Барлық шетелдік фильм қазақшаланбауы мүмкін

2762

Қазақ аудиториясының таңдауын шенеуніктер мен ақылгөйлердің талғамы шектеуі ықтимал.  

Барлық шетелдік фильм қазақшаланбауы мүмкін

Бертінде, 2019 жылы ғана қабылданған "Кинематография туралы" заңы қайта өзгертілетін болды, деп жазады Inbusiness.kz.

Мәдениет және спорт министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңның жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Оның бірнеше жаңалығы бар.

Барлық фильм қазақшаланады деп ерте қуаныппыз

Біріншіден, жуырда министрлік бұдан былай әлемнің әр түкпірінен келетін киноөнімдердің түпнұсқасын міндетті түрде қазақ тілінде дубляждау талабы қойылатынын жария етіп, елді бір сүйсінткен.

"Кинематография туралы" заңға түзетулер міндетті дубляж немесе фильмнің қазақ тіліндегі түпнұсқасын талап етуге бағытталған. Айта кетейік, бүгінгі таңда қазақ тілінде тек 35-тен астам фильм прокатқа шығып, демеушілер 1,4 млрд теңге бөлді. Заң жобасы Үкіметте биыл қазан айында қаралады. Содан кейін ол желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына жіберіледі. 2022 жылы заңды қабылдау жоспарланып отыр", – деп хабарлады ведомство

Алайда Мәдениет министрлігі тілге тиек етіп отырған заң жобасына үңілсек, шетелден келетін фильмдердің бәрін тегіс қазақшаға тәржімалау талабы енгізілмейтінін байқауға болады: ол тек мультфильмдер мен отбасылық киноға қатысты көрінеді. Бұл жерде киноның жанры тек бұл екеуімен шектелмейтіні белгілі. Демек, қазақ тілді аудиторияға атыс-шабыс, вестерн, әскери, детектив, "ересектерге арналған", фильм-нуар, қылмыс-криминал, шытырман, триллер, хоррор және басқа да жанрдағы кинотуындыларды ары қарай орысша тамашалауына тура келетінге ұқсайды.

Құжатта қолданыстағы салалық заңның "Уәкілетті органның құзыреті" деп аталатын 5-бабын "Қазақстан аумағына әкелінетін балалардың анимациялық фильмдері мен отбасылық көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға арналған іріктеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді" деген 5-1) тармақшасымен толықтыру көзделіпті.

Соған қарағанда, министрлік елге келетін шетелдік фильмдерді жаппай қазақшаламай, санаулысын іріктеп алмақ. Олай болса, қазақ аудиториясы шенеуніктердің және олар тартқан сарапшылардың таңдау-талғамына таңылып тәуелді болмақ. Мұндай іріктеу-шектеу мемлекеттік тілдің дамуына сонша үлес қоса қоймасы анық.

"Қазақстан аумағындағы кинозалдарда және осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда дубляж түрінде қаржылық қолдау алған анимациялық балалар фильмдері мен отбасылық көруге арналған фильмдерді прокаттау және көрсету қазақ тілінде жүзеге асырылуға тиіс", – деп нақтылай түседі заң жобасы.

Дубляжға бюджет қаражаты бағытталады

Айтқандай, қолданыстағы заңның 12-бабында кинематография саласындағы мемлекеттік қолдаудың 5 бағыты ғана қарастырылған. Жаңа заң оны алтыншысымен – шетелдік анимациялық балалар фильмдері мен отбасылық көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды қаржыландыру бағытымен толығады. Оның аясында Ресейдің мультфильмдері де қаражат алуы ғажап емес.

Бұған дейін фильмдерді демеушілер қаржысына қазақшалаумен "болашақтықтар" шұғылданып келгені мәлім. Алда бұл іске бюджеттен де мол қаржы беріле бастауы ықтимал.

Шетелдік анимациялық балалар фильмдері мен отбасылық көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждау мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін Үкімет жанынан жаңа мекеме – "Кинематография саласындағы мемлекеттік қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия" құрылады. ВАК сондай-ақ "ұлттық фильм" мәртебесін алған киножобаларды мемлекеттік қаржыландыру мәселесімен де айналыспақ.

Қаржыландыруға қатысты ақырғы шешімді министрлік қабылдайды.

Кинематография саласында ұсыныстар әзірлеу үшін "Ұлттық киноны қолдау меморталығының" жанынан жаңа орган – Ұлттық кинокомиссия құрылады. Оған шенеуніктер, кинематография қызметінің субъектілері және кинематография саласының сарапшылары кіреді: яғни режиссерлар, актерлар, киносыншылар және басқасы, былайша айтқанда, "баяғы, белгілі бекбикелер мен тоқбикелер".

Ұлттық кинокомиссияның ережесі мен құрамын уәкілетті орган бекітеді.

Тағы бір өзгеріс өмірге жолдама алуы мүмкін: шетелдік киностудиямен бірлесіп түсірілген фильмдер де "ұлттық фильм" деп таныла алатын болады. Мысалы, кейінгі жылдары Қазақстан Қытаймен, Ресеймен бірге белсене кино түсіруде ("Композитор", "28 панфиловшы", "Моңғол", "Ирония любви" және басқасы).

Жобаның шикілігі: орысша мәтіні қазақшасына кереғар

Заң жобасында қаржыға үлкен орын берілген. Мәселен, енді отандық және шетелдік шенеуніктердің, танымал және ондай емес режиссерлар мен актерлердің халықаралық кинофестивальдарға, басқа да "кинотусовкаларға" қатысуын бюджеттен қаржыландыру ұсынылады: "Кинематография саласындағы мемлекеттік қолдау есебінен саладағы халықаралық байланыстарды дамытуға, кинематография қызметі субъектілерінің халықаралық кинокомиссияларға, кинофестивальдерге, кинонарықтарға, кинобизнес-алаңдарға қатысуын ұйымдастыруға бағытталған қызмет қаржыландырылады".

Бұдан бөлек, "ұлттық фильмдерді шығару, прокаттау мен көрсету және соған байланысты іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ ұлттық фильмдерді шетелде ілгерлету" ісі де ел бюджетінің мойнында болатыны нақты жазылған.

Тағы бір елең еткізгені сол, жаңа заңда қаржыландыру сметасын өзгерту ұсынылған. Еске сала кетсек, қазіргі заңда мынадай схема ұсынылған:

"Ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды қаржыландыру

      1) әлеуметтік маңызы бар фильмдер, дебюттік фильмдер, оқиғалы фильмдер үшін – шығарудың сметалық құнының 100%-ына дейін;

      2) бірлесіп шығарылатын фильмдер үшін – тиісті келісімдер шеңберінде көзделген шекте жүзеге асырылады;

      3) кең ауқымды көрермендер аудиториясына арналған ойын фильмдері үшін: 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – оларды шығарудың сметалық құнының 90%-ынан; 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 80%-ынан; 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 70%-ынан аспайды".

Ал жаңа заң жобасында былай делінген:  

"Жыл сайын ұлттық фильмдерді шығаруға бөлінетін қаражат:

1) тарихи, патриоттық және имидждік картиналарға – кемінде 70%;

2) жеке киножобаларды, оның ішінде дебюттік фильмдерді бірлесіп қаржыландыруға – кемінде 30% жіберледі".

Бірден айта кетелік, жаңа заң жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасында бар дәл осы түзету оның орыс тіліндегі нұсқасында жоқ. Ал ел Үкіметі, шенеуніктер "құжат мәтіндерінің арасында алшақтық болған жағдайда орыс тіліндегі мәтіннің күші басым болады" деген қағиданы берік ұстанатыны мәлім. Ендеше "орыс тіліндегі мәтіні дұрыс, ал қазақшасы пысықталмаған ескі нұсқасының аудармасы күйінде қалған және бұрыс" деп танылуы да ықтимал.

Егер шынымен солай болса, осы арқылы Ақтоты Райымқұлованың командасы қазақ тілділердің шынайы, дұрыс ақпарат алу құқығын аяққа таптап отыр деген сөз.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу