Бәсекелі тендер өткізбеуден рекорд жасаған аудан анықталды

11060

"Коррупциялық схема" буырқана дамуда. 

Бәсекелі тендер өткізбеуден рекорд жасаған аудан анықталды

"Атамекен" ұлттық палатасының дерегінше, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Үкімет пен әкімдер жалпы сомасы 4,3 трлн теңгеге мемлекеттік сатып алулар өткізіпті, оның жартысы бәсекелі тендер өткізусіз, бір көзден сатып алынды.

Мұнда сыбайлас жемқорлықты қоректендіретін бармақ басты, көз қысты мәмілелер көп болуы мүмкін.

"Атамекеннің" Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығының басшысы Серікбек Елшібеков елімізде нарықтың шағын екеніне назар аудартады. Демек, бәсеке де жоғары болуға тиіс-тін.

"Нарықтың шағын болуы бизнестің өсу мүмкіндігін айтарлықтай шектейді. Бұған отандық тауарлар құрамындағы импорттық құрауыштар үлесінің жоғары болуын, еңбек құнының қымбаттығын қосыңыз. Мұның бәрі шағын бизнестің экспортқа шығуына орасан зор кедергі. Осы жағдайда мемсатып алуларға бөлінген триллиондаған теңге бизнесті өркендетуге қосқан мемлекеттің орасан зор үлесіне айналар еді. Ол үшін сатып алулардың басым бөлігін бәсекелестік ортаға беру керек. Бұл өте маңызды. Әйтпесе, бүгінде елде бәсекелі түрде өтетін сатып алулардың үлесі – небәрі 41%.Бұл өте аз. Кейбір елдімекендерде, мысалы, Атырау облысының Жылой ауданында – бар-жоғы 6,5% ғана. Енді қаншама кәсіпкердің даму мүмкіндігінен айырылғанын есептей беріңіз", – деді Серікбек Елшібеков.

Бұл неге соқтырды? Былтырдан бері Үкімет пен әкімдер мемлекеттік сатып алулар көлемін 16%-ға ұлғайтты. Ал осы кезеңде отандық жеткізушілер саны 8,6%-ға кеміп кеткен. Бизнестің өнім өткізетін өрісі тарылуда. Шенеуніктер мен әкімқаралар болса, өзгелерді тегіс шөміштен қағып, өзі ұнатқан, кей жағдайда өзі тығыз сыбайласқан жеткізушілерді ғана бюджет қаражатымен жарылқауда.

"Бір көзден сатып алу – коррупциялық схемалар өнетін құнарлы топырақ. Назар аударыңыз: биылғы жыл басынан бері 100 млрд теңгеге жуық сомаға тауарлар орташа нарықтық бағадан қымбатқа сатып алынған. Тендерлердің неғұрлым көп бөлігі қолжетімді әрі ашық болса, онда кәсіпкерлер де қазіргі қиын шақта мемлекеттік қолдау көре алар еді. Бұл кәсіпкерді төл бизнесінің тиімділігін арттыруға итермелейді. Өйткені тең жағдай туғызылса, ең үздігі жеңіске жетеді. Осы мақсатта біздің орталық "Өңірлер–мемлекеттік сатыпалулар" рейтингтік жүйесін құрды. Ол Қаржы министрлігі ұсынатын ақпаратқа негізделеді. Аталған мәлімет "Мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай терезесі" порталында тұр", – дейді Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығының басшысы.   

Бизнес өкілі Гүлмира Әбішева осыдан бірер жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында болған жағдайды еске түсірді. Сол кездегі облыстық әкімдік "Промстройсервис.Е", "Авто-Б.А.Н.", "Берен", "Улмад" секілді компаниялар қатысқан барлық тендерлерде олардың өтінімдерін заңнама талаптарына сәйкес келмейді деп танып, кері қайтарып тастаған. Нәтижесінде, конкурстар "өтпеді" деп танылып, әкімдік тауарлар мен қызметтерді жаппай бір көзден сатып алған.

Мұндай зорлыққа шыдамаған бизнесмендер Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне бірлесе шағымданады. Меморганның жергілікті департаменті тексере келе, кәсіпкерлер айтқан дәйектерді растайды. Заң бұзушылық фактілері әшкереленді, 9 компания өтінімінің жаппай кері қайтарылуы заңсыз әрі негізсіз деп танылды. Бірақ соған қарамастан бір көзден сатып алу конкурсы одан әрі жалғасқан. 

Шенеуніктер бұрындары заңнамадағы осы олқылықты белсенді пайдаланып, тендерлерді әдейі жарға жығатын, сөйтіп, бір көзден алуды рәсімдейтін. Коронавирус пандемиясына байланысты ТЖ енгізілуі және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің жеделдетілуі биліктің алақол өкілдерінің алдынан үлкен іс-қимыл кеңістігін ашты.

Жалпы, бір көзден сатып алу жеткізушілерінің көпшілігі жемқор деуге болмайды. Олардың арасында да алданып қалатындары болады.

Мысалы, Павлодарда биылғы наурыз айында жеке кәсіпкер облыстың денсаулық сақтау басқармасының "Павлодар облыстық кардиологиялық орталығы" коммуналдық кәсіпорнына 622,5 мың теңгеге скипидарлық эмульсия жеткізеді. Өнімге "бір көзден" тәсілімен тапсырыс берілген. Алайда тапсырыс беруші бірнеше ай бойы мемсатып алулар порталында тауардың жүкқұжатына қол қоюдан бас тартып келіпті. Онсыз бизнесмен ақшасын ала алмайды. Осы істе кәсіпкердің әділдік табуына жақында "Атамекен" палатасының заңгерлері көмектесті.

Тапсырыс берушінің тауар сапасына қатысты еш наразылық-претензиясы болмаған. Тауарды қабылдап алған, тіпті оның қағаз күйіндегі жүкқұжатына жауапты қызметкері қол қойып беріпті. Алайда кейін техникалық спецификациясы дұрыс құрылмағаны анықталады.

"Яғни, техспецификацияда техникалық көрсеткіштері қате көрсетілген. Мұнда кәсіпкердің айыбы жоқ, ендеше неге меморганның қателігі үшін бизнесмен шығын шегуі керек? Сондықтан біз медиация тәртібімен мемкәсіпорын басшылығымен келіссөздер жүргіздік. Осы мәселеде өзара түсіністікке келдік. Тауар толық көлемде қабылданды, қажетті құжаттарына қол қойылды. Осылайша, істі сотқа жеткізбей, кәсіпкердің құқықтарын қалпына келтірдік", – дейді "Атамекен" өңірлік палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою бөлімінің сарапшысы Дулат Шегенов.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу