Билет бағасын арзандату үшін шетелдің әуе тасымалдаушылары тартылады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3976

Венгриялық лоукостер Wizz Air Астана-Будапешт бағытындағы билетті 39,99 еуродан ұсынып отыр. 

Билет бағасын арзандату үшін шетелдің әуе тасымалдаушылары тартылады

Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек елімізге шетелдік әуе тасымалдаушыларды тарту жалғасатынын айтты. Мұндағы негізгі мақсат – билет құнын төмендету.

Сенаттың пленарлық отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылау барысында депутаттар индустрия және даму министріне билет бағасын төмендетуге қатысты сұрақ қойды.

Министр бірқатар әуе компанияларының келуі нәтижесінде қазірдің өзінде ішкі нарықта бәсекелестіктің басталғанын айтты.

"Осы сұрақ жиі қойылады. Сала бойынша көш бастап тұрған әуе компаниясы – "Эйр Астана". Ішкі нарықтағы әуе билеттері бағасын төмендету үшін ішкі бағдар бойынша байқау өткізу талаптарынан бас тартқанымызға үш жыл болды. Бүгінгі күні бұл нарық толықтай ырықтандырылды. Қазір екі бағыт бойынша 4 тасымалдаушы бар. Олар - Алматы-Шымкент және Алматы-Астана. Алматы-Астана жай күндері 17 рейске дейін жасайды. Ал "БЕК Эйр", "Қазақ Эйр" және "СКАТ" тарифтері 11 мың теңгеден. Ал "Эйр Астана" билеттерінің ең арзаны 15-16 мың теңге, бірақ ол үшін екі апта бұрын сатып алу қажет. Егер дәл ұшатын күні сатып алсаңыз, онда билет бағасы 40 мыңнан асып кетеді", – деді ол. 

Министр әлі де жоғары тарифті бағыттар бар екенін атап өтті.

"Әсіресе, Батыс Қазақстанға ұшатын ұшақ билеттері қымбат. Алматы-Атырау, Ақтау рейстері өте қымбат. Осы бағытқа ұшатын тасымалдаушылардың санын арттыруға тырысып жатырмыз. Бұл бағаны арзандатуға әкелуі керек. Билет бағасы қымбат жерлерге жаңа тасымалдаушы қоямыз", - деді министр журналистерге.

Оның айтуынша, халықаралық бағыттағы тарифтердің азаюы нарықты ырықтандыруға алып келеді. 

Министр Астана-Будапешт бағдары бойынша билет бағасын 8 маусымнан бастап 39,99 еуро деп бекіткен Венгрияның лоукостер Wizz Air  әуе компаниясын мысал ретінде келтірді.

"Бәсекелестікті арттыру үшін Қазақстан нарығына халықаралық компанияларды енгіздік. Wizz Air 8 маусымнан бастап Еуропаға билет бағасы 40 еуро және одан жоғары болатынын  айтты. Біз орташа құн 100 еуро және одан жоғары болады деп ойлап отырмыз, егер 2-3 апта бұрын сатып алатын болса, онда 40 еуро да болуы мүмкін", – деді министр.

Ол ЕХРО 2017  халықаралық көрмесін өткізуде "ашық аспан" аясында елордаға шетел қалаларынан аптасына 7 рейс жасалуы мүмкін екенін жеткізді. Оның сөзінше, "ашық аспан" принципін сақтай отырып, "Астана халықаралық қаржы орталығының" тартымдылығын арттыру көзделіп отыр екен.  

Министрдің мәлімдеуінше, зауыттар елімізге қажетті 800 мың тонна әуе керосинін шығарғаннан кейін баға "өзі" түседі. Ал әуежайларды қалпына қайта келтіру үшін тағы 3 әуежайдың жағдайын түзеу керек.

"Қазір біздің ИКАО талаптары, оның ішінде ұшу қауіпсіздігі бойынша сәйкестік деңгейіміз әлдеқайда жоғары. Биыл авиациялық қауіпсіздік бойынша ИКАО тексерісін күтіп отырмыз. Олар ең бастысы, әуежайларды тексереді. Бізде инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бар, сол арқылы 2019 жылға дейін 21 әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта қалыпқа келтіруіміз керек. Бүгінгі таңда тек 3 әуежай ғана халықаралық азаматтық авиация ұйымының сертификаттауынан өтпей отыр. Олар – Талдықорған, Қостанай, Семей әуежайлары. Талдықорған алдыңғы жылы қайта қалыпқа келтірілген, енді сертификаттаудан өткіземіз, – деді Жеңіс Қасымбек. – Ал Семейде жөндеу жұмыстары былтыр басталды. Әкімдік осы жылы ұшу-қону жолағын қайта қалыпқа келтіруді аяқтайды. Қостанай әуежайын жөндеу 2018-2019 жылдарға жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда терминалдар коммуналдық меншікте. Ал қалыпқа келтірілмеген терминалдар бойынша Қостанай, Семей, Шымкент қалаларында проблема туындап отыр. Бірақ терминалдардың басым көпшілігі қазіргі уақытта қайта қалпына келген. Бұл Ақтөбе, Ақтау әуежайлары терминалдары. Ал Петропавл терминалы өткен жылы жөнделген. Жұмыс істеп жатырмыз, нақты жұмыс кестесі де бар. 2019 жылға дейін бұл жұмысты аяқтауымыз керек".

Сенат депутаты Мұхтар Алтынбаев ИДМ басшысынан Қазақстанға ведомоствалық органның үстінен қарайтын тәуелсіз орган қажет пе деген сауал қойды.  

"Өйткені кез келген апат жағдайына байланысты нақты жауапты ешқай жерден ала алмадық. Сонда мұндай ведомоствалық органның үстінен қарайтын тәуелсіз орган не үшін қажет? Жалпы авиация: қорғаныс министрлігі, шекарашылар, гвардия – өздері тергеу жүргізіп, шешіп жатыр ғой", – деп сұрады депутат.

"Екінші мәселе – ұшқышсыз ұшатын ұшақ және дрондарды заң жүзінде бекіту, яғни қазіргі уақытта оларды заңдастыру мәселесі туындаған сияқты. Ұшқышсыз ұшатын ұшақ және дрондарды қадағалау. Жекеменшік дрондар да әуе кеңістігін пайдаланады", – деп қосты Мұхтар Алтынбаев.

"Авиациялық оқиғаларды тексеретін тәуелсіз орган қажет деп ойлаймын. Ол біріккен ұйым болуы керек, яғни азаматтық авиация, сол сияқты мемлекеттік авиация оқиғаларын қарастыратын болуы керек. Қазір жекелеген тиісті бөлімшелер біздің министрлікте, қорғаныс министрлігінде бар. Бірақ халықаралық тәжірибе бұл органдар салалық министрліктен тыс және тәуелсіз болу керектігін көрсетеді", –  деді министр.

"Ұшақсыз ұшатын ұшақ жайын сөз етсек, бұл заң жобасының негізінде  мемлекеттің ұшақсыз ұшатын аппараттар бойынша есеп жүргізіп жатыр. Одан әрі қарай заң актілеріндегі тиісті ережелерде бұл нормаларды нақтылайтын боламыз. Бірақ та бұл заңда ұшақсыз ұшу аппараттарын бақылау мен бірге бұл міндеттер біздің министрлікке қарасты өкілетті органға берілетіні туралы принципшіл норма да бар", – деп сөзін жалғады Жеңіс Қасымбек.

Есепке кіретін ұшақсыз ұшатын ұшақтар категориясы тиісті авиация түрінің Әуе кемелерін тіркеу ережесі бойынша анықталады. Ұшақсыз ұшатын ұшақ иелері пайдалану құжаттамасы талаптарын орындауға міндетті болады.

"Келесі аса маңызды тақырып азаматтық авиацияны лаңкестік қауіптен қорғауды қамтамасыз ету. Лаңкестік қаупі күшейген кезде жолаушылар терминалына шығу барысында  тексеріс жүргізу әуежай қызмет бөлімдеріне заң жүзінде міндеттеледі. Өкілетті органның азаматтық авиация саласында авиациялық қауіпсіздік жүйесін бақылауға қатысты құзыретін кеңейту, оның ішінде қызметтік эксперименттер және әуежай қызметі қызметкерлерін аттестатциядан өткізуді жүргізу бойынша  қарастырылуда. Жалпы әуежай қызметіне қатысты айтар болсақ, бұл жерде жолаушыларға қызмет көрсету саласында, сол сияқты жердегі әуе кемелеріне қызмет көрсету сапасын арттыру талап етілуде",  – деді министр.

Осыған орай заң жобасымен бірге әуежайлардағы сапаны қадағалау  бағдарламасын енгізу көзделіп отыр.

Заң жобасы әуе қозғалысын ұйымдастыру бойынша азаматтық және әскери органдардың басқаруын және қадағалауын өзара тиімді ету мүмкіндігін  қарастыруда.

Депутаттар әуе кемесінде темекі тартуды ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жағдай деп танып түзетулер енгізді.  

Заң жобасы жылына 300 мың адамнан  аз жолаушыға қызмет көрсететін әуежайларды табиғи монополия саласындағы шағын қуат субъектілеріне жатқызу ұсынылып отыр. Бұл аймақтық әуежайларда тарифтерді бекітудің қысқарған рәсіміне көшуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ министр ұлттық әуекадрлары туралы мәселе 3-5 жыл бұрынғыға қарағанда өте маңызды емес екенін де айтып кетті.

"Қазіргі таңда компаниялардың өз есебінен көптеген кадеттерді шетелде оқытып жатырмыз. Америкада, Еуропада, Францияда және Тулузда оқытудамыз. Сонымен қатар Рига да, Киевте оқып жатқан кадеттеріміз бар. Яғни жыл сайын көптеген мамандарды алып отырмыз.  Өкінішке қарай, елде жұмыс істейтін біздің оқу орындарымыздың деңгейі сәйкес келмейді. Біздегі жоғары оқу орындарын бітірген түлектер қазіргі уақытта қолданылып отырған ұшу аппараттарында ұшу үшін қосымша 1,5-2 жыл тағы оқиды. Өйткені оларды басқа аппараттарда ұшуға үйретеді. "Эйр Астанада" жыл сайын шетелдік ұшқыштар саны азайып келеді", – деді Жеңіс Қасымбек.

Министр заң жобасы әуе кемелерін ұшқышпен бірге  жалға алу жылына 2 айға шектеу қоятынын айтып кетті. Сонымен бірге әуе компаниясы өз паркінде мұндай кемелердің  20%-на ғана ие бола алады.

Жанболат Мамышев, Гүлназ Ермағанбетова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу