Банктердің шабандығы клиенттерін шаршатты

3173

Қазақстанның қаржы секторы өзінің бір бағытында әлемдік өркениетке тек енді ғана қосылып отыр.

Банктердің шабандығы клиенттерін шаршатты

Ұлттық банк елімізде мобильдік телефон нөмірімен мезеттік төлемдер жүргізу жүйесі іске қосылғанын хабарлады. "Suńqar" деп аталған бұл жүйе арқасында азаматтарға бір-біріне ақша аудару үшін жеке басын куәландыратын ешқандай құжат қажет болмай қалады. Ол үшін ұялы телефонның нөмірі болса, жеткілікті.

Жалпы, бұл әлемде жаңалық та болып табылмайды. Дамыған елдер түгіл, қарқынды дамушы елдердің өзінде адамдар жеке құжатының мәліметтерін, карта нөмірін, банк деректерін сұратпай-ақ, адам тұлғасын сәйкестендіру үшін оның телефон нөмірін, электронды поштасының мекенжайын және әлеуметтік желілердегі аккаунтын-ақ пайдаланып, лезде ақша аударуды жүзеге асыра береді. 

Бірақ Қазақстан, соның ішінде қаржылық реттеуші бұған рұқсат етуге батылы бара алмай, ұзақ уақыт өзін де, жұртшылықты да тежеумен келді. Енді міне, кең тізімнің ішінен тек телефон нөміріне ғана келісіп отыр.

Данияр Ақышевтің ұжымы "Сұңқардың" былтыр-ақ қанат қаққанына сілтеме жасайды: "2018 жылғы қыркүйектен бері жүйе шектеулі тұлғалар арасында пилоттық режимде тестілеуден өтті", – дейді олар.

Алайда жүйені сынаған ол "шектеулі тұлғалардың" кім екенін ұлттық банк нақты айтпайды. Бұл "фокус-группа" көрінеді.

Бірден айта кету керек, әзірге осы жаңа құралдың қызығын көре алатын қазақстандықтардың қатары да шектеліп отыр: себебі, барлық банктер қосылмаған.

"Ал "Suńqar" жүйесі – тек осы жүйеге қатысатын банктердің клиенттеріне бір-бірімен Қазақстан бойынша мезеттік төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте жеке тұлғалар бір-біріне ақша аударулары үшін қарапайым әрі қолайлы сәйкестендіруші-идентификаторды – мобильді телефон нөмірін пайдаланады. Тиісінше, ол нөмір кез келген ақы төлеу көзіне – төлем карточкасына, ағымдағы банктік шотқа немесе электрондық әмиянға бекітілуі қажет", – деп түсіндіреді Ұлттық банк.

"Suńqar" жүйесіндегі қызметтерді Қазақстан банктері өздерінің мобильдік қосымшалары немесе Интернет-банкинг жүйесі арқылы жүзеге асырады. Қазіргі уақытта мезеттік төлемдер жүйесіне үш банк – "Банк ЦентрКредит", "Altyn Bank" (China CITIC Bank Corporation Limited ЕБ) және "Еуразиялық Банк" қызмет көрсетеді.

Қаржылық реттеушінің сендіруінше, 2019 жылы 10-нан аса екінші деңгейдегі банк жүйеге қосылуды жоспарлап отыр.

Жаңа қызмет осы банктердің мобильдік қосымшаларында және қашықтан қызмет көрсету жүйелерінде өздерінің ішкі жоспарына сәйкес ақпараттық жүйелерінің пысықталуына қарай пайда болады.

Мезеттік төлемдер мен аударымдар бойынша клиенттерге арналған тариф саясатын әр банк өзі дербес айқындайды.

Бірінші кезеңде "Suńqar" жүйесінде тек жеке тұлғалар арасында ақша аударуға (P2P- аударымдар), оның ішінде түрлі қатысушы банктердегі өз шоттары (салымдар, брокердегі инвест-шотты толықтыру және басқалары) бойынша жүргізуге болады.

Кейін оның қызығын кәсіпкерлер де көре бастамақ: жүйеде көрсетілетін қызметтердің дамуына қарай заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер қызмет көрсететін банктері арқылы арнайы жабдықты орнатпай-ақ тауарлар және көрсетілген қызметтер үшін өз пайдаларына мезеттік төлемдерді қабылдауды, жеке тұлғалардың пайдасына мезеттік төлемдер жүргізе алады. Атап айтқанда, "Suńqar" жүйесі арқылы QR-кодтарды сканерлеу арқылы мобильдік телефонмен бөлшек саудада есеп айырысуға болады.

Егер аталған үш банктің бірінің клиенті екіншісіне қаржы жолдағысы келсе, жүйеде оның ұялы телефонының нөмірін көрсетуі, алушының банкін таңдауы және жіберетін ақшасының сомасын жазуы қажет. Банк мамандарының түсіндіруінше, ақша сол мезетінде-ақ түседі.

"Бұл елімізде, әсіресе халық арасында қолма-қол ақшасыз төлем жасау үлесін арттыру үшін жасалуда. Сонда еш есепке алынбайтын, қадағаланбайтын "көлеңкелі" экономика да азая түседі. Сондықтан ұлттық банк ұялы телефон нөмірін пайдалану жолымен лезде төлем жасау жүйесі жобасын әзірлеп, жүзеге асыруда. Бұл жүйенің артықшылығы сол, ақша алушының тек нөмірін білсеңіз жеткілікті болады, жүйе еш үзіліссіз, тәулік бойы жұмыс жасайды, ақша тез келіп түседі", – дейді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, өз кезегінде "Қазпошта" да карточкалық процессингке негізделген банктік емес төл төлем жүйесін түзуде. Онда да адам тұлғасын анықтайтын идентификатор – азаматтың телефон нөмірі болмақ. Соған смс-код келіп түседі. Ал ақша түсуі үшін тұтынушы post.kz сайтына тіркеліп, "электронды әмиян" ашуы керек. Ол әмиянды "Қазпоштаның" не басқа банктің картасы арқылы толтырады немесе керісінше, ақша қабылдайды.

Әйткенмен, әзірше мезеттік төлемдер жүргізу жүйесі дамыған елдермен салыстырғанда, Қазақстанда шабан дамуда. Еліміздегі банктер клиенттердің бір-біріне ақша аударуы кезінде дәстүрлі екі тәсілді – төлем реквизиттерін немесе картадан картаға аударуды қолдануды қолай көреді. Бұлардың бәрінде есепшоттың 20-реттік нөмірін және банк БИК-ін немесе картаның ұзынсонар нөмірін толтыру талап етіледі. Мұның бәрі адамдар үшін қолайсыз.

Ал жаңа өзгеріске сәйкес, қазақстандықтар болашақта ұялы телефонымен дүкендерде жаппай сауда жасай алатын болады.

Сарапшылар бұл жүйеде тек теңгемен ғана ақша аударуға болатынын ескертеді. Бұл жатжұрттарға ақша аударымдары арқылы онсыз да миллиардтап ағып кетіп жатқан ақша ағынын одан әрі ұлғайтпау үшін жасалуда. Өйткені шетелге аударымдар шетелдік валютада жасалатыны мәлім.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу