Бірінің орнын бірі басты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3897

Елімізде Жоғарғы соттың, бас прокуратураның және Конституциялық кеңестің басшылары ауысты.

Бірінің орнын бірі басты

Елбасының ұсынысымен Қайрат Қожамжаров Қазақстанның бас прокуроры лауазымына тағайындалды. Осы орайда шұғыл әрі кезектен тыс жалпы отырысқа жиылған сенат депутаттары мемлекет басшысы ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев сенатта бас прокурор лауазымына ұсынған Қайрат Қожамжаров бұған дейін мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болған.

Ол осы құрылымның тізгінін 2014 жылдың 6 тамызында президент жарлығы негізінде өз қолына алған еді. Артынша 2015 жылғы 11 желтоқсанда елбасының өкімімен Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы болып тағайындалды. Бірақ бұл қызметінде бір жылдай ғана істеп, 2016 жылдың 13 қыркүйегінде қайтадан аталған агенттіктің төрағасы орынтағын иеленді.

Қайрат Пернешұлы 1965 жылы 24 наурызда Жамбыл қаласында дүниеге келген. 1987 жылы Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген.

Ол үшін жаңа қызметі тіпті де жаңа болып саналмайды. Себебі өмір жолын 1987 жылы прокуратурада бастаған. Кейін 2004-2007 жылдар аралығында ел ішінде "қаржы полициясы" аталған экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастығы болды. Ал 2007 жылдың қаңтар айынан 2008 жылдың желтоқсан айына дейін осы орган басшысының орынбасары қызметін атқарды. Кейін 2008 жылдың аяғында агенттік басшысы деңгейіне дейін көтеріліп, бұл орында 2012 жылдың қаңтарына дейін болды.

Содан соң құқық қорғау құрылымынан алыстап, 2012-2013 жылдары – Ақмола облысының әкімі ретінде жұмыс істеді. Дегенмен келесі жылы-ақ Астанаға қайта оралып, жемқорларға қарсы бас күрескер атанғанша, яғни 2014 жылғы тамыз айына дейін ел президентінің көмекшісі – қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болды.

Жаңа бас прокурор генерал-майор Қайрат Қожамжаров "Қазақстан республикасының прокуратура органдарының еңбегі сіңген қызметкері" және "Қазақстан республикасы прокуратурасының ең үздік тергеушісі" атақтарының иегері болып табылады.

Бас прокурор қызметінен босаған Жақып Асанов өз мансабындағы жаңа шыңды бағындырды: ол ел билігінің бір тармағы – жоғарғы сот органының "екі шылбыр, бір тізгінін" өз қолына алды. Бүгін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы лауазымға тағайындамас бұрын, оның кандидатурасын сенат депутаттарының қарауына енгізіп, қолдауын алды. Жоғарғы палата депутаттары Жақып Асановқа қолдау көрсетті.

Айтқандай, жоғарғы соттың жаңа төрағасының "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына қатысы бар. Тіпті әу баста осы палатаны құрушылардың басы-қасында жүрген азаматтардың бірі саналады. Демек ол бастары сот дауларына шатылған кәсіпкерлердің жағдайын жете түсінеді. Қазақстан елдегі бизнес климатты жақсартуға шындап ден қойғанын еске алсақ, бұл тағайындаудың стратегиялық ұстыны, терең мәні бар екенін түсінеміз.

Жақып Асанов былтыр, 2016 жылғы 25 сәуірде мемлекет басшысының жарлығымен бас прокурор лауазымына тағайындалған еді. Енді елбасыдан жаңа тағайындау алып отыр. Бір қызығы, Жақып Қажыманұлының өмірбаяны мен мансаптық саты бойынша өсуі мемлекеттік қызметшілердің жас формациясы өкілдерінің біразы үшін үлгі-өнеге болып табылады. Ол 1963 жылы 17 тамызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін "құқықтану" мамандығы бойынша аяқтаған.

Университетті аяқтағаннан кейін Қызылорда облыстық адвокаттар коллегиясына тағылымдамашы болып қабылданады. 1986 жылдан 1993 жылға дейін Қызылорда облысының прокуратура органдарында қызмет атқарып, Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі, облыс прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі және облыстық прокуратураның бөлім бастығы лауазымдарында жұмыс істеді. 1994 жылдың қараша айынан 1996 жылдың қарашасына дейін президент әкімшілігінің заңдылық, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінде консультант, сектор меңгерушісі болып жұмыс істейді. 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының салық полициясы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады. Осыдан кейін әр өңірде әртүрлі биік қызметтер атқарған Жақып Асанов 2003 жылдың маусым айында әділет вице-министрі қызметіне тағайындалады.

2005 жылдан 2006 жылға дейін Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің "Атамекен" жалпыұлттық одағының атқарушы директорының орынбасары, "Қазақстан коммуналдық жүйелері" АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы, "Ордабасы" корпорациясы" АҚ-ның президенті және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарды.

2007 жылдан 2012 жылға дейін мәжілістің IV және V шақырылымдарының депутаты болды. Содан кейін үйреншікті прокуратура органының жұмысына қайта сүңгіді. Жақып Асанов – заң ғылымдарының кандидаты болып табылады.

Айта кетер жайт, сенат 2013 жылғы 16 қазанда Қайрат Мәмидің жоғарғы сот басшысы болуын құптағаны есте. Қайрат Әбдразақұлының бұл орында отырғанына келесі жылы бес жыл толады. Яғни, қалыптасқан дәстүр мен ереже бойына ротацияланатын, ауыс-түйіске ілігетін кезі келді.

Қайрат Мәми конституциялық кеңестің төрағасы лауазымына тағайындалды.

Айтқандай, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы орны ұзақ бос боп тұрмады: Алик Шпекбаев осы лауазымға тағайындалды.

Бақыт Көмекбайұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу