Денсаулық сақтау инфрақұрылымына 1,3 трлн теңгеден астам қаржы қажет

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3629

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың түркиялық тәжірибесіне жүгінеміз. 

Денсаулық сақтау инфрақұрылымына 1,3 трлн теңгеден астам қаржы қажет

Соңғы 3 жылда өңірлер денсаулық сақтау саласында 52 млрд теңгеге 111 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартын жасаған. Тағы 93 жоба бойынша конкурстық рәсім өткізілуде. Бұдан бөлек 83 жоба әзірленіп жатыр.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтің сөзінше, өңірлер негізінен амбулаториялық-емханалық қызмет нысандарын салу, медициналық техникамен жарақтандыру жобаларын іске асыруда. Жасалған шарттар шеңберінде тартылған инвестиция сомасы бойынша Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары, Ақтөбе, Павлодар облыстары алда тұр.

"Өңірлер бекіткен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың перспективалық жоспарларына сәйкес, 2025 жылға дейін 1,3 трлн теңгеден астам қаржы қажет", – деді үкіметтің бүгінгі отырысында баяндама жасаған Елжан Біртанов.

Министрдің сөзінше, ведомства Түркияның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік инфрақұрылымдық моделін зерделеген.

"Түркияның 2010-2023 жылдарға арналған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы 44 мыңнан астам жатын орны бар 32 ірі көпбейінді аурухана салуды қамтиды. Бағдарлама халықаралық қаржы институттарының қаржылық және консультативтік қолдауымен іске асырылуда", – деді Елжан Біртанов.

Министрдің мәлімдеуінше, бағдарламаның артықшылықтары көп.

"Нысандар жеке инвестиция есебінен салынады. Нысанды пайдалануға бергеннен кейін мемлекет жұмсалған қаражатты 25 жыл ішінде қолжетімділікке ақы төлеу арқылы қайтарады және жекеменшік әріптес көрсететін медициналық емес қызметтерге ақы төлейді. Инвесторды валюталық және инфляциялық тәуекелдерден қорғауға кепілдік берілген", – деді денсаулық сақтау министрі.

Түрік тарапы ұсынған талдау материалдарына сүйенсек, мемлекеттік құрылыспен салыстырғанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік нысандары мерзімінде салынады, сапасы мен жарақтандырылуы заманауи талапқа сай болады.

"Келісімшарт бойынша ақы төлеу жекеменшік әріптестің 600 сапалы индикаторын орындау арқылы жүзеге асырылады. Тараптардың тәуекелдерін бөлуге мүмкіндік беретіндіктен, бұл схема әлемде кеңінен тараған", – деп нақтылады министр.

Осылайша Қазақстан Түркия тәжірибесіне сүйене отырып, пилоттық жобаны жүзеге асырмақ. Оның бірінші кезеңіне Қарағанды, Алматы, Петропавл және Нұр-Сұлтан қалалары таңдалып алынды. Аталған шаһарларда 5 ірі көпбейінді медициналық кластерді іске асыру ұсынылып отыр.

"Түркия тәжірибесін жүзеге асыру үшін 2019 жылдың қазан айына дейін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Бұдан бөлек осы айда денсаулық сақтау саласындағы жобалық басқару офисін құру керек. Сондай-ақ маусымға дейін заңнамалық деңгейде мәртебесін бекіте отырып, денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын бірыңғай оператор құрылуға тиіс", – деді денсаулық сақтау министрі.

Елжан Біртанов ұсынған жобалар үкімет басшысы Асқар Мамин тарапынан қолдау тапқанын атап өткен жөн.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу