Дмитрий Шашкин — Тбилисиде туған. Ұлты – орыс. Ол Грузия Үкіметінде әр жылдары түрлі биік лауазымдар атқарды: ол Пробация министрі, Білім министрі, Қорғаныс министрі лауазымында көптеген салада озық реформаларды ілгерілетті. Президент Михаил Саакашвилидің командасындағы "ең америкашыл" министрлердің бірі саналды. 2012 жылы Грузияда кремлшіл күштер билік басына келіп, Саакашвилиді қудалауғанда, өз еркімен елді және мемлекеттік қызметті тәрк етіп тастап кетті. Дегенмен, 2013 жылы отбасымен Америкадан кері оралды.
Дмитрий Шашкин грузиялық белгілі журналист Ия Барателиге сұхбатында 2008 жылғы грузиялық-ресейлік соғыс туралы, сонда АҚШ пен Түркияның Грузияны аман сақтап қалғаны, бүгінде ушыққан Мәскеудің империялық дерті жайында сыр шертті.
Осыдан тура 15 жыл бұрын, 2008 жылғы 8 тамызда Грузия елінің құты қашқан еді. Ия Барателидің еске алуынша, Тбилиси тұрғындары әне-міне, алып ұшақтармен орыс десантының ел астанысының түбіне танк және басқа техникасымен сау етіп түсуін үрейлене күтті. Бұл кезде елдің шетінде сұрапыл соғыс жүріп жатқан. Грузияның аспанына өзге елдердің ұшақтары кіруін күрт доғарды: елдің төбесінде тек ресейлік бомбалаушы ұшақтар қаптап жүрді.
Грузия билігі жалпыұлттық мобилизация жариялады. Дегенмен, елді дүрліктірмеу үшін әзірге оккупацияланбаған аймақтарда бейбіт өмір көріністерін барынша сақтауға күш салды: банктер, банкоматтар, сауда орындары жұмысын жалғастырды, полиция жол қозғалысы ережелерін сақтамаған көліктерді тәртіпке салды.
Еуропа әдеттегі қорқақ тірлігіне басты: Францияның сыртқы істер министрі Бернар Кушнер грузиялық Гориге батыл сапарлағанымен, Еуропалық Одақ "Грузияға бақылаушыларын ғана жолдай алатынын" мәлімдеді. Яғни, алдында уәде етілгендей, әскери көмек жібермеді.
Оның орнына Саркози Грузия лидеріне ұшақ жіберуге уәде етіп, қашуға кеңес беріпті. Саакашвили ел астанасында қалды. Сол арқылы жауына өліспей беріспейтінін Батысқа паш етті.
12 тамызда француз президенті Николя Саркози Мәскеу және Тбилиси арасындағы бейбіт келісім жобасын келісімнен өткізгендерін хабарлады. Бірақ ресейлік әскер жерден және әуеден Грузияны бомбалап, ел орталығы Тбилисиге қозғалысын жалғастырды.
Ал 13 тамыз күні әлемдік ақпарат құралдары Америка Құрама Штаттарының Президенті Джордж Буштың Ақ үй алдында жасаған мәлімдемесін жарыса таратты. Буш АҚШ-тың Грузияда "гуманитарлық операцияны" бастағанын жариялады. Барателидің айтуынша, тек сонда ғана сарапшылар соғыстың кілт тоқтайтынын, орыс танктері Тбилисиді таптап, халықты зорламайтынын түсінді.
Бірақ бұған санасы жетпегендер табылыпты. Буш командасының айлалы қадамының астарын түсінбеген, жете бағалай алмаған кейбір қайраткерсымақтар, былайғы жұрт америкалық гуманитарлық жүктердің түкке қажеті жоқтығын айтумен болған. Мәселен, Құрама Штаттардан шұғыл жеткен көмек жүктің арасында судың болуы оларды ашуландырыпты: "біздің өзімізде су құрып қалды дей ме?"
Саакашвили "Грузияның ең үздік патриоттарының бірі" деп биік бағалаған Д.Шашкин сол зұлмат күндерді санада жаңғыртып, сол гуманитарлық операцияның терең мағынасына назар аудартты.
"Шынында бұл сол кезде теңдесі жоқ шара еді: НАТО мен Еуропа іргесінде басталған соғыстан тыс қалғанда, АҚШ соғысқа әскери араласу туралы шешім қабылдады. Әрине, "гуманитарлық операция" деп аталғанымен, оны жүзеге асыру тікелей Пентагон басшысы Роберт Гейтске жүктелді. Америка Грузияның жаудан азат теңіз порттары мен әуежайларын дереу өз бақылауына алды. Сол тұста Буш әкімшілігінде менің достарым көп болатын. Президенттің Ақ үй алдындағы брифингі басталардан 45 минут бұрын олар онда нендей мәлімдеме жасалатыны жөнінде құлағдар етті. Бүгінде, 15 жыл өткенде сондағы оқиғалар жинақтала келе, пазлға тұтасты. Негізі, қызуқанды Буш басқыншыл Ресейге қарсы нағыз әскери операция бастап, Грузияға Американың қуатты армиялық контингентін аттандыруға, Грузия аспанын жабу үшін тегеурінді авиациясын жолдауға әзір болған. Алайда Мемлекеттік хатшы Кондолиза Райс пен Пентагон басшысы Роберт Гейтс оны райынан қайтарып, Мәскеуді "бітімгершілік миссиямен" де тоқтатуға болатынына сендіреді. Шынымен де солай болды да шықты", – деді Д.Шашкин.
Ресей Америкамен қақтығысудан ықты.
Вашингтонда Буш мәлімдеме жасап жатқанда, Иорданиядан америкалық алып "Hercules" ұшақтары Сакартвело елін бетке алды. Hercules — АҚШ-тың ең үлкен әскери тасымал ұшағы. "Геркулестер" қарулы қақтығыс ошақтарына жалғыз ұшпайды. Оны үнемі жойғыш ұшақтар қалқалап жүреді. Сол жолы да бұл алыптарды америкалық истребителдердің бес буыны сүйемелдеп отырған. Олар әрине, алпамса ұшақтар толы су мен көрпені қорғаған жоқ, оларға жүктелген миссия басқа болатын.
Олардың мақсаты – ел астанасы Тбилисидің әуежайына қалқан болу еді. Өйткені егер Мәскеу гуманитарлық операцияны елемесе, онда бұл жойғыш ұшақтар жауды тойтаруға қажет болады.
"Америкалық жойғыш ұшақтардың командирі сонда бізге ашығын айтты: "Орыстардың әскери ұшақтарының Грузия аспанындағы ендігі кез келген белсенділігі Америкаға шабуыл ретінде қабылданады". "Геркулестер" Тбилисидің әуе қақпасының ұшу жолағының ортасына қонды және бірнеше күн бойы орнынан жылжымады. Осы айбынымен-ақ олар астанамыздың аспанын жау шабуылынан жапты. Сонымен бірге АҚШ-тың атақты Алтыншы флотының флагманы Грузияның теңіз жағалауына бет қойды. Қуатты радарлары бар бұл алып кемеде флоттың қолбасшысы орналасады: ол қайда барса крейсерлер сонда бағыт алады, сол жерден ол бүкіл авианосецтер тобына әскери міндет қояды. Америкалықтар Тбилиси—Волгоград—Мәскеу үшбұрышын өз бақылауына алды", – деді Д.Шашкин.
Осыдан-ақ америкалықтардың бұл қырғынды тоқтатуға араласудан тайынбайтыны анық байқалды. Грузияның Қорғаныс экс-министрі сол кезде Американы Барак Обама басқармағанына қуанады: ол кейін Германия канцлері Ангела Меркелмен бірігіп, Қырымынан және Донбасынан айрылған Украинаны Мәскеуге жығып берген болатын. Дмитрий Шашкиннің айтуынша, Буш болмағанда 2008 жылы барлығы алапат апатпен аяқталып, Грузия мемлекеті жер бетінен жойылатын еді.
И.Баратели ел басына күн туған сол шақта Түркияның да көмекке келгенін, Ресейді тоқтатқанын еске салды.
"Грузияның аман қалуындағы Түркияның да рөлі өте үлкен болды. Мысалы, Анкараның қатаң, табанды ұстанымы арқасында Ресей әскері ежелден түріктердің қорғанында болған Аджария өлкесіне баса-көктеп ене алмады. Түркия сонда дипломатиялық арналар арқылы Мәскеуге шұғыл ескерту жолдады: Аджария автономиясы Түркия мен Грузия КСР-і арасындағы 1921 жылғы Карс шарты аясында құрылған. Сондықтан Түркия бұл өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және соны кепілдендіретін Карс шартын орындайды. Нәтижесінде Қара теңізге шығуға ұмтылған Ресей әскері аджар шекарасын бұзып өте алмады және Батумиге жете алмады. Оның үстіне аспанның жабық болғанына қарамастан, Түркия дәл соғыс күндері Грузиямен ынтымағын білдіру үшін Тбилисиге аттанған Украина, Польша және Балтық елдері президенттерінің сапарын ұйымдастырды. Түріктер Грузияның астанасына келуді қалайтын барлық президенттің ұшақтарының қауіпсіздігіне кепілдік берді", – деді Д.Шашкин.
Оның айтуынша, Мәскеудің іс жүзіндегі қожайыны (ол кезде оны президентік тақта уақытша Д.Медведев ауыстырған) Цхинвали мен Абхазияны ғана оккупациялаумен шектелуді ойламады. Кремлдің басты мақсаты – Тбилисиді тізе бүктіріп, ондағы билікті ауыстыру болды.
"Путин Грузияға Еуропалық Одақ пен НАТО-ға кіруге ұмтылғаны үшін өшікті. Ол Кеңес одағының ең бір артта қалған елі серпінді дамуға шыққанын көре алмайтын. Грузияға қонаққа, саяхаттап келетін ресейліктер мұндағы өзгерістерге, ізгі реформаларға, жаңғыруларға тамсанатын, тәнті болатын. Мұны сол кезде ресейлік оппозиция да үлгіге ұсынатын. Біз жемқорлықтан арылдық, өрлеу жолына түстік. Грузияға келіп, Американың көмегімен жүзеге асқан бұл бетбұрыстарға қаныққан Буш соған үлес қосқанын мақтан тұтатын. Грузия сол тұста демократиялық реформалардың флагманы, өзге посткеңестік елдерге үлгі болатын. Бұл Мәскеуге ұнамады", – деді Дмитрий Шашкин.
Ресей пропагандасы сол соғыстың басталуына Саакашвилидің Цхинвалидегі полициялық операциясы себепкер болғанын, содан бейбіт тұрғындарды озбырлықтан қорғау үшін сондағы ресейлік бітімгершілер араласуға, Грузияны қару күшімен бітімге иліктіруге мәжбүр болғанын халықаралық қоғамдастықтың құлағына құйды.
Грузияның бұрынғы Қорғаныс министрі шындық мүлдем басқаша екенін айтады.
"Біз әлдебір соғыс бастау үшін тым кішкентай елміз, біздің армиямыз 20 мың адамнан ғана тұрды. Біздің 2008 жылы ешкіммен қарулы қақтығысқа дайындалмағанымызды айғақтайтын бір жайт бар: ол кезде Бейжің Олимпиадасы басталып жатқан. Саакашвили соған баруға дайыналды, ұшағы дайын тұрды. Парламент пен Үкіметтің өкілдерінің көбі демалыста жүрді. Біз соғысты бастаған жоқпыз, полициялық операция жаудың шапқыншылығына жауап болатын. Соғыс бескүндік болған жоқ және 8 тамызда басталған жоқ. Бұрынғы Қорғаныс министрі ретінде айтамын: ауқымды әскерді бір тәулік ішінде өзге елдің шекарасына жеткізу мүмкін емес. РФ армиясы сол жылғы жазда іргелес Солтүстік Осетияда жаттығулар өткізумен болды. 1 тамызда Рокский тоннеліне кірді. Грузия әскерінің қарсылығын басып, 3 тамызда ішкері өтті. Бұл кезде операция аясында Цхинвалидегі әйелдер мен балалар эвакуацияланды. Грузия территориясына кірген соң РФ әскері Цхинвали өңіріндегі грузин ауылдарын бомбалай бастады", – деді Д.Шашкин.
Яғни, сонда жарияланған полициялық операцияның мақсаты – атқыланған шатқалда қамалған бейбіт тұрғындарды қорғау болатын. Грузияның айналдырған 20 мың әскері лап қойған 100 мың әскерге қарсы тұра алмасы белгілі болыпты. Бірақ операцияның міндеті орындалды: грузин ауылдарынан мыңдаған тұрғын құтқарылды.
Ары қарай РФ әскері Тбилисиге өршелене ұмтылды.
Ия Баратели одан: "Ресей тағы да Грузияға шапқыншылық жасауы мүмкін бе?" деген сұрақ қойды.
"Путин Грузия мен Украинаның тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүргенін қаламайды. Бірақ Ресей Украинамен соғысып жатқанда, оның Грузиямен соғысы болмайды. Жалпы, Грузия да, Қазақстан да Украинаға қарыздар, соған алғыс жаудыруға тиісті. Себебі, Украина Ресейдің бүкіл соққысын өзіне қабылдады. Өкінішке қарай, бүгінде Грузия Ресейдің шабуылына дайын емес. Бізде ешқандай соғысу концепциясы да жоқ. Егер Мәскеу басқыншылығын бастаса, біздің ынжық билік бірден капитуляция жасайды. Сондықтан Грузия үшін дәл қазір ең басты қауіпсіздік кепілі – Украина", – деді Дмитрий Шашкин.
Сарапшының байламынша, Киев тізе бүксе, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі республикаларға қауіп төнбек.
Әйтсе де, Грузияның бұрынғы Қорғаныс министрі Украинаның енді жеңілмесіне сенімді. Өйткені Украинамен соғыста жеңу үшін Ресейге Киевті, Харьковты және Львовты алу керек болады. Сарапшының пікірінше, қазіргі Ресей бұған қауқарсыз.