Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында бірізділік жоқ

4781

Орталық және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс істемейді.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында бірізділік жоқ

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы әкімшілік кедергілерді жою мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға не кедергі? Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің қай саласында кәсіпкерлердің құқығы аяқ асты болып жатыр? Осы тектес сұрақтар "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында талқыланды.

Кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов палатаға және оның өңірлік бөлімшелеріне кәсіпкерлерден мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы әкімшілік кедергілерге қатысты көп шағым түсіп жатқанын мәлімдеді.

Белгілі болғандай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңнаманы пайдалану кезіндегі  заңмен бекітілген шектеулер әуелі әкімшілік кедергіге айналып, ізінше сыбайлас жемқорлыққа ұласады.

Елімізде сумен жабдықтау, су тарту, электр энергиясымен қамту, көлік, жол құрылысы, байланыс, апаттық-құтқару қызметі және туризм салалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларынан тыс қалған. Соңғы 3 жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аймақтарда бірде-бір инфрақұрылымдық жоба жүзеге аспаған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті алға ілгерілетуде бірізділіктің болмауы мен орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірлесіп жұмыс істемеуі жағдайды ушықтыра түскен.

"Құқықтық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі және құқық қолдану тәжірибесінің керағарлығы  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдерінде әкімшілік кедергі мен сыбайлас жемқорлық туғызып, кәсіпкерлердің адымын аштырмай отыр", – деді Қайырбек Сүлейменов.

"Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы" заңның кейбір актілері инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қарама-қайшы келген. Мәжіліс депутаты, кеңес жанынан құрылған сараптамалық топ жетекшісі Аманжан Жамаловтың сөзінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын қайтаруға немесе жобаларды мақұлдаудан бас тартуға қатысты нақты талаптың болмауы сыбайлас жемқорлықтың етек алуына негіз болған.

"Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы жобалар 2006 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Алғашқы 10 жылда небары 3 инвестициялық жоба ақиқатқа айналды. 2012-2018 жылдар аралығында қолданыстағы заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік экономиканың барлық салаларын қамтитын болды. 2003-2016 жылдар аралығында  құны 59,4 млрд теңгені құрайтын 21 келісім рәсімделсе, 2017 жыл мен 2019 жылдың 1 ақпаны аралығында 1,5 млрд теңгенің 588 келісіміне қол қойылған. Бұл оң көрсеткіш бар екенінің белгісі. Дегенмен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында кемшілік көп. Мәселені уақыт оздырмай шешу керек", – деді Аманжан Жамалов. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу