Білімге құйылған инвестиция азайып кетті

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4234

Банктер ғана білім беруге қаржы салуды көбейтті.

Білімге құйылған инвестиция азайып кетті

Жыл басынан бергі 11 айда білім саласына салынған инвестиция өткен жылғыдан 23,8 пайызға азайып, 180,5 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың қаңтар-қараша аралығында бұл көрсеткіш алдыңғы жылдағыдан 24,9 пайыз өсіп, 236,8 млрд теңгені құраған еді.

Биылғы көрсеткіш соңғы бес жылдағы ең төменгі көрсеткіш ретінде тіркеліп отыр. 2014 жылғы инвестиция 202,9 млрд теңгені құраса, 2015 жылы 194,7 млрд теңге, ал 2016 жылы 189,6 млрд теңге болған.

Жалпы, білім саласына салынған инвестиция республика бойынша жалпы инвестицияның 3,2 пайызынан 1,9 пайызына дейін төмендеп кеткен.

Салаға салынған ең жоғары капитал Алматы қаласына тиесілі. Оңтүстік астананың білім саласына құйылған қаражат көлемі былтырғыдан 12,4 пайыз өсіп, биыл 30,1 млрд теңгені құрады. Екінші және үшінші орында Астана қаласы мен Түркістан облысы. Бұл өңірлерге салынған инвестициялар тиісінше 26 млрд және 19,7 млрд теңгені құрады.

Өңірлер арасында инвестиция көлемінің өсім қарқыны жағынан бірінші орында Маңғыстау облысы. Бұл өңірдегі білімге салынған инвестиция былтырғыдан тіпті 21 есеге бір-ақ артса, Солтүстік Қазақстан облысының біліміне салынған қаражат 3,5 есеге өсіп, 1,8 млрд теңгеден 6,5 млрд теңгеге жеткен. Ал Атырау облысындағы білім саласына салынған инвестиция көлемі былтырғыдан 38,8 пайызға ұлғайып отыр.

Инвестиция көлемінің азаю қарқыны жағынан бірінші орында Батыс Қазақстан облысы. Бұл облыстағы инвестиция былтырғадан 61,5 пайыз кемісе, Алматы облысының біліміне салынған қаражат 60,4 пайыз азайған. Астананың білім беру ісіне құйылған ақша былтырғыдан 52 пайыз кеміген.

Жергілікті және республикалық бюджеттен білім саласына салынған ақша биылғы жылдың алғашқы он бір айында тиісінше 69,8 млрд және 54,6 млрд теңгені құрады. Екеуін қосқанда былтырғы көрсеткіштен 19,9 пайызға азайды.

Білім беруге салынған бизнестің өзіндік қаражаты былтырғыдан 39,2 пайыз азайып, 46,4 млрд теңге болды.

Ал білім саласын қаржыландыру үшін банктерден алынған қарыз былтырғыдан 4,5 есеге артып, 7,2 млрд теңгені құраса, өзге де қарыз ақша көлемі былтырғыдан 31,4 азайып, 2,5 млрд теңгені құрады.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу