Израильдің Газа секторына жасап жатқан қанды шабуылдарына америкалық университеттердің кампустарындағы студенттер жаппай наразылық білдіріп жатқанына бірнеше аптаның жүзі болды. Бұл жағдай талай палестиналықты разы етті. Бірақ газалықтардың кейбірі өздері сан жылдар бойы одақтас санаған араб елдерінің үнсіз отырғанына аң-таң.
Жақында АҚШ-тың жоғары оқу орындарында палестиналықтарды жақтаған демонстрациялар студенттер мен полицейлер арасындағы демонстрацияларға ұласып, талай адам тұтқындалды. Ал "әл-Жазира" телекомпаниясының хабарлауынша, биыл Америка Құрама Штаттарының түкпір-түкпіріндегі колледждердің түлектері Палестина жалауларын жамылып, шапандары мен халаттарын киіп, дипломдарын алу үшін сахнаға шығып жатыр.
Ия, Таяу Шығыстың кейбір мемлекеттерінде де осындай акциялар өтті. Бірақ олардың ауқымы тар, үні пәс әрі дүние жұртына жетпегендей көрінді.
"Біз әлеуметтік желілер арқылы протестерді күнде бақылап отырамыз. Олар кейде қуантып, кейде қайғыртады. Қайғыртатыны сол – мұндай шерулер араб және мұсылман елдерінде өте бермейді. Студенттерге Газа секторымен ынтымақтастық білдіргені үшін алғыс айтамын. Сіздердің үндеулеріңіз бен қолдауларыңың бізге жетті",- дейді Газаның оңтүстігіндегі Рафах қаласына бас сауғалап барған Ахмад Резиқ "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.
Кейбір бақылаушылардың ойынша, араб кампустарындағы салыстырмалы түрдегі тыныштықтың астарында автократиялық үкіметтердің шамына тиюден қорқудан бастап, "Хамаспен" және оның ирандық одақтастарымен арадағы саяси алауыздыққа дейінгі себептер жатыр. Бұған қоса, араб жастары өздерінің шерулері мемлекеттік саясатқа ықпал ете алатынына күмәнмен қарауы мүмкін.
Сонымен қатар, Американың элиталық университеттерінің студенттері наразылық акциялары үшін тұтқындалып немесе оқудан шығарылуымен ғана шектелсе, араб елдерінің азаматтары рұқсатсыз манифестацияларға қатысқаны үшін әлдеқайда қатаң жазаға тартылуы ықтимал.
Өзге бір пікірлерге қарағанда, америкалық жастарды шерулерге ынталандырған тағы бір жайт – олардың өз үкіметі Израильді қаруландырып жатыр. Сонда Газада бейбіт тұрғындардың, әсіресе, әйелдер мен балалардың мыңдап қырылуы арабтар үшін көтерілуге мотивация емес пе? Бұл сауалға нақты жауап беру қиын.
Палестиналықтарды қолдаған кейбір митингтер, көбінесе Йеменде өтті. Және де бұл мемлекеттегі шиит-хуситтер Израиль-Хамас жанжалына килігіп, Қызыл теңізде сауда кемелеріне соққы бергені белгілі.
Сонымен қатар, аймақтың барлық арабтары көшеге шықпаса да, әлеуметтік желілерде Израиль мен алапат соғысқа қарсылығын байқатып, Газадағы араб бауырларына қолдау білдіріп жатыр. Дегенмен, кейбір газалықтар үшн бұл наразылық Құрама Штаттардағы протестермен салыстыруға келмей тұр.
"Мен араб студенттерін америкалықтардың істегенін істеуге шақырамын. Арабтар бізге америкалықтарға қарағанда көбірек жақтасуы керек", - дейді соғыс кесірінен Газаның солтүстігіндегі үйін тастап кеткен Суха әл-Кафарна.
Қоғамдық пікір
Израильмен 1979 жылы бейбіт келісімге қол қойған және президенті Әбдел Фаттах әс-Сиси қоғамдық шерулерді заңсыз деп жариялаған Мысыр елінің басшылығы Израильге қарсы демонстрациялар кейіннен Каирдегі үкіметке қарсылыққа ұласып кетеді қауіптенеді.
Бұндай алаңдаушылыққа себеп бар. Мәселен, қазан айында үкіметтің рұқсатымен Газадағы соғысқа қарсы ұйымдастырылған манифестация кезінде адамдар бағыттан тайып, жергілікті билікке қарсы ұрандар көтеріп, бірнеше демонстрант қамауға алынған.
"Бұл жердегі тұтқындалу мен АҚШ-тағы тұтқындалудың арасы жер мен көктей. Үрей факторы көпшілікті көшеге шығармай отыр", - дейді Каирдегі америкалық университеттің атын атаудан бас тартқан студенті.
Араб әлемінің Ливан, Иордания сияқты палестиналық босқындарды көптеп қабылдаған елдерінің қиын тарихы да шеру мәселесінде өзіндік рөл ойнап отыр.
Ливанда кейбіреулер палестиналықтарды 1975-1990 жылдары елде азаматтық соғыстың басталуына кінәлі деп есептейді. Өзге бір ливандықтар палестиналықтарды ашық қолдауды Иранға арқа сүйеген "Хезболла" қозғалысы өз мүддесіне пайдаланып кетеді деп қауіптенеді. Айта кетсек, шииттік "Хезболла" жасақтары Газада әскери жанжал басталғалы шекарада Израиль жауынгерлерімен атысып келеді.
"Араб дүниесі Колумбия немесе Браун (АҚШ университеттері) тәрізді реакция байқата алмайды. Себебі оларда мұндай мүмкіншілік жоқ. Оның үстіне, араб елдерінде қоғамдық пікір көп жағдайда палестиналықтар жағында. Егер шерулерге рұқсат берілсе, бұл қолдаудың соңы неге әкеп соғатыны белгісіз", - дейді Бейруттағы Америка университетінің тарих профессоры Макрам Рабах "Рейтерге" берген комментанийінде.