"Батыс Еуропа – Батыс Қытай" көлік дәлізі жамбылдықтарға мәселе туғызып тұр

4386

Соңғы 5 айда күрежолда 14 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам қайтыс болды.

"Батыс Еуропа – Батыс Қытай" көлік дәлізі жамбылдықтарға мәселе туғызып тұр

"Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізі бойындағы ауыл тұрғындары малын жазғы жайылымға шығара алмай жүр.

Жамбыл облысында жалпы жер қоры 14 426,4 мың гектарды құраса, оның 65 пайызы, яғни 9 млн 406 мың гектары жайылымдық жер. Қазіргі таңда малдың көбі қыстау-жайлауларда емес, ауыл маңында өрістейді. Салдарынан ауыл айналасындағы 15-20 шақырым жер тақырға айналған.

Жамбыл облысы аумағынан өтетін "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автожолының жалпы ұзындығы – 495 шақырым. Ол Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарын кесіп өтеді. Соңғы жылдары толық пайдалануға берілген жолдың игілігін тұрғындар көріп-ақ жатыр. Алайда жол бойында малмен күн көріп отырған халыққа ыңғайсыздық туғызуда.

Аталған жол Жуалы ауданының 36 шақырымын кесіп өтіп, Түркістан облысы Түлкібас ауданымен жалғасады. Осы қашықтықтағы даңғыл жолдың астынан мал өткелі, үстінен көлік өтетін көпір салынбаған. Ауданда 14 ауылдық округ болса, оның алтауы жолдың оңтүстік, 8-і солтүстік бетінде орналасқан. Жұрттың жанайқайы, міне осы мал өткелі мен көлік көпіріне қатысты болып отыр.

Автодәлізде мал өтетін үш-ақ жоласты өткелі бар. Жол салынып жатқанда соның бірін "Гамбург" ЖШС мен аудан басшылары дабыл қағып, салдырған. Өйткені жайылымдық жер телімі жолдың келесі бетінде қалып қойған 700-ден астам түтіні бар Нұрлыкент ауылынан ірілі-ұсақты 7 мыңға жуық мал өріске шығады. Жол бойында орналасқан "Гамбург" ЖШС-нан 1200 бас мүйізді ірі қараның жайылымы да Қаратаудың етегінде. Малын Қаратауға айдайтын 4 ауыл және бар. 2009 жылы салынған бір ғана осы мал өткеліне республикалық бюджеттен 25 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты.  

Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралаповтың айтуынша, ауыл тұрғындары осы өткелдің өзіне шүкір деп отыр.

"Жауын-шашынды күндері төмен салынған мал өткелінің екі жағы суға толып кетеді. Шынында бір мал өткелі бір ауылға тым аз. Ауылдың келесі басындағы тұрғындар да малын осы тұстан айдайды. Басқа амал жоқ. Өйткені барлық жайылым теріскейдегі Қаратаудың етегінде. Ал ауданның қысы қатал, тіпті қар, жаңбыр жауған кездері бұл көпірдің астымен мал айдаудың өзі қиын. Көрші ауыл тұрғындарымен бірге тағы бір мал өткелін салу мәселесін он жылдан бері көтеріп келеміз", – дейді ол.  

Жамбыл мен Жуалы аудандарының Құрметті азаматы Жарас Мұратайдың сөзінше, жол айрығының жоқтығынан "Бауыржан Момышұлы-Қошқарата", "Бауыржан Момышұлы-Ақбастау" бағыттарында, Тәттібай Дүйсебайұлы, Шақпақата ауылдарында және Күйік асуындағы бұрылыстарда жол-көлік оқиғалары жиі орын алады. Тегіс жолмен жүйткіген көліктердің жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғалары да көбейген.

"Бұрылыстарда жеңіл көліктердің жүк және ауыл шаруашылығы техникаларының астына кіріп кету қаупі жиілей түсті. Орақ науқаны басталса комбайн, К-700 алып тракторы, КПС шөп орғышы, дән сепкіш секілді техникалар жол қозғалысына едәуір кедергі келтіріп, жолдың келесі бетіндегі алқапқа жету үшін бірнеше шақырымды айналып өтуге мәжбүр", – дейді ол.

Мұндай жағдай Байзақ ауданында да бар. Сарыкемер ауылының тұрғыны Шапай Таңатаров "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" транзиттік көлік дәлізінің аудан аумағын кесіп өтетін үш жол қиылысында жол-көлік оқиғалары жиі болатынын айтады.

Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков бұл ауданда жол-көлік оқиғаларының жиілеп кеткенінен хабардар. Басқарма тарапынан мұндағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жол кедергілері биіктетілген. Нәтижесінде жол-көлік оқиғалары едәуір азайыпты. Жалпы Байзақ ауданының үш қиылысынан айналма жол айрығын салу жоспарланып, қаржы көзі қарастырылып жатқан көрінеді. Жоғарыда сөз болған бір ғана Нұрлыкент ауылындағы жол айналымында соңғы 5 айда 14 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам қайтыс болды. Басқарма басшысы осы маңда мал өткелі салынбағандықтан, Жуалы мен Жамбыл аудандарының малшылары көлік нөпірін тоқтатып қойып, мал айдап өтетінін де біліп отыр.

Жуалы ауданының құрметті азаматы Болатбек Қайыпбеков құзырлы министрлікке жазған хатында былай деген: "Көктемде Алатаудағы, күзде Қаратаудағы жайылымға мал айдап өтудегі әбігерлікті тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Даңғыл жолмен арындап келе жатқан көліктерге малшылар күнұзақ көйлек-шапандарын, қалпағын сермеп, өтіп алуға рұқсат сұрап тұрады".

Бұл ретте өзге аудандардың да ақсақалдары қарап жатқан жоқ. Жайылым жайын жиі көтеріп, өтініш-тілектерін билік тарапына жеткізуге тырысып бағуда. Мәселен Т.Рысқұлов ауданындағы Жақсылық ауылының тұрғындары "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" көлік дәлізіндегі жалғыз мал өткелінің ауылға аздық ететінін айтуда. Жамбыл ауданының Айшабибі ауылының қариялары жол бойынан арнайы мал өткелі салынбағандықтан малды жол үстімен айдап өтуге мәжбүр екендерін жеткізуде. Ал жуалылық ақсақалдар тобы мал өткелін салу жөнінде премьер-министрге, парламент депутаттарына бірнеше рет хат жолдаған.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу