Бизнес зейнетақы жарнасынан әзірше босатылады

Аскар Муминов Аскар Муминов
2783

Үкімет жұмыс берушіден міндетті зейнетақы жарнасын алуды енгізу мерзімін кейінге қалдыруды талқылап жатыр.

Бизнес зейнетақы жарнасынан әзірше босатылады

2017 жылдың қаңтарынан бастап Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қордың тізгінін Нұрбибі Наурызбаева қолына алғаны белгілі. Осыдан соң БЗЖҚ-ның жаңа жұмыс стратегиясы мәлім болды.
Қордың басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева abctv.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында қордың жаңа жұмыс тәсілдері, оның ашықтығы және коммерциялық нысандар құрылысына бөлінген БЖЗҚ ақшасының қайтарымдылығы туралы айтып берген еді.
– Зейнетақы жүйесінде алдағы уақытта қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Қазіргі таңда зейнетақы жүйесіндегі басымдыққа ие бағыттардың арасынан базалық зейнетақыны есептеу механизмі өзгеретінін алдымен атағым келеді. Бүгінде барлық зейнеткерлер түгелдей күнкөріс шегінің 50%-ы мөлшерінде базалық зейнетақы ала алады. Алайда 2018 жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақының мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтіліне және жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі өтіліне байланысты болмақ.
Былайша айтқанда, өтілі жоқ немесе еңбек өтілі 10 жылға жетпейтін адамдар күнкөріс шегінің 50%-ы мөлшерінде зейнетақы алады, ал 10 жылдан артық еңбек өтілінің әр жылы үшін базалық зейнетақы көлемі 2%-ға жоғарылап, 100%-ға дейін көтеріледі. Басқаша айтсақ, еңбек өтілі көп адамдар үшін базалық зейнетақы көлемі енгізілген өзгерістен соң екі еселенеді. Бұл болашақта зейнеткерлікке шығатын азаматтарымыз үшін жақсы үстеме болмақ. Бұның тағы бір жақсы тұсы, осы арқылы адамның зейнетақы жинақтауға ынтасын оятуға болады. Ал зейнетақы жүйесінің басты принципі – адам неғұрлым көп жинақтаса, соғұрлым көп алады.
Екіншіден, қазіргі жұмыс істеп тұрған жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жаңа құрал енгізіледі. Ол шартты-жинақтаушы деп аталады. Ол жұмыскерге жұмыс беруші төлейтін 5% көлеміндегі жарнасы есебінен құралады. Сонымен бірге жаңа элементтің басты ерекшелігі сол, қаражат салымшылардың шартты-жинақтаушы шоттарында айналыста болады, мұрагерлік жолмен берілмейді бірақ өмір бойы төленеді. Демек егер салымшы жүйеден шығатын болса, онда оның шартты-жинақтаушы шотындағы қаражат жалпы сомаға қосылып, әрі қарай басқа қатысушыларға бөлініске түседі.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын 2018 жылдан бастап енгізу жоспарланды, алайда қазіргі уақытта жинақтаушы зейнетақы компонентін енгізу мерзімін кейінге шегеру жайы қарастырылып жатыр.
– Салыстырмалы түрде талдау жасау үшін соңғы екі жылдағы салымшылардың саны мен жарнасы бойынша көрсеткіш қандай?
– 2016 жылы 12 жарна жасаған БЖЗҚ салымшыларының саны 1,43 млн адам болды. Олардың аударған міндетті зейнетақы жарналары 292,51 млрд теңгені құрады. Жалпы 2016 жылы БЖЗҚ-ға кемінде бір мәрте жарна жасаған белсенді салымшылардың саны 5,8 млн адамды құрады. Зейнетақы жарналарының жалпы саны, оның ішінде міндетті, міндетті кәсіби және ерікті зейнетақы жарналарын қосқанда, жалпы 698 млрд теңге болды.
2015 жыл ішінде 12 жарна жасаған БЖЗҚ салымшыларының саны – шамамен 1,46 млн адам. Олардың міндетті зейнетақы жарнасының жалпы көлемі 298,63 млрд теңгені құрады. Жалпы 2015 жылы БЖЗҚ-ның белсенді салымшыларының қатары оның ішінде міндетті, міндетті кәсіби және ерікті зейнетақы жарналарын қосқанда, жалпы 688,8 млрд теңге болды.
– Зейнетақы жинақтары коммерциялық нысандар құрылысына пайдаланылуы мүмкін деген әңгіме қоғамда пікір-талас тудырғаны рас. Жалпы азаматтардың зейнетақы жинақтарын басқа салаға пайдалануға өз басыңыз қалай қарайсыз?
– Азаматтардың зейнетақы жинақтарын басқа салада пайдалану мүмкін емес. Оларды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі инвестициялап отыр. Ол ҚР ҰБ басқармасының қаулысымен бекітілген БЖЗҚ-ның инвестициялық декларациясына сәйкес инвестицияланады. Сонымен қатар инвестициялық шешімдер Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару кеңесінің ұсынысына сәйкес, оның ішінде қордың зейнетақы активтерін орналастыру үшін рұқсат етілген құралдар тізбесі бойынша қабылданады.
Инвестициялардың барлығы ұйымдасқан нарықта нарықтық мөлшерлеме бойынша жүзеге асырылады. Онда ашықтық кері қайтару және мерзімділік талаптары бар, яғни белгілі бір мерзімге беріледі. Егер өзіңіз тілге тиек еткен жоба ("ЭКСПО" халықаралық көрмесі аумағында сауда орталығы құрылысын қаржыландыру – ред.) туралы айтар болсақ, онда қаржыны инвестициялау механизмі зейнетақы активтерінің тұтастығы тұрғысынан келгенде барынша қорғалған.

Қазіргі кезде қарыздың бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтару рәсімі басталды. Бүгінгі күні зейнетақы активтері мемлекеттік бағалы қағаздарға, корпоративті облигацияларға, Қазақстан Республикасы эмитенттерінің акциялары мен өзге құралдарға инвестицияланды. Инвестициялық қызмет туралы ақпарат тұрақты түрде БЖЗҚ ресми сайтында жарияланады.

– Азаматтарға өз зейнетақы жинақтарын уақытынан бұрын алуға мүмкіндік беру туралы қандай дерек бар? Оны, мысалға тұрғын үй мәселесін шешуге пайдалануға мүмкіндік беру ұсыныстары жиі айтылып жүр. Сіз азаматтардың зейнетақы жинақтарын уақытынан бұрын алу мүмкіндігін қолдайсыз ба?

– Қазіргі кезде ондай мүмкіндіктер қарастырылмаған. Бірақ зейнетақы үлгісі қатып қалған қағидаға негізделмейді. Біз түсіп жатқан жинақтар бойынша үнемі талдау және бақылау жүргіземіз, Актуарийлік орталық тиісті есептеулер жүргізеді, әлемдік тәжірибені зерттейді. Нақтырақ айтсақ, кейбір шетелдік тәжірибеде зейнетақы жинақтарын тек ерекше жағдайларда ғана жеткілікті мөлшерге жеткеннен кейін ғана бірінші кезекті қажеттіліктерге беру кездеседі. Сондай-ақ кейбір зейнетақы үлгілерінде зейнетақы есебінде жеткілікті қаржы жиналса салымшының қаражатты инвестициялауға қатысуына жол беріледі.

Баса назар аудара кетсек, салымшының есебінде зейнетақы жинағы жеткілікті деңгейге жетуі мерзімінен бұрын алудың міндетті шарты болып табылады. "Жеткілікті" ұғымына зейнетке шыққан адамның қалыпты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етілуі деп түсіндіріледі: қажетті азық-түлік алуға, баспанасына төлеуге, дәрі-дәрмек алуға мүмкіндігінің болуы. Басқаша айтсақ егер халық жинақтауға белсенділік танытып, қатысса Қазақстан зейнетақы жүйесі болашақта осындай үлгіге көшуі мүмкін.

– ЕАЭО аясында зейнетақы заңнамасын үйлестіру үдерісі қалай іске асып жатқаны туралы айта аласыз ба? Бұрын Еуропалық одақ елдеріндегідей, азамат өзге елге көшкен кезде өзіне тиесілі зейнетақы төлемдерін еш кедергісіз ала алатын жүйені ЕАЭО ішінде құру қажеттілігі туралы көп айтылған болатын. Ол мүмкін бе?

– Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің аумағында еңбек етушілердің зейнетақылық қамсыздандырылуы мәселесі өзекті болып табылады. Азаматтар мүше елдердің бірінен екіншісіне жұмыс ауыстырған кезде не көшкенде зейнетақы құқықтарын ауыстыру және сақтауға байланысты туындайтын сұрақтар әлі де жауабын таппай келеді. Осыған байланысты ЕАЭО мүше елдерде еңбек етушілердің зейнетақылық қамсыздандырылуы туралы келісім жобасы жасалды, бұл зейнетақыны ауыстыру және өзге мүше елдерде еңбек өтілін есептеу жөніндегі сұрақтардың көп бөлігін шешуге тиіс.

Келісімнің жобасы жақын арада Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесіне қарауға беріледі. Ақпан айының басында Мәскеудегі Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде өткен отырыста тараптар ЕАЭО зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы келіспеушіліктерді реттеуде бір ұйғарымға келе алды. Дәлірек айтсақ, сақтандыру зейнетақысына белгіленген төлемақы есептеу мәселесі реттелді.

Ресей тарапы бұл ережені келісім жобасына енгізуге бастама жасады. Ресейде төленетін зейнеақы мөлшерін есептеу үшін бұл көрсеткішті тепе-теңдікпен, Ресейде, КСРО-да жұмыс істеген мүше елдер азаматтарының нақты еңбек өтілі мен талап етілетін сақтандырушы еңбек өтілі арасындағы айырмашылық сияқты есептеу ұсынылды. Сонымен бірге құжат жобасында ЕАЭО-ға мүше әр ел зейнетақы мөлшерін өз заңнамасына сәйкес және келісімді ескере отырып есептейтіні көзделген.

– Биылдан бастап басқа елге тұрақты мекенжайын ауыстырған Қазақстан азаматтарына зейнетақы төлеу тәртібі өзгертілді. Бұл туралы жан-жақты әңгімелеп өтіңізші, нақты қандай өзгерістер орын алды?

– 2017 жылдың 16 қаңтарынан бастап, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, қор қызметкерлері "Жеке тұлғалар" мемлекеттік мәліметтер қоры арқылы Қазақстаннан тысқары аймақтарға тұрақты мекенжайын ауыстыру деректерін тексереді. Егер өтініш берген адамның жеке куәлігі немесе шетел азаматының Қазақстанда тұруға рұқсат құжаты болмаса, онда қор құжаттар қабылданған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде зейнетақы төлемін жүргізеді. Олай болмаса, біз өтінішті қабылдаудан немесе орындаудан бас тартамыз, орындамау себептерін көрсетеміз.

Бірақ көп жағдайда біздің заңнама талаптарына сәйкес келмейтін құжаттар тапсырылатындықтан, өтініштер орындалмайды. Мысалға, Ресей Федерациясының азаматтары шетелге шығу төлқұжатының орнына ішкі төлқұжатты, нотариалды куәландырылған шетелдік төлқұжат көшірмесінің орнына куәландырылған төлқұжаттың бір бөлігін ұсынып жатады. Өтініш еш кедергісіз қабылдануы үшін қорға заңнама талаптарына сәйкес келетін құжаттардың толық пакетін тапсыру керек, олардың тізімі қордың сайтында жарияланған.

– Жылдың басында Қазақстан парламентінде жекеменшік зейнетақы қорына қайта оралу туралы бастама айтылған болатын. Осы ұсынысты қалай бағамдайсыз? Сіздің ойыңызша, бірыңғай қордың қандай артықшылықтары бар?

– БЖЗҚ зейнетақы есептерінің бірыңғай операторы болып табылады, бірақ болашақта салымшыларға таңдау еркіндігі беріледі. Не дегенмен қазіргі кезде аталған мүмкіндік мемлекеттік органдарда қызу талқыланып жатыр. Бірақ салымшылар қорды емес, зейнетақы активтерін басқаратын компанияларды таңдайтын болады және олармен бірге өз жинақтарын инвестициялау стратегиясын таңдайды. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде зейнетақы активтерін басқару қызметін бәсекелес ортаға – Қазақстанның және шетелдің жекеменшік компанияларына тапсыру туралы ұсыныс әзірлеу мақсатында қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы жаңалықтарды енгізу үшін бірқатар заң мен нормативті-құқықтық актілерді өзгерту керек, бұл біраз уақытты талап етеді.

Егер зейнетақы қорының бірыңғай операторының артықшылықтары туралы айтар болсақ, ол көз түртіп көрсеткендей: әкімшілік шығындар үнемделеді, техникалық қателіктер мен қосарлы шоттардың болуына жол берілмейді, салымшының жеке басына қатысты мәлімет қауіпсіздікте сақталады. Мысалға бірыңғай қордың арқасында қате, қосарлы зейнетақы шоттарының санын қысқартылды, комиссиялық төлемдер мөлшері төмендетілді,салымшылардың бір қордан екіншісіне үздіксіз ауысу әрекеті тоқтатылды.

– Баршамызға мәлім, Қазақстанда зейнетке шығу жасы көтерілді. Еуропада демографиялық ауытқушылықтарға байланысты халық зейнетке 70 жасында шығады, мұндай жағдай Қазақстанда да байқалып келеді. Сіз қалай ойлайсыз, елімізде зейнетке шығу жасы одан әрі көтерілуі мүмкін бе?

– Әйелдердің зейнетке шығу жасы 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін көтерілетіні баршаға мәлім. Көтеру кезең-кезеңмен іске асырылады, 2018 жылдың 1 қаңтарында зейнетке шығу жасы 58 жарым жасқа көтеріледі. Ал 2019 жылы – 59 жас, 2020 жылы– 59 жарым, 2021 жылы 60 жасқа көтеріледі.Тиісті мемлекеттік органдар осындай шешімді қабылдау үшін халықаралық тәжірибені егжей-тегжейлі зерттеді. Ер адамдар мен әйел адамдардың зейнетке шығу жасын бір ізге салу – соңғы 20 жылда байқалып отырған бүкіләлемдік тәжірибе. Көптеген ел өз азаматтарының зейнетке шығару жасын әлдеқайда ерте бір жүйеге келтірді, бұл мәселе бойынша Қазақстан көштің соңында келе жатқандардың бірі. Менің білуімше зейнет жасын одан әрі көтеру мәселесі талқыланып жатқан жоқ.

– 2016 жылдың 12 айында зейнетақы активтері бойынша табыс 7,95%-ды құрады. Сіз бұл көрсеткішті қалай бағалайсыз, 2017 жылдан қандай табыс күтіледі және оған нендей факторлар әсер етеді?

– Аталған көрсеткіш барлық салымшылар үшін және БЖЗҚ-дан зейнетақы алатындар үшін аса маңызды. 2017 жылдың 1 қаңтарында зейнетақы жинақтары бойынша инвестициялық табыс 2 трлн теңгеден асты. Алайда зейнетақы активтерінен түсетін инвестициялық табысқа ұзақмерзімді болжам жасау біршама қиын. Инвестициялық табыс тұрақты емес және инвестициялық қоржынның құрылымы мен қаржылық құралдардың операцияларына байланысты болады. Оның мөлшері нарықтағы жағдай, қаржылық құралдарды қайта есептеу, валюта бағамдарының өзгеруі сияқты бірқатар фактордан күнделікті өзгеріп отырады.

Ал егер салымшылардың жеке зейнетақы шотына қосылатын инвестициялық табыс көлемі туралы айтсақ, онда ол жиналған соманың өзіне байланысты болады, яғни жинақталған сома көп болған сайын, оған бөлінетін табыс та анағұрлым жоғары болады. Одан бөлек, қандай да бір инвестициялық оқиға болмасын, зейнетақы қорларының сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік беріледі. Қазақстан Республикасының "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңының 5 бабына сәйкес, мемлекет алушыларға инфляция деңгейiн ecкepe отырып бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi.

Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу