Билік жеке адамдардың өз бетінше алтын өндіруін жеңілдетпек

5754

Осыдан бес жыл бұрын рұқсат етілген старателдік қызмет сол бойы неге дамымай қалғаны белгілі болды.  

Билік жеке адамдардың өз бетінше алтын өндіруін жеңілдетпек Фото: stravel-ekb.ru

Қазақстанда 2017 жылғы 27 желтоқсанда жаңа "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексі" қабылданған болатын. Бірақ ол тек 2018 жылдың маусым айының соңында күшіне енді.

Оған сәйкес, елімізде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың жаңа түрі – "кен іздеушілік" (старательство) пайда болды. Яғни, Үкімет осыдан кейін "қара старателдер" деген кесірлі құбылыс жойылып, бұл кәсіпті заңды түрде жүзеге асыруға болатынын жариялады.

Мысалы, тек билік қамқорлығындағы ірі компаниялар ғана емес, жеке кәсіпкерлер, немесе азаматтар тобы алтын, басқа да бағалы, асыл металдарды өндіру үшін мемлекеттен "Жер қойнауын пайдалану құқығына" ие бола алатын еді.

Билікке жағынудан табыс табатын сарапшылар мен блогерлер мұны халықтың байлығы саналатын жер қойнауындағы қазынаны пайдаланғысы келетін азаматтар мен мемлекеттің өзара ықпалдастығының жаңа деңгейі деп бағалады.

Әдеттегідей, шенеуніктер халықты алдапты. Содан бері бақандай бес жыл өтсе де, кен іздеушілік қызмет пысық азаматтардың заңды табыс көзіне айнала алмады.

Бұған не себеп?

Таяуда құрылған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мамандары жеке старателдердің алдынан қаптаған кедергілер мен тосқауылдар тұратынына назар аударды.

Мысалы, старатель құнды кенді тапқаннан кейін одан бағалы металды ажыратып алу үшін химиялық реагенттермен жұмыс істеуі керек. Бұл кәсіптің қыр-сыры, соның ішінде алтын кенінен металды қалай ажыратып, одан қайтіп құймалар құюға болатыны National Geographic арнасының "Старатели", "Золотая лихорадка" сияқты бағдарламаларында жақсы көрсетілген.

Алайда дамыған елдердің тұрғындарына берілген бұл мүмкіндіктен қазақстандықтар қағылды.

Министрлік мамандары бұл тұрғыда технологиялық қайшылықтарды анықтады: заңды старателдердің техногендік сипаттағы кен орындарында барлау жасап, жұмыс істеуіне, сонымен бірге олардың химиялық реагенттерді қолдануына шектеу қойылған.

"Мұнда қандай қарама-қайшылықтар бар? Техногендік кен орындарынан химиялық реагенттерді қолданбай бағалы металдарды өндіру мүмкін емес. Ал оларды қолдану – кең ауқымды экологиялық бағалауды талап етеді. Бұл талап кен өндірудің старателдік әдісін пайдалы қазбаларды өнеркәсіптік ауқымда өндірумен бір қатарға қояды", – деп түсіндірді ведомство.

Демек, қатардағы азамат "ҚазақАлтындай" алпауытпен қалай теңесе алады?

Тағы бір мысал: бүкіл өркениетті әлемде заңды старателдер күрек, қайласымен белден қазып, алтын іздей береді. Ал Қазақстан билігі дәл осы кәсіпшілікпен айналысқысы келетін азаматтардан өте қымбат өнеркәсіптік техниканы міндетті түрде сатып алуды талап етеді.

Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, заң бойынша жеке кен іздеушілер де лицензия алу үшін экскаватор мен бульдозерді сатып алуы керек. Ал олар өте қымбат тұрады.

Экскаватордың қарапайымы және ұсталғаны нарықта 5 миллион теңгеден бастап, 75 миллион теңгеге дейін барады. Бульдозердің орташа құны 35 миллион теңге тұрады.

Оның үстіне бұл – талап етілетін техниканың толық тізімі емес.  

Заңнама бойынша старателдікке лицензия алу үшін қаптаған құжат жинап, талаптарға сәйкестігіңді дәлелдеуің керек.

Бұдан бөлек, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексінің 270-бабының 2)-тармақшасына сәйкес, кен іздеушінің жеке меншігінде:

  • жүк көтергіштігі 10 тоннадан аспайтын 1 жүк машинасы,
  • бұрғылау жабдығы,
  • экскаваторы,
  • шөмішінің көлемі жиынтығында 1 текше метрдің жартысынан аспайтын бульдозер түріндегі механизация құралдары болуға тиіс.

"Жер қыртысын аршу және оны рекультивациялап, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуі үшін заң осының бәрі оның меншік құқығында болуын талап етеді. Алайда экскаватор мен бульдозерді меншігіне сатып алуды кен іздеуші старателдердің қалтасы көтермейді. Бұл олар үшін орынсыз шығын болып табылады. Сондықтан бұл мәселені шешу мақсатында біз кен іздеушілерге техниканы жалдау құқығында пайдалануға рұқсат беруді ұсынамыз. Яғни, лицензіия алу үшін техниканы келісімшартқа отырып, арендаға алса да жеткілікті", – деп хабарлады министрлік мамандары.

Әрине, бұдан кен іздеу, старателдік кәсіпшілік әрбір қазақстандыққа қолжетімді болмайды. Бірақ бұл іспен шұғылдану талаптары біршама жеңілдейді.

Ведомство аталған ұсыныстарын бүгінде өзі әзірлеп жатқан "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында өнеркәсіпті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасына енгізді.

Құжатты Парламент келесі жылы қабылдайды деп күтіліп отыр.

Жалпы, жаңа Қазақстанның билігі де өз бетінше қазына іздегісі келетін азаматтарымызға мүлдем қырын қарамағанымен, аса жақтырмай отырғаны байқалады. Мысалы, жаңа заң жобасында да заңды старателдердің кәсібін тек қымбат металдар мен асыл тастар іздеумен ғана шектеп тастау көзделген.

Мысалы, Австралияда старателдерге алтын, күміс, көмір, мұнай және газ, сондай-ақ сирек металдар, тастар мен минералдарды қоса алғанда, қазбалардың кең ауқымын іздеуге рұқсат етіледі.

Австралияда штатқа немесе аумаққа байланысты кен іздеуді әртүрлі тәсілдермен жүзеге асыруға болады. Мысалы, бұрқыратып, ашық игеруге, жерасты шахталарында игеруге, гидравликалық игеруге және басқаларына жол ашық.

Қазақстан болса, кен іздеушілерге шахтаға түсуге тыйым салады. Тек жер бетін тінтумен шектелуі шарт.

Салдарынан, қазақстандықтар мұны заңсыз жолмен жүзеге асыруда. Билік оларды "қара старателдер" деп күстәналап, қудалаумен әлек. Бұл салада тұтас мафия қанат жайғанын құзырлы органдар да жоққа шығармайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу