Бас санитарлық дәрігер жаңа қаулымен таныстырды

12613

Айжан Есмағамбетова эпидемиологиялық ахуалға байланысты тың мәлімет берді. 

Бас санитарлық дәрігер жаңа қаулымен таныстырды

 

Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова еліміздегі коронавирустық жағдайға байланысты жаңадан қабылданған қаулымен таныстырады. Қаулыда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды жерлеу тәртібі, медицина қызметкерлерінің коронавирус жұқтыру себебіне байланысты қабылданған шаралар және шетелден келушілерге медициналық бақылау күшейтілгені айтылған.

Бас санитарлық дәрігер жаңа қабылдаған қаулыда медицина қызметкерлерінің инфекциялық қауіпсіздігі жөнінде шаралар қарастырылғанын айтты. Індетке шалдыққандар медицина қызметкерлері Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы қалаларында қызмет істейді.

"Өкінішке қарай, бүгінгі күні Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы қалаларында медицина қызметкерлері ауруға шалдықты. Қаулыда медицина қызметкерлерінің жұмысының сипаты мен қауіптілігіне байланысты инфекциялық қауіпсіздік шаралары мен жеке қорғаныс құралдарына қойылатын талаптар қарастырылды", – деді бас санитарлық дәрігер.

Айжан Есмағамбетованың мәліметінше, коронавирустен қайтыс болғандарды жерлеу тәртібі бекітілді. Бұдан былай коронавирус індетінен қайтыс болған адаммен қоштасуға 30 минуттан артық уақыт берілмейді.

"Коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды жерлеу алгоритмін қаулымен бекіттім. Қайтыс болғандардың мәйітін жарып-ашуға, туысқандарына беруге болмайды. Қайтыс болған адаммен қоштасуға 30 минуттан артық уақыт берілмейді. Қоштасу кезінде ең жақын туыстары мен бір діни қызметкер денеден үш метрден астам қашықтықта тұрады. Тәнді жерлеу санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында, эпидемияға қарсы шараларды сақтай отырып жүргізіледі", – деп түсіндірді бас санитарлық дәрігер.

Айжан Есмағамбетова жаңа қабылдаған қаулысында шетелден келушілер үшін медициналық тексеру шаралары күшейтілетінін айтты. Әуе рейстерімен келетін адамдар зертханалық зерттеулер үшін 3 тәулікке дейін оқшауланады.

"Қаулыға сәйкес, елімізге әуе рейстері арқылы келетін адамдар зертханалық зерттеулер үшін 3 тәулікке дейін оқшауланады. Зертханалық зерттеулер теріс нәтиже көрсеткен жағдайда, 14 тәулікке үй карантиніне алынады. Ал оң нәтиже көрсер болса, ол адамдар инфекциялық стационарға жатқызылады. Бұл нормалар әуе рейстерінің ұшқыштарына, халықаралық тасымалдаушы автокөліктердің жүргізушілеріне және Қазақстан аумағына кіретін теміржолшыларға қатысты емес. Ол адамдар өздерінің негізгі тұрғылықты жерінде бақылауда болады", – деп айтып өтті бас санитарлық дәрігер.

Сонымен қатар, дипломаттар және олардың отбасы мүшелерін коронавирустық инфекцияға міндетті түрде тексеру туралы норма енгізілді.

"ЕАЭО және Өзбекстаннан автожол және теміржол көлігімен келген азаматтар міндетті түрде 14 күндік үй карантиніне алынады. Сыртқы істер министрлігімен келісім бойынша, дипломаттар және олардың отбасы мүшелерін коронавирустық инфекцияға міндетті түрде тексеру туралы норма енгізілді. Тексеру кезде теріс нәтиже көрсетілсе, ол адамдар 13 күнге үй карантинінде болады. Карантин бүгінгі күні тараған індеттің алдын-алудың негізгі шарасы. Үй карантинінде отырған адамдардың денсаулығын бақылау үшін олардың карантин режимін ұстанып отырғанына мониторинг жүргізу үшін денсаулық сақтау министрлігі мобильді қосымша жасады. Ол қосымша арқылы мониторинг жасауға болады", – деді Айжан Есмағамбетова.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу