Биатлон баурап барады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2347

Бүгінде биатлон бәйгелері десе, ішер асын жерге қоятын қандастарымыздың саны артып келеді. Сонда қазақты несімен баурап барады бұл спорт?

Биатлон баурап барады

Әзірге пір тұтарымыз шетел саңлақтары

Жақында биатлоннан әлем чемпионаты өтті. Әлеуметтік желілерде оның әрбір бәйгесінен алған әсерімен бөлісіп отырғандар аз болған жоқ. Мәселен, ерлер арасындағы эстафетадан кейін "Мартин Фуркад неге Ресей биатлоншысын қуып жетпеді" деген сауалдың көпшілікті алаңдатқанын байқадық.

Былтыр туған ауылыма бардым. Балық аулап, аң-құс атып жүретін аңшы жігіт болушы еді. Соның да әңгімесі – биатлон. Өзі ұшқан құс пен жүгірген аң атып жүргендіктен болар, жылжымайтын нысананы дәл көздей алмайтын биатлоншыларға кейіп әлек. Екі-үш рет қатарынан мүлт кеткенін көрсе, күйіп-пісіп, шыж-быж болады.

Өкінішке қарай, қазір біздің елде халық сүйіспеншілігіне бөленген биатлоншы жоқ. Біздің жанкүйерлер Мартин Фуркад, Уле-Эйнар Бьёрндален, Лаура Дальмайер, Габриэла Коукалова деп шетелдік биатлоны қыз-жігіттердің аттарын жатқа соғады. Қайсысы мерген, қайсысының жылдамдығы жоғары, бәрін-бәрін біледі.

Биатлон қазақтың жанына жақын ба?

"Неге осы биатлонды қазақтардың біразы сүйіп көреді?" деген сауал біраз мазалады. Әрине, бір-екі рет көрсең адамды баурап алады. Десек те, бізді магниттей тартатын бір ерекшелігі, мергендік өнермен сайысқа түсу сияқты.

Кейкі батырдың ұрпақтары осы бір мергендік өнерге тәнті болатын шығар. Ертеде, жаугершілік заманда батырлар арасындағы дау-дамай да осы мергендік өнермен шешілген жоқ па еді? Батырлар бір сұлуға таласып қалса, әлгі қыздың әшекей бұйымын жебе жетпес жерге іліп, сайысқа түскен.

Ұлы Отан соғысы жылдары Әлия Молдағұлова, Төлеуғали Әбдібеков, Ыбырайым Сүлейменов сынды және басқа да снайперлеріміз құралайды көзге атқан мергендіктерімен көзге түсіп, есімдері тарихта өшпестей болып жазылып қалды.

Рас, спорт түрлерінің ішінде нысана көздеу, садақ ату секілді мергендер сайысы бар. Бірақ олар адамды жалықтырып жібереді. Ұзақ сайыс, өлі тыныштық мезі қылады. Әйтеуір тартпайды.

Ал биатлон дегбірді алып, делебені қоздырады. Әртүрлі қашықтықтағы бәйгелерінде де өзгешеліктер бар. Мүлт кетсе, кейде қосалқы үш оқты қолданады, ал қайсыбірінде бірден айып шеңберіне асығады. Жатып та атады, түрегеп те көздейді. Қойшы, қызық әйтеуір...

Бір жылда 300 мың еуро

Ең бастысы, биатлоншылар бос жүгірмейді. Қазіргі бәйгелерінің барлығында дерлік ақшалай жүлделер сарапқа салынады. Маусым бойы әлем кубогы бәйгелері өтеді. Әр бәйгесінің жүлде қоры – қып-қызыл ақша.

Әлем кубогының кезеңдік бір бәйгесінде бірінші орын алсаңыз, қалтаңызға 13 мың еуро түседі. Ал эстафетада топ жарған құрамаға 20 мың еуро беріледі. Бір маусымдағы әлем кубогының қорытынды есебінде бірінші орынға ие болып, "Хрусталь глобус" иегері атанған спортшы 28 мың еуроны жан қалтасына басады. Солай кете береді...

Жақында әлем чемпионаты өтті дедік қой. Оның да жүлде қоры қомақты болды. Бес алтын, бір күміс олжалаған неміс қызы Лаура Дальмайер 65 мың еуроға ие болды. Ерлер арасында бес жүлде алған Франция жұлдызы Мартен Фуркад 45 мың еуро еншіледі (1+2+2).

Осы ретте айта кетейік, әлем кубогының жекелей сындағы бәйгелерінде 1-10-орын, ал әлем чемпионатының жекелей жарыстарында 1-15-орын алғандарға ақшалай жүлде бөлінеді. Эстафетадан екеуінде де 1-6-орын аралығындағыларға сыйақы қарастырылған.

Жалпы әлемдегі ең үздік биатлоншылардың бір жылда алатын ақшалай жүлделерінің сомасы үш таңбалы санға жетеді. Мысалы Мартен Фуркад былтыр 285750 еуро, ал алдыңғы жылы 237500 еуро қаржыны осы биатлон бәйгелерінен тапты.

Биыл оның ақшалай жүлделерінің сомасы 300 мыңға жетіп жығылса, таң қалмаймыз. Өйткені биыл да жалпы есепте көш бастап келеді. Әрі алтыншы жыл қатарынан "Хрусталь глобус" жеңімпазы атанатын сияқты.

Түйін

Егер қазақ биатлоншыларының бірінің бағы жанып, маңдайы жарқырап шықса... Онда бұл спорт түрінің біздегі беделі күрт көтеріліп, қызығушылар саны арта түсер еді, әттең!

Негізі бізге осы спорт түрін дамыту керек сияқты. Қыз-жігіттеріміз меңгеріп кете алатын спорт түрі секілді. Мергендік қанымызда бар. Рас, оңтүстікте өркендете алмаймыз. Бірақ алты айда қары сіресіп жататын өңірлеріміз, таулы-қыратты аймақтарымыз бар ғой.

Содан кейін мергендік өнерді шыңдау үшін де қыруар ақша, дәлірек айтқанда, қорап-қорап оқ-дәрі керек екені де белгілі. Бірақ қанша қымбат болса да, шайбалы хоккейден асып түспейтін шығар?!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу