Мемлекеттік - жекеменшік әріптестік ықпалдастығы, әсіресе, шалғайдағы елдімекендерде жоқ нысандардың орындарын толықтыруда. Бюджет қоржынына салмақ салмай-ақ мемлекет кепілімен кәсібін өркендетіп отырған кәсіпкерлердің жұмысы көңіл тоғайтады.
"Қазақстандық мемлекеттік – жеке меншік әріптестік орталығы" АҚ ұйымдастырған баспасөз турында Қызылорда облысында іске асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысы таныстырылды.
Атап айтсақ, "Тарлан" спорт кешені, ауысымында 400 адамды қабылдай алатын емдеу орталығы және қоқыс полигонының құрылысы.
Өңірде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында денсаулық сақтау, білім, спорт,мәдениет, көліктік инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік қамсыздандыру, энергетика салаларындағы 75 жоба қала, аудан орталықтарында, ауылдық елдімекендерде жүзеге асырылып жатыр.
Мәселен, соңғы екі жылда облыста 16 спорт ғимараты іске қосылса, оның 9-ы мемлекеттік - жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асқан. Соның бірі облыс орталығында орналасқан "Тарлан" дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені.
Мұнда мемлекеттік тапсырыс аясында жылына 400-ге жуық бала спорттың 3 түрімен (бокс, таэквандо, ауыр атлетика) айналысады. Оның сыртында қала халқына қолжетімді бағада ақылы қызмет көрсету де жолға қойылған.
Қызылорда қаласындағы спорттық шаралардың дені осында өтеді. Сырттан келушілерге арналған жатын орындары мен асханасы қарастырылған. 2092 шаршы метрді құрайтын алып кешенде арнайы залдардан бөлек сыртында футбол алаңы мен жүгіру жолағы бар.
"Бокс секциясында 250-ден астам бала жаттықса, таэквондамен 130-ға жуық бала айналысады. Кешенде спорт түрлері бойынша жеке жаттығулар мен оқу-жаттығу жиындары жиі өткізіледі. Спортшыларға арналған 24 орынды жатақхана бар. Мемлекеттік - жеке меншік әріптестік облыстық бюджеттің ауыртпалығын азайтып, халықты дене шынықтыру-сауықтыру қызметтерімен қамтамасыз етеді", – дейді спорт кешенінің директоры Бауыржан Айжанов.
"Тарлан батырлары" ЖШС 5 облыста осындай спорт кешендерін пайдалануға берген.
Тұрғындар игілігін көріп отырған тағы бір мекеме жаңа емхананың қызметі. Бұл мемлекеттік - жекеменшік әріптестік нәтижесінде жүзеге асқан республикадағы алғашқы жоба. Инвесторы "ALEXEY SULTAN AKHMED" ЖШС кепілдендірілген тегін медициналық көмекке тапсырыс бойынша салған.
Ауысымына 400 келушіге арналған емхана осыдан екі жыл бұрын іске қосылыпты. Қала іргесінде орналасқан емханаға 38150 тұрғын тіркелген. Халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетумен қатар амбулаториялық деңгейдегі мамандандырылған медициналық көмектің 15 түрі жүргізіледі.
Емхана соңғы үлгідегі заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Құрамында 32 орындық күндізгі аурухана, зертханалық, гинекологиялық және функционалдық диагностикалық бөлімдері бар. Ультрадыбыстық зерттеу кабинетінде жоғары ажыратымдылық күші бар - эскперт санатты құрылғы жұмыс істейді. Бұл науқастың ауру белгілерін дөп басуға септігін тигізеді.
"Емханада 40-тан астам жоғары білікті дәрігерлер, 200-ден астам медициналық және техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Ақпаратты технологияларды қолдану аясын кеңейту арқылы қызметкерлердің қағаз бастылығын азайту және науқастарға көп көңіл бөлу арқылы "қағазсыз құжат айналымға" көшуді жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде медициналық көмек сапасын арттыруға ықпал ететін болады", – деді емхананың қаржы жөніндегі директоры Жайна Қарлыханова.
Жалпы, өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 75 жобаның 30-ы, яғни 40%-ы денсаулық саласының еншісінде.
Жергілікті билік қоқыс полигонын оңтайландыруға көшкен. Енді ескі полигон жабылып, орнына жаңа полигонды пайдаланатын болады.
Полигон құрылысы аяқталуға жақын.
Жалпы аумағы 20 гектар. Іске қосылған уақытта 40 жұмыс орны ашылады. Жобаның 50%-ы, яғни 652 млн теңгесі инвестор есебінен. Кешеннің қуаттылығы жылына 60 мың тонна қатты қалдықтарды сұрыптай алады.
Желтоқсанның алғашқы күндерінде іске қосылатын зауыт қоқысты өңдемейді, тек сұрыптайды. Сосын қажетті тұрмыстық қалдықтарды өңдеуші кәсіпорындарға жібереді.
"Қоқыстарды сұрыптап шыны, пластик, темір қалдықтарын бөліп алып кәдеге жарататын боламыз. Экологияны ластамау үшін улы заттарды жағып, атмосфераға зиянды газдарды жібермейміз",–дейді "Техоснастка Ремсервис" ЖШС-ның бас инженері Юрий Нам.
Құны 1,3 млрд теңгені құрайтын жоба бесжақты келісіммен жұмыс жасайды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, "Қызылорда тазалығы" және "Техоснастка Ремсервис" серіктестіктері мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі нәтижесінде бірігуде. Құрылыс аяқталған соң, Қызылорда қаласы әкімдігінің басқаруына берілмек.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан жобаның бірі – "Облыстағы мемлекеттік органдарға талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту". "Қазақтелеком" АҚ оңтүстік өңірлік коммуникациялар дирекциясы аталмыш жобаны мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында іске асыруға ұсыныс жасап, іске кірісті. Жоба құны 260 млн 631 мың теңге.
"Мемлекеттік органдар арасындағы байланыс үшін талшықты оптикалық желілерді қолдану ең тиімдісі. Жоба жүзеге асқанға дейін оптикалық байланыс желісі базасындағы қызмет облыс орталығындағы мемлекеттік органдар үшін ғана қолжетімді болды. Бүгінгі күнге дейін барлығы 69,6 шақырым кабель жүргізіліп, 77 мемлекеттік орган талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылды", – дейді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нәби Дәужанов.
Баспасөз туры барысында МЖӘ тиімділігі неде деген сұраққа "Қазақстандық мемлекеттік - жекеменшік әріптестік" АҚ-ның коммуникациялар жөніндегі директоры Дамир Егізбаев:
"МЖӘ аясында мемлекет өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асырады және инфрақұрылымдық жүйелерді дамытады. Бұл орайда жергілікті бюджетке түсетін ауыртпалық айтарлықтай жеңілдейді. Инвестор орындаған жұмысын, салған объектісі және көрсеткен қызметтік шығындары мен белгілі бір деңгейдегі пайданы МЖӘ шартының талаптарына сәйкес өтей алады және оған мемлекет кепіл береді. Озық технологиялар мен тәсілдер пайдаланылады және жұмыссыздық мәселесін шешуде де тиімді. Елімізде Сыр өңірі облыс орталығына ғана емес, шалғай елдмекендерге инвестор тарту жағынан өзгелерге үлгі", – деді Д.Егізбаев.
Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік – жекеменшік әріптестік бойынша І инвестициялық форум өтпек.
Нұрбек Дәуренбеков