де банкирлердің сенімін жаулап алуда: сыйақы мөлшерлемелері биыл орташа алғанда 10,6% болып, былтырғыдан 0,8 пайызға төмендеді. Ал ауыл шаруашылығын банктер тәуекелі жоғары сала санайды және 12,1%-дан арзан несие бергісі келмейді. Құрылыс секторы да осы күйде (12,1%). Саудагерлер қымбат 12,4%-дық кредиттен үміттене алады. Бірақ олар бұдан қаймығып отырған жоқ, қайта батыл қимылдауда: елімізде берілген барлық несиелердің 34,2 пайызы сауда саласына тиесілі. Және бұл сектордың алған несие қаражатының көлемі 2017 жылғы тоғыз аймен салыстырғанда, 13,2%-ға өскен.

Салада күйзеліс құбылыстары байқалғанымен, сарапшылар банкирлерге кедейлену қаупі төнбейтініне сенімді. 2016 жылмен салыстырғанда, банктердің табысы он триллион теңгедей ауқымда азайғанымен, ол әлі де өте қомақты. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылға дейін керемет қарқынмен еселеп өсті. Айталық, осыдан бес жылдай бұрын, яғни, 2013 жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында қазақстандық екінші деңгейлі банктер небары 3,1 триллион теңгеге қанағат қылуға мәжбүр-тін. 2014 жылы бұл сома 6,2 триллионға, 2015 жылы 18,5 триллионға, 2016 жылы 34,4 триллион теңгеге шарықтады. Міне, кейінгі екі жыл көлемінде ол 30,6%-ға төмендеп, 24 триллион теңге сатысына түсіп отыр.

Әрине, банкирлер табыстары триллиондап артқан заманды аңсайды. Оны жүзеге асыруына мемлекет көмектесуі ықтимал. Ел үкіметі алдағы үш жыл ішінде қаржылық ұйымдар арқылы өңдеу өнеркәсібін қолдауға 500 миллиард теңге, өз кезегінде Ұлттық банк қазақстандықтардың зейнетақылық активтері және басқа көздерден банктерге тағы 600 миллиард теңге ұзақ мерзімді өтімділік-қаражат беруді жоспарлауда. Ал ақшадан ақша жасауды банкирлер біледі.

Бұған қоса, банктер жылдар бойы алға басқан қадамын кері тартып келген "улы" активтерінен құтылуға білек сыбана кірісті. Бұл ретте олар нағыз "жаппай сату" ұйымдастырып, "кесірлерін" мемлекетке және "тәуекелді активтерді басқару" ұйымдарына үлкен жеңілдікпен өткізуде. Нәтижесінде, қаржылық реттеушінің дерегінше, төлемі үш айдан астам уақыт бойы төленбеген кредиттердің (NPL+90) көлемі бір жыл ішінде 37%-ға күрт кеміді.

Қазіргі кезде банктердің қолында 1,1 триллион теңге ғана осындай "қайтуы күрделі" қарыз қалды. Былтыр NPL+90 ауқымы 1,8 триллион болатын.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу