Биыл 9 млн тонна астық экспорттаймыз

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
16719

2017 жылы жасымық экспорттауда әлемде төртінші орынды иеленуіміз мүмкін.

Биыл 9 млн тонна астық экспорттаймыз

2017 жылы шамамен 200 мың га жерге жасымық егу жоспарланып отыр, деп мәлімдеді ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов.

"Біздің ойымызша, жасымық пен ноқат сияқты бұршақ дақылдарын экспорттаудың болашағы зор. Биыл біз ноқат өсіру аумағын сәл ұлғайтамыз ба деп ойлап едік, бірақ ауыл шаруашылығы өндірушілері жасымықты өндіру мен экспорттау тиімдірек екенін біліп, аумақты кеңейтіп жатыр. Олардың болжамы бойынша егер біз 200 мың га жерге жасымық ексек, онда Қазақстан жасымық өсіруден әлемде бесінші орынды иеленсе, оны экспорттау жөнінен төртінші орынға табан тірейді", – деп мәлімдеді ол бейсенбіде өткен брифингте.

"Бүгінде Канада жасымықтың ең көп бөлігін өсіреді, оның 60%-ын Үндістан мен Пәкістанға экспорттайды. Канадамен салыстырғанда біз үшін логистика әлдеқайда жеңіл, сондықтан біз бұл саланы бидай мен арпаны экспорттауға қарағанда тиімдірек әрі болашағы бар бағыт деп бағалаймыз", – дейді ол.

Бұған дейін нарыққа шамамен 60 мың тонна жасымық шағаруды жоспарлап отырған жалғыз Қазақстан компаниясы – "Атамекен-Агро" АҚ екенін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы бірнеше аптада Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктерінен екі трейдинг компания өкілдері келіп кетті, олар қазақ шаруаларына өздері арқылы жасымық пен өзге ауыл шаруашылығы өнімдерін Түркия, Иран, БАӘ мен Үндістанға жеткізуді ұсынып отыр. Жасымық өндіруші алпауыт ел – Канадамен салыстырғанда біздің елімізде жасымық ертерек піседі, осы жай экспорттық әлеуетімізге үлкен мүмкіндік тудырады. Канада өз жасымығын нарыққа қаңтар айында шығарса, Қазақстан Түркия мен Иранға қараша айында жеткізіп тастауға мүмкіндігі бар. Бұл мәселеде басты сұрақ логистикаға, яғни осы елдерге жасымық жеткізу жылдамдығына келіп тіреледі.

Майлы дақыл мен бұршақ дақылын егетін аумақтарды ұлғайту Қазақстан үшін дәстүрлі дәнді дақыл егістігін қысқартуға мүмкіндік береді. Бидайдың үлесі біртіндеп азая береді. 2011 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта бидайдың көлемі 2 млн тоннаға қысқарды.

"Бірақ бұл жалпы табысқа әсер еткен жоқ. Сондықтан біз шағын аумақтан сапалы әрі барынша көп астық алуға тырысуымыз керек", – дейді вице-министр.

Болашақта келесі 5 жылда бидай өсіруге бөлетін егістік жерлерін тағы 2,3 млн га-ға қысқарту жоспарда бар.

"Сондықтан бидайға ғана емес, майлы дақылдардың өзін және дәл осы майлы дақылдарды өңдеп экспортқа шығаруға басты назар аударуымыз керек. Мысалы тазартылған, тазартылмаған майды экспорттауға болады", – дейді Қайрат Айтуғанов.

Экспортқа келер болсақ, биылғы маркетингтік жылы (2016 жылдың 1 шілдесі – 2017 жылдың 30 маусымы) ол 9 млн тоннаны құрамақ.

"Биылғы маркетингтік жылы, 2016 жылдың 1 шілдесінен 2017 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерізмде, шамамен 9 млн тонна астық экспорттауды жоспарлап отырмыз. Болжам жасау әлі ерте (2017 жылы түсетін егін – автордың ескерт.), себебі қыс әлі аяқталған жоқ. Біз егін еккен соң, жинауға жақын қалған кезде шамалас көлемін айта аламыз", – дейді Қайрат Айтуғанов.

Жалпы 2017 жылы Қазақстанның азық-түлігін экспорттау 2016 жылмен салыстырғана 10%-ға өседі.

"2021 жылы азық-түлік өнімдерін экспорттауды 40% ұлғайтамыз деген мақсатқа жету үшін әр жылға нақты көрсеткіш белгіленді. Биыл экспорт 10%-ға өседі деп күтіліп отыр. Осы бағытта Ресей, Иран, Қытай сияқты елдердің арнайы жол карталары жасалды, Үндістан және Парсы шығанағының елдері бойынша әзірленіп жатыр", – деп мәлім етті вице-министр.

Бұл ретте регламент пен стандартты үйлестіруге ерекше назар аударылғаны айтылды. Экспорттық саясаттың негізгі басымдығы экологиялық таза өнім болады.

Ол үшін жеке қосалқы шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуі жөніндегі жұмыс жалғасады. Бүгінгі күннің өзінде 154 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, өткен жылдың қорытындысы бойынша оған 15 мың жеке шаруашылық тартылды.

"Олардың жанынан жүзден астам сүт қабылдау бекеті және 7 мың отбасылық мал жемдейтін орын ұйымдастырылды. Биыл ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны екі есе ұлғаяды. Жалпы алдағы 5 жылда 0,5 млн жеке шаруашылық кооперативтерге бірігеді", – дейді Қайрат Айтуғанов.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу