Батыс әлемі Украинаны қалпына келтіруге кірісті

4574

Буча, Макаров, Вышгород, Бородянка сияқты шаһарларды қалпына келтіруге тендер жарияланды. Ал Ресейдің төлеуге тиіс репарациясының құны күн сайын өсіп барады. 

Батыс әлемі Украинаны қалпына келтіруге кірісті Фото: yandex.kz

Мәскеудің Украинаға қарсы соғысы 485 күннен бері жалғасып жатыр. Шет-шегі көрінбейді. Украина қалаларының, деревняларының, инфрақұрылымының қирауы да тоқтаусыз жүруде. Ендеше бұл елді қалпына келтіру шаралары белгісіз мерзімге кері ысырылуы мүмкін. Киев бұған жол бермеу үшін орасан күш салып жатыр.

Тіпті бейбіт мемлекеттердің де инвестор тартуға қауқары жете бермейді. Оның қасында дұшпаны зымырандармен, авиабомбалармен, снарядтармен үздіксіз, үстемелете соққылап жатқан елге қаржы салуға, миллиардтаған доллар көмек қаржы құюға инвесторлар мен шетелдік серіктестерді көндіру – орындалмас мұрат, алынбас асудай көрінеді. Бірақ бұл ғаламат істі Владимир Зеленский еңсергенге ұқсайды.

Батыс осы елге арналған "жаңа Маршалл жоспарын" қазірден іске қосуға кірісіп кетті. Осы мақсатта Еуропалық Одақ Украинаны қалпына келтіруге 50 миллиард еуро бөлетінін жариялады. Халықаралық сарапшылар бұдан ұжымдық Еуропаның тек ұтатынына назар аудартты: біріншіден, осы арқылы ол Мәскеуге Украинаны қолдаудан жалықпайтынын паш етеді. Екіншіден, Украинаны дәл қазір демеудің арқасында ауқатты Еуропа өз континентіндегі гуманитарлық және экономикалық алапат апаттың алдын алады. 

Әрине, ондаған миллиард еуро Украинаны толығымен реконструкциялап, еуропалық үлгідегі заманауи мемлекетке айналдыруға жетпейді. БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Еурокомиссияның дерегінше, бұл елге келген шығын кем дегенде 411 миллиард доллардан асады және соғыс ұзаған сайын шығын күн сайын өседі. 

Осы сәрсенбіде бүкіл дамыған елдерден үкіметтік делегациялар, халықаралық қаржы ұйымдары, жеке инвесторлар, әлемдік қайраткерлер Ұлыбритания астанасы Лондонға ағылды. Онда Украинаны қалпына келтіру жөніндегі алғашқы, кең ауқымды конференция (URC 2023) өтті. Форумға қатысушылар кейінге қалдырмай, Украинаны қазірден экономикалық, әлеуметтік тұрақтандырудың басымдықтарын анықтады.

БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының жыл басындағы мәліметі бойынша бүкіл Еуропа бойынша Украинадан қашқан 8 миллионнан астам босқын тіркелген. Осы орайда Лондон конференциясында Киев елді Әлеуметтік қалпына келтірудің жеке стратегиясының тұсауын кесті. Оны жүзеге асыру қорытындысында шетелге босып кеткен миллиондаған украиналық Отанына оралып, сонда өмір сүруге ынтығуы үшін жағдайлар жасалады.

Стратегия жобасын таныстырған Әлеуметтік саясат министрі Оксана Жолновичтің айтуынша, Украина әлемде бар ең үздік цифрлық шешімдердің мемлекетіне айналады. Онда барлық сервис онлайн жолға қойылады, ал әлеуметтік қызметтер сапалы әрі қолжетімді болады.

Стратегия елдегі бала туу көрсеткішін өсіруді қарастырады. Жетім қалған балаларды қабылдайтын отбасыларға қолдау көрсетіледі: оларға арнап жаңа үйлер салынады. Бүгінде ата-анасынан айрылған украиналық балалардың саны 9 мыңға жуықтаған. Стратегия соғыс кесірінен мүгедек болып қалған бейбіт тұрғындарды, майданнан жарымжан оралған жауынгерлерді әлеуметтендіруді, сауықтыруды және басқа бағыттарды қамтиды. Осы мақсатта барлық әлеуметтік мәселелер цифрландырылады, әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа жүйесі құрылады. Тәрбиелеудің отбасылық формалары дамытылады. Мемлекет әлеуметтік төлем алу жүйесін барынша жеңілдетпек. Украинада протездеу хабы қалыптастырылады.

Жалпы, бұл тәжірибені зерттеу соғыстан аман Қазақстанға да артық болмас еді. Біздің Еңбек министрлігінің мәліметінше, республикада мүгедектігі бар 711,8 мың қазақстандық тұрып жатыр. Олардың көбісі протезге зәру. Салдарынан әлеуметке кіріге алмайды.

"Мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік өмірге барынша толыққанды араласуы, уақытылы және кешенді реабилитациялануы, ассистивті технологиялармен жабдықталуы, жұмысқа орналасу кезінде қолдау көруі үшін барлығын жасауға жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде Украинада аса күрделі протездеуді талап ететін жағдайлар өте көп. Бұл мәселені шешу үшін оңалтудың жаһандық үздік практикаларын және инновациялық шешімдерді енгізбекпіз. Украинада протездеудің әлемдік хабын құра алатынымызға және бұл салада бүкіл әлемге пайдалы бола алатынымызға сенімдіміз", – деді министр Оксана Жолнович.

Өз кезегінде Еуропалық комиссия Украинаны қалпына келтіруге септесетін жаңа көп жылғы жобасын жариялады. Ол елу миллиард еуродан басталады және алда толыға отырып, ұзақ жылдар бойы қаржыландыруды қамтамасыз етуге тиіс. 

Жеке инвесторлар да әмияндарын айқара аша бастады. BlackRock пен JPMorgan Chase Украинаны дамыту қорын құруға кіріскендерін және бұл істе осы елдің Үкіметімен қоян-қолтық жұмыс істейтіндерін мәлімдеді. Қор қаражаттары қалпына келтіру жобаларына жұмсалады.   

Украинаның Громадалар, территориялар және инфрақұрылым істері жөніндегі министрінің орынбасары Александра Азархина ғаламат реконструкцияның басталып та кеткенін қаперге салды. Мысалы, былтыр, шапқыншылықтың алғашқы кезеңінде қатты күйреген атышулы Буча қаласы бүгінде адам танымастай өзгергенін айғақтайтын видеолар мен фотолар әлеуметтік желілерде жарияланды.

"Реконструкция жүріп жатыр. Бұл да біздің жауға бас имей, қарсыласуымыздың бір тәсілі. Көптеген адам Украинадан босып кетті. Бірақ ондаған миллионы елде қалып, өмір сүріп, жұмыс істеуде. Оларға "соғыс біткенше сендерге қамқорлық жасай алмаймыз" деп қалай айтамыз? Бейбіт халқымыздың негізгі қажеттіліктерін өтеудің, соның ішінде баспанамен қамтамасыз етудің амалын тапқанымыз маңызды", – деді А.Азархина америкалық Politico басылымына сұхбатында.

Себебі, халықаралық қоғамдастық тарапынан: "егер ертең Ресей бомбалап, бұзып тастаса, бүгін жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылымды салудың қандай мәні бар?" деген шүбәлі пікірлер айтылуда. Бұған жауап ретінде Лондон конференциясына арнаған сөзінде Владимир Зеленский Украинаны дәл қазір, соғыс барысында қалпына келтіру "бүкіл әлемге азаттық пен бостандықтың тізе бүкпей, тез еңсе тіктейтінін паш ету үшін қажет" екенін баса айтты.

Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ әзірлеген "Маршалл жоспары" жаһандық қырғыннан күйреген Еуропаның көтеріліп, жаңаша өркендеуіне ықпал етті. Енді осындай көмек ХХІ ғасырда тағы бір еуропалық елге көрсетілгелі тұр. Бұл ретте жалғыз Украинаға жұмсалатын сома өткен ғасырда Батыс Германияны қоса алғанда, 17 еуропалық мемлекетке жұмсалған қаражаттан ондаған есе асып кетуі ықтимал. Себебі, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джордж Маршалдың жоспарымен жүзеге асқан жоспар аясында 1948 жылғы сәуірден 1951 жылғы желтоқсан аралығында шамамен 13 млрд доллар гранттар мен кредиттер берілген.

Украинаның шығыны артып барады. Осы айда РФ әскерлерінің Каховский ГЭС-і су қоймасының бөгенін жаруы елді мекендерге де, инфрақұрылымға да, қоршаған ортаға да орасан зиян келтірді. Ол залал әзірге толық есептеліп болған жоқ.

Politico байламынша, бұл "Украина шығындарының ауқымы шынайы уақыт режимінде өзгеріп отыратынын көрсетті". Бірақ солай екен деп, қалпына келтіруді кейінге қалдыруға болмайды.  

"Адамдар өз өмірін қалыпты арнаға қайтарғысы, балаларын мектепке беріп, жұмыс істегісі келеді. Бұл адамның өмірлік қажеттілігі. Оның үстіне жаудың шегінуі және қорғанысқа көшуі нәтижесінде бүгінде Украинаның үлкен бөлігі бейбіт тіршілікке оралды. Ендеше қалпына келтіру жұмыстарын соғыстан кейінгі кезеңге ысыруға болмайды. Халық мұны шұғыл әрі қазір қажетсініп отыр", — деді вице-премьер-Еуропалық және еуроатлантикалық интеграция мәселелері жөніндегі министр Ольга Стефанишина.

Конференцияда белгілі болғанындай, Украинаны қалпына келтірудің ауқымы кең, сан-салалы болмақ. Мысалы, ол соғыс кезінде бұзылған 300-ден астам көпірді қайта салудан бастап, ресейлік бомбалау салдарынан қордаланған миллиондаған тонна улы қалдықты утилизациялауға, ел аумағын минадан арылтуға дейінгіні қамтиды. Минадан арылту 15 жылға созылмақ.

Еуропалық комиссия бұл елге бастапқыда 33 млрд еуроны кредит түрінде және 17 млрд еуроны қайтарымсыз грант түрінде ұсынады. Бұдан бөлек, Еурокомиссия Украина шығындарын қосымша  несиелендіру үшін Еуропалық инвестициялық банкпен келіссөздер жүргізуде. Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен бұл қадам өзге донорларға да серпін беретінін жеткізді.

Ал АҚШ қалпына келтіру жұмыстарына таяу арада 1,3 миллиард доллар қосымша көмек ұсынуға әзір. Бұл туралы Лондон конференциясында Американың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мәлімдеді. Дегенмен, ол Украинаны қалпына келтіру және өркендету шығындарының басым көпшілігін Ресей көтеруге міндетті болатынын ескертті. Ресейдің 300 миллиард еуроға жуық халықаралық резерві бұғаттаулы тұр.

"Украинаның қирауына Ресей себепкер болды. Тиісінше, ақыр соңында Украинаны қалпына келтіру шығыстары да Ресейдің мойнына жүктеледі", – деді Энтони Блинкен.

Халықаралық сарапшылар Украинаның заманауи еуропалық мемлекетке айналатынына сенімді. Бұл жоба қарқынды жүзеге асырылуда. Алдымен былтыр Еуропалық Одақ бұл посткеңестік республикаға ЕО-ға мүшелікке кандидат мәртебесін берді. Сондықтан ұжымдық Еуропа өзінің болашақ мүшесі жарымжан, жайрап қалған емес, бой тіктеген, тұрақты, экономикалық саламатты демократияға айналуы үшін барын салады.

Бұдан Еуропа да ұтады. Еурокомиссия вице-президенті Марош Шефчовичтің айтуынша, Украина Еуропа үшін қажетті ресурстарды жеткізе алады. Соның ішінде Еуроодақ өзі үшін сындарлы түрде маңызды деп тапқан 30 шикізат түрінің 21-і Украинада бар.

Қалай болғанда, кеше Украинаның қалпына келтіру агенттігі Буча, Макаров, Вышгород сияқты қалалар мен елді мекендерде көп қабатты үйлерді реконструкциялау бойынша алғашқы тендерлерді жариялады. Бородянкада тіпті әкімшілік ғимараттарды қалпына келтіру басталмақ. Алғашқы саудалар бұл елдің Prozorro сатып алулар жүйесінде орналастырылған. Өтінімдер 5 шілдеге дейін қабылданады.

Бұл ретте күрделілігіне қарай әрбір үйді қалпына келтіру үшін 27,8 миллионнан 96 миллион гривнаға (2,66 миллион доллар немесе 1,2 миллиард теңге) дейін төленбек. Қазақстан Украинаны қолдаушы серіктестерінің қатарында болмағандықтан және Ресейдің одақтасы саналатындықтан, тендерлерге әзірге қазақстандық компаниялардың жіберілуі неғайбыл.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу