Баталов толық шешіп бітпеген бір мәселе – көгілдір отын

Қажет Андас Қажет Андас
3526

741 елді мекенде тұратын 2 миллионға тарта халықты толық газбен қамту үшін 3,3 мың шақырым газ желісін тарту керек.

Баталов толық шешіп бітпеген бір мәселе – көгілдір отын Фото: liter.kz

Осыдан екі жыл бұрын басталған "Алматы – Талдықорған" магистральді газ құбырын салу жобасы өткен жылдан бері қарқын алып, бірқатар қауырт шаруа тындырылды. Облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде облысымызда 741 елді мекенде 2 миллионға жуық адам тіршілік етеді.

Десе де, қазіргі жағдай бойынша 473 елді мекенге қоныстанған 1,5 млн адамды ғана газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Алдын-ала болжам бойынша осы елді мекендерді тұтастай газбен қамту үшін 3,3 мың шақырым газ желісін тарту керек. Сенімді ақпарат бойынша, өткен жылы облысымыздағы табиғи газды тұтынатындар саны 446,6 мың адамға жетіп, газбен қамту салыстырмасы 20 пайыздан асты. Ал биыл сол жұмыс жалғасып, 604 мың адам тұратын 98 елді мекенге көгілдір отын келді. Алдағы уақытта жоспарланған 39 елді мекенге газ жетсе, облыстың газбен қамту салыстырмасы 30 пайыздан артады.

2014 жылы облысымызда "Алматы – Байсерке – Талғар" магистральді газ құбыры тартылды. Жоба бойынша, оның ұзындығы 64,4 шақырым, ал құны 7,8 млрд теңге болды. Осы желі арқылы Іле, Талғар аудандарындағы 10 елді мекен көгілдір отынның қызығын көрді.

Сонымен қатар, өткен жылы қауырт қолға алынған "Алматы – Талдықорған" магистральді газ құбыры толық төселіп болды. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен "ЖетісуОблГаз" ЖШС-іне 3,0 млрд теңге бөлініп, ауылдарды газдандыру жұмысы ресми басталды. Осы қаржының 2,3 млрд теңгесі Талдықорған қалаішілік газбен қамту желісінің 1-кезеңдік жобасын атқаруға, 440,4 млн теңге Көксу ауданындағы Балпық би, 272,5 млн теңге Іле ауданындағы Ақши газ қабылдау, тарату пункттерінің құрылыс жұмысына жұмсалады.

Мұнымен қоса, өңірлерге газ желілерін тарту үшін облыстық бюджеттен қосымша 546 млн теңге бөлініп, 6 жоба іске асырылып жатыр. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен құрылыс құны 9,1 млрд теңгені құрайтын 15 елді мекенді газдандыруға арналған жобаның сметалық құжатын жасауға 345,1 млн теңге бөлініп отыр.

Өңірлерді газдандыруда Қапшағай газ қабылдау, бөлу стансысының құрылысына баса мән беріліп отыр. Бұл нысанның барлық жоспары "Қапшағай аймақтық газ желілері" ЖШС-нің қаражатымен жүргізіледі. Қазірге дейін 1,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 63,1 шақырым қалаішілік газ құбырының желісі тартылды. Оның 27 шақырымы жоғары қысымды, 36,1 шақырымы төмен қысымды құбырлар.

Сонымен қатар, Қапшағай қаласының маңында "Қапшағай – Байсерке" магистральді газ құбырын төсеу жұмысы да қыза түскен. Магистральдің қала маңындағы құны 4,4 млрд теңге болатын 44 шақырымына газ құбырын төсеу міндеті келісімшарт негізінде "ҚазТрансГаз" АҚ-ға жүктелген. Сондай-ақ, жаңа өлшемге сай қолға алынған Қапшағай қалаішілік 22 шақырым аумаққа d530 санатты жоғары қысымды газ құбырын тарту үшін "Қапшағай аймақтық газ желілері" ЖШС-і мен "ЖетісуОблГаз" ЖШС-і меморандумға қол қойды.

Газдандыру жобасы аясында шалғай ауылдарды да көгілдір отынмен қамту көзделіп отыр. Бүгінгі таңда құны 1,94 млрд теңге болатын Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарының шалғай елді мекендерін газдандыру (Қазақстан – Қытай газ құбыры арқылы) мақсатында салынатын Бәйдібек (бұрынғы Маловодное), Шелек, Жаркент газ қабылдау, бөлу пункттерінің құрылыс жобасының сметалық құжаттамасы дайындалды.

Осыған орай, облыстық әкімдік, "КазТрансГаз" АҚ және "PL Cоnstruction" ЖШС арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Бұл жобаның сметалық құжатын "PL Cоnstruction" ЖШС дайындап жатыр. Жоба жүзеге асқаннан кейін осыған дейін шалғай елді мекендерді газбен қамтамасыз етіп келген "ЖетісуОблГаз" өз міндетін бұдан былай "КазТрансГаз" инвестициялық компаниясына өткізіп бермекші. Демек, облыс аумағындағы елді мекендерді газдандыру мәселесі осындай жолдармен қарқынды жүргізіліп келеді.

Іле ауданындағы Ақши газ қабылдау, тарату пункті ауданның Ақши, Бозой, Күрті ауылдарын газбен қамтамасыз етеді. Нысанды салу жұмысымен айналысатын мердігер компания өкілдерінің айтуынша, бүгінде В4 санатындағы операторлық және газ сақтау және оны автоматты тарату міндетін атқаратын техникалық және газ қабылдау, тарату тораптарының негізгі жұмыстары аяқталды. Магистральді газ құбырынан бөліп алынатын газ желісі де тартылған, қауіп-қатердің алдын алатын құрылғылар мен пунктті найзағай отынан сақтайтын техникалық бағана да ойдағыдай салынған.

Алматыдан 100, Қапшағайдан 70, Талдықорғаннан 250 шақырым шалғайда орналасқан елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге арналған газ қабылдау, тарату пунктінің құрылыс, жабдықтау, іске қосу жұмысына Р.Кушнарев басқаратын "Нефтетрансстрой &R" ЖШС-і жауап береді. Олардың 30-ға жуық техник маманы мен жұмысшысы осы пункт құрылысын салуға жұмылдырылған. Бәрі біліктілігі жоғары мамандар. Газ пунктін салу бөлімшесінің басшысы Ерлан Аккузинов барлық жұмыс бүгінгі қарқынмен жүргізілсе, жоспардың қараша айының соңына дейін толық орындалатынын жеткізді. Демек, бұл елді мекендерге көгілдір отын келетін күн жақын. Оған қоса, нысан іске қосылса қосымша жұмыс орындары ашылып, ауылға көмегі тигелі тұр.

Облыс орталығы Талдықорған қаласын газдандыру мақсатындағы жұмыстарға да ерекше тоқтала кеткен жөн. Қаланы газбен қамтамасыз ету төрт кезеңге бөліп орындалады. Алғашқы кезекте "Қаратал" шағын ауданы, Абылай хан, Жансүгіров, Гауһар ана көшелерінің бойындағы, облыстық аурухана, автобекет және орталық базардың маңындағы жеке және көп қабатты тұрғын үйлер, "Талдықорған" индустриялық аймағы мен Оңтүстік өндірістік аймақ газ желісімен қамтылады. Оның жалпы құны 6,3 млрд теңге, бірінші кезең биылғы жылы іске асады деп күтіліп отыр.

Екінші кезекте "Самал", "Жастар", Мерекелік шағын аудандары мен "Жансүгіров", "Желтоқсан", "Қабанбай батыр", "Чкалов", "Белов", "Шевченко" көшелерінің бойындағы жеке және көпқабатты тұрғын үйлерге газ жеткізіледі. Жалпы құны 8,2 млрд теңге. Үшінші кезекте Өтеней және "Шығыс" шағын ауданы мен Жансүгіров, Алматы, Тілек Әбжалиев көшесінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді. Жалпы құны 5,75 млрд теңге. Төртінші кезекте Қаратал өзенінің бойындағы, Еркін, Көктал ауылдары мен қала маңындағы саяжайларға газ жеткізіледі. Қазір Талдықорған қалаішілік газ құбырын тарту жұмысын "Ақниет БН" ЖШС-і жүргізеді. Мамандарының айтуынша, Талдықорған қаласын газбен қамтамасыз етудің төрт кезеңдік жобасының тиісті қаржы мәселесі шешілген.

Бір қуанарлығы, кеше ғана облыс журналистерін қабылдаған өңір басшысы Амандық Баталов тағы бір жағымды жағдайды тілге тиек етті.

"Талдықорған қаласын газдандыру мақсатында осыған дейін Еуразиялық банкпен келіссөз жүргізілген еді. Міне, жуырда аталған банктен хат келді. Онда біздің қаржыландыруға қатысты ұсынысымызды қанағаттандыратындығы жайлы айтылған. Десе де, бұл қаржының қай уақытта қолға тиетінін нақты айта алмаймыз. Бірақ, қаланы толықтай газдандыру жұмысын облыстық бюджеттің есебімен жалғастыра береміз. Сол қатарға Талдықорған – Текелі қалаларының арасына газ тарту жобасы да қамтылады", – дейді әкім.

Демек, 6 желтоқсан күні Елбасының қатысуымен индустрияландыру күні аясында өткен телекөпір барысында тұсауы кесілген Текелі қаласындағы шойын өндіру зауыты да осы газ магистралі арқылы толық қуатымен жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу