"Бір белдеу, бір жол": Қытайдың жаһандық инфрақұрылымдық бастамасы он жылда қаншалықты өзгерді?

1223

Ірі жобаларымен кейбір елдерді қарызға батырған 1 триллион долларлық инициатива бүгінде азайған. 

"Бір белдеу, бір жол": Қытайдың жаһандық инфрақұрылымдық бастамасы он жылда қаншалықты өзгерді? Фото: АР агенттігі

Қазанның 17-18-і күндері Қытайда "Бір белдеу, бір жол" бастамасының (БЖБ) 10 жылдығына арналған форум өтеді. Бұл инициатива сауданы арттырып, кейбір елдерді қарызға батырып, қоршаған ортаға қатысты алаңдаушылық туындатты. Қазір БЖБ бұрынғыдай емес – кішірірек әрі жасыл жобаларға ауған.

"Бір белдеу, бір жол" бүкіл әлемде электр станцияларын, жолдар мен темір жолдарды, порттарды салып, Қытайдың Африка, Азия, Латын Америкасы және Таяу Шығыс елдерімен қатынастарын тереңдете түсті. Тағы бір айта кететін жайт  БЖБ Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қытайды жаһандық істерде маңызды елге айналдыруға ұмтылысының негізгі бөлігі саналады.

"Белдеу, жол" дегеніміз не?

"Бір белдеу, бір жол" бастамасы Қытай даму банкінің несиелері есебінен шетелде көлік, энергетика және басқа да инфрақұрылымдарды салу бағдарламасы ретінде басталды.

Мақсаты – ежелгі "Жібек жолы" сауда маршруттарының 21-ші ғасырдағы нұсқасын жасап, Қытайдың Таяу Шығыспен, Еуропамен сауда-экономикалық қатынастарын нығайту.  

Си Цзиньпин осы концепциясын 2013 жылы Қазақстан мен Индонезияға сапарында жалпылама ұсынды. Кейіннен бұл тұжырым формаға ие болып, Кения мен Лаоста темір жол салудан бастап, Пәкістан мен Индонезияда электр станциялар құрылысына дейін ұласты.

"Белдеу, жол" қаншалықты ауқымды?

Барлығы 152 ел Қытаймен БЖБ келісіміне қол қойды. Ал Италия – мұндай қадамға барған жалғыз Батыс Еуропа елі. Дегенмен, ол келесі жылдың наурыз айында уағдаластық мерзімін ұзарту уақыты жеткенде, бұл пәтуадан бас тартады деген болжам бар.

"Италия 2019 жылы бұл бастамаға қосылғалы таза шығынға ұшырады. Оның Қытаймен сауда тапшылығы екі есеге өскен",– дейді италиялық ISPI талдау орталығының сарапшысы Алессиа Амигини.

Қытай Дүниежүзілік банкпен тең дәрежеде БЖБ шеңберіндегі даму жобаларының ірі қаржыгеріне айналды және де Бейжің БЖБ-ға қосылған елдерде жалпы сомасы 1 триллион доллардың 3000-нан астам жобасы іске қосылғанын айтып отыр.

"Ірі құрылыс жобаларының қоршаған ортаға және жергілікті қауымдастықтарға тигізетін әсері сынға ұшырағаннан кейін, басқа несие берушілер денсаулық сақтау, білім сияқты салаларға кетіп,  инфрақұрылымнан алшақтады. Бұл олқылықтың орнын Қытай толтырды",–дейді Бостон университетінің Жаһандық даму саясаты орталығының директоры Кевин Галлахер.

Дегенмен, Қытай қаржыландыратын жобалар халықты жерінен ығыстырудан бастап, атмосфераға тонналап парниктік газ қосу тәрізді проблемалар үшін талай рет сынға ұшырады.

"Қарыз тұзағы"

Қытайдың даму банктері БЖБ жобаларына несие ретінде ақша берді, ал кейбір үкіметтер оларды қайтара алмады.

Осыған байланысты АҚШ пен басқа елдер Қытайды "қарыз тұзағы" дипломатиясымен айналысып жатыр деп айыптайтын болды. Олардың ойынша, Қытай кейбір мемлекеттердің қарыз қайтара алмайтынын біле тұра, оларға несие беріп, өтелмеген борыштың орнына сол елдердің активтерін алып қойған. Жиі келтірілетін бір мысал – Шри-Ланка үкіметінің берешегін қайтара алмай, қытайлық компанияға бір портты 99 жылға жалға беруі.

Алайда көптеген экономистер Қытай нашар несиелерді әдейі таратпағанын айтады. Дефолттардан ащы сабақ алған Қытай даму банктері енді кері шегініп жатыр. Олар несие беруге аса сақтықпен қарайтын болды. Ал көптеген алушы елдер өздерінің онсызда басынан асқан қарызын ескеріп, сырттан қаражат тартпауға тырысып отыр.

Қытай несиелері Замбия мен Пәкістан сияқты елдердің қарызының үстіне қарыз қосып, экономикаларына ауыртпалық түсірді. Ал өткен жылы экономикалық дағдарыстан үкіметі құлаған Шри-Ланка берешегін қайта құрылымдау үшін Қытайдың Экспорттық-импорттық банкімен келісім жасағанын мәлімдеп отыр.  

"Белдеу, жолдың" ендігі бағыты қандай болуы мүмкін?

БЖБ-ның ендігі жобалары кішірек және экологиялық жобалар ғана болып қоймай, Қытай үкіметінің даму несиелеріне сүйенбей, қытайлық компаниялардың инвестицияларына көбірек жүгінуі мүмкін.

Австралиядағы Гриффит университетінің Азия институтының директоры Кристоф Недопилдің ойынша, Қытай әлі де кейбір ірі жобаларды, соның ішінде теміржол, мұнай және газ құбырлары сияқты инвестицияны ақтайды деген жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруы мүмкін.

Бұған мысал ретінде жақында Индонезияда қытайлық жүрдек пойыз жолының іске қосылуын атап өтуге болады.

"Климат мәселесіне келсек, Қытай жасыл энергия жобаларын қолдайтынын білдіріп, шетелде көмір электр станцияларын салуды тоқтатуға уәде берді. Оның экологиялық таза жобаларына жел мен күн электр станцияларын және электромобильдердің аккумуляторларын шығаратын зауыттар салу кіреді",– дейді Недопил АР агенттігіне берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу