Бар банк бір банктің қолына су құюға жарамады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
11317

​Өткен жылдың ортасында тамырына қан жүгіргендей болған ипотека нарығы тағы да кілт тоқтап қалды.

Бар банк бір банктің қолына су құюға жарамады

Мұны 2018 жылдың бірінші тоқсанының қорытындылары көрсетіп отыр. Ресми мәлімет бойынша Қазақстандағы 32 банк жабылып жүріп, жыл басынан бері тек 15 миллиард теңгеден сәл астам сомаға ғана ипотекалық қарыз берген. Салыстыру үшін айталық, бұл сомаға елордадағы не Алматыдағы жақсы пәтерлердің жүзі ғана келеді. Коммерциялық банктер қаржыландыруға құлық танытатын тұрғын үй кредиті нарығы да басым көпшілігінде осы екі басты қалада жұмыс жасайтынын ескерсек, бүкіл мемлекет үшін бұл көлем (100 баспана) күлкі мен кекесін ғана туғызары сөзсіз. Себебі, тіпті "Астана күні" секілді мерекелерде өткізілетін "кілт тапсыру" салтанаттарының өзінде бір әкім ел игілігіне тапсыратын баспана саны бұдан бірнеше есе асып түсіп жатады.

Сарапшылардың түсіндіруінше, саладағы бұл дағдарысқа халықтың елбасы жариялаған "7-20-25" арзан ипотекалық бағдарламасының іске қосылуын күтіп отыруы да ықпал етуі мүмкін. Себебі "25 жылға 7 пайызбен ғана беріледі", әрі "ешқандай басқа комиссиялар алынбайды" делінген жаңа кредиттік өнімге аңсарлары ауған қазақстандықтар банктердің удай қымбат несиесін алуға құлықсыздау болып отыр.

Айтқандай, қайтадан қалшиып қатып қалған бұл нарықты жандандыру үшін үкімет пен Ұлттық банк аталған арзан ипотека бағдарламасын іске қосу мерзімін жеделдетіп, оның аясында алғашқы кредиттерді алдағы шілде айынан бере бастау туралы шешім қабылдады.

Қорытындылардан туған тағы бір байлам ипотека нарығының жүгін негізінен мемлекеттің көтеріп отырғанын нұсқайды. Қараңыз, үкіметке алақан жайып жүрген отыздан астам банк "жетімбұрыш" жағалаған жұртшылыққа әзер дегенде 15 миллиард бөлгенде, мемлекетке қарасты "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" бюджет қаржысы мен клиенттерінің жинағы есебінен, биылғы І-тоқсанда 75,8 миллиард теңгеге ипотекалық несие үлестірген.

Осылайша, "Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы болып табылатын ТҚЖБ Қазақстанда салым тарту және несие беруде көшбасшы ғана емес, сондай-ақ теңдесі жоқ монополистке айналып отыр.

"2018 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша ТҚЖБ тұрғын үй құрылысы мен үй сатып алуға берілген несиелердің 83%-ын бір өзі ресімдеп, Қазақстанның ипотекалық нарығында көшбасшы атанды. Бұл ретте банктер арасында "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" NPL деңгейі, яғни, уақтылы төленбеген, өтелмеу мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелер үлесі ең төмен болып отыр. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш деңгейі 0,02%-ға азайып, небары 0,28%-ды құрады", – деп хабарлады ТҚЖБ басшылығы. 

Осы банк басқармасының 2018 жылдың 1-ші тоқсанындағы қаржы институты қызметінің нәтижелері туралы есебіне сәйкес, есептік мерзім ішінде 6 мың 539 қазақстандық ТҚЖБ көмегімен баспана жағдайларын жақсарта алған. Олардың "табыс тарихын" көріп, 59 095 азамат онда жаңадан депозит ашқан.

Осының арқасында "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" депозит базасы 24 млрд теңгеге артты. Яғни, 2018 жылдың 3 айының қорытындысы бойынша орасан зор 544 млрд теңгеге жетіп отыр.

Бұл соманың қаншалықты қомақты екенін салмақтау үшін "майшелпекті" елестетіп көріңіз, ал соның үштен бір бөлігіне жуығы жалғыз банкке ғана тиесілі!

"544 млрд теңге – бұл Қазақстандағы барлық екінші деңгейлі банктердің депозиттік базасының 27%-ына тең. Осы факт "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" ұзақмерзімді активтер нарығында 1-ші орыннан көрінуге мүмкіндік берді", – делінген есепте.

Қазақстандық банк секторының парадоксы да осында: қаржы секторының қаптаған құралдарын қолданып, күреп табыс табуға мүмкіндігі бар коммерциялық банктердің бәрі жабылып жүріп, ақыр соңында тек ипотека ғана берумен айналысатын, яғни өрісі тар банкке жол беріп отыр.

Өзге банктер бір-біріне қосылып, бөлімшелер желісін оңтайлап, әбігер болып жатқанда, табысы толағай ТҚЖБ ары қарай өркен жаюға көшуде. Ол клиенттерінің қатарын арттырумен қатар, оларға жайлы қызмет көрсету үшін IT-құрылымын белсенді түрде дамытып, сервис процестерін жетілдіріп жатыр. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша, жаңа технологиялар банк филиалдарында 2 миллион 313 мың 200 адамға қызмет етуге мүмкіндік берген. Салыстыра кетсек, ТҚЖБ мекемелерінің есігін ашқан клиенттердің жалпы легі бүкіл 2014 жылы небары 646 512 адамға теңескен еді.

Рас, ТҚЖБ осы мерзім ішінде өз филиалдары қызметкерлерінің санын ұлғайтпағанын, тиісінше, олардың жалпы саны қазір 657 адамды құрайтынын жеткізді. Штатты өсіру орнына, банк өз клиенттеріне қашықтықтан қызмет көрсету технологияларын кеңірек ендіруде екен. Мәселен, қазіргі уақытта "ЖССБ24" интернет-банкингінде 219 422 адам тіркелген, ал балама төлем каналдары арқылы тағы 3 201 418 операция өткен.

Осы көрсеткіштер еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын алпауыт банкті жекешелендіру кезінде мемлекеттің оны қымбатырақ бұлдап, көбірек пайда табуына көмектессе, игі.

Өз кезегінде Ұлттық банк қазақстандық банктердің ипотека беруден неге аяқ тартып отырғанын түсіндірді: оған қарыздарды қайтару бойынша соттардың өздерін қолдап шығарына банктердің сенбейтіні ықпал етіп отырған көрінеді.

Қаржылық реттеушінің мәліметінше, банктің қарыз және кепілзат бойынша өз талаптарын тез әрі тиімді жүзеге асыруға қабілеттілігі басты нысана болып табылады. Алайда борышкердің кепілге қойылған жалғыз үйін банктердің тартып алуына әділетті соттар жол бермеуге тырысатыны мәлім. Ұлттық банктің байламынша, "банктердің өз міндеттемелерін орындамаған борышкерлерін бақылау бойынша құқықтарын шектеу адал емес заемшылар үшін қолайлы жағдайлар туғызады, сондай-ақ банктердің кредиттік тәуекелдерін арттырып, барлық несие алушыларға арналған кредит ұсыныстарын қысқартады".

Бұдан бөлек, ұлттық банкке екінші деңгейлі банктер "дауды шешу кезінде соттар шешімінің болжамсыздығына" шағымданатын көрінеді. Бұл жайында қаржылық реттеуші "2015-2017. Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы есепте" ашық айтады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу