Бизнесте "қуғын-сүргін" болмайды

2264

Парламент маусым айында бизнестің  құқығын қорғайтын заңнамаға түзету енгізеді.  

Бизнесте "қуғын-сүргін" болмайды

"Кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту мәселесі басты назарда болып отыр. Кәсіпкердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін заңнамадағы жазалау азайтылатын болады. Осы жылдың маусым айында 200 түзету парламент қарауына жіберіледі. Оның ішінде негізгі мәселе кәсіпкерлерге қатысты заңнаманы ізгілендіру болады. "Жалған кәсіпкерлік" бабын алып тастайтын шығар деп үміттенеміз. Бұл баптың салдарынан көптеген  адал жұмыс істейтін компаниялар зардап шекті, өйткені бұл бапты әрқалай түсінуге болады", – деді ҚР "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Павлодар облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасы кеңесінің отырысында.

Қазіргі уақытта палата бас прокуратурамен ынтымақтастықты бір ретке келтірген. Кәсіпкерлерден келіп түскен 17 мың шағымның жартысынан көбі бизнестің пайдасына шешілуде. 2017 жылдың 31 мамырында мәжіліс ҚР "Прокуратура туралы" заңының жаңа редакциясы  жобасын мақұлдады. Осы жаңа заң жобасын басшылыққа алған бас прокуратура бақылау мен қадағалау жүйесін жақсарту мақсатында өздерінің бірқатар өкілеттігін шектеуге бастама жасайды. 

"ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов парламентте  бас прокуратураның жаңа заң жобасын таныстырды. Бас прокуратура жазалаушы органнан адал кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын органға айналғанын айтып кету керек. Бұл заңнамалық деңгейде болатын өте маңызды өзгерту", – деді төралқа төрағасы.

 "Атамекен" үкіметпен бірлесе отырып, рұқсат беруші  жүйеге тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заң қабылданған. Бұл туралы Тимур Құлыбаев: "Мемлекеттік органдарға жаңа әкімшілік кедергі жасауға мүмкіндік бермейтін маңызды заңнамалық сүзгі жасалып отыр. Рұқсат беруші құжаттарға тексеру жүргізу барысында 1115 құжат 316-ға дейін қысқарды", – дегенді айтты.  

Тізілім, туризм және аймақтар туралы

"Барлық өңірге қажет маңызды құжат ­– бұл отандық тауар өндірушілердің тізілімі. Тендерлік сатып алулар жайын сөз еткенде бизнестің сапасыз өнім жеткізбейтінін жақсы түсінген дұрыс. Отандық өндіруші дегеніміз бәсекеге қабілетті өнім шығарушы. Отандық тауар өндірушілердің тізімін сапалы құрған дұрыс. Әрбір тауар өндірушінің келешектегі өсу мүмкіндігіне қарайтын боламыз, яғни тауар өндірушінің инвестициялық жұмысын іске асыруға көмектесеміз. Павлодар облысының аумағында АЭА, Екібазтұзда индустриалды парк бар. Облыстың келешегі зор", – деді  Тимур Құлыбаев.

КҰП басқармасы төрағасының орынбасары Төлеміс Шотановтың ақпарына сүйенер болсақ, бүгінгі күні елімізде индустриалдық аймаққа бөлінген жеті мың гектардың тек 1,5 мыңы ғана жұмыс істейді.

"Әзірге индустриалдық аймақ туралы заң жоқ. Қазіргі уақытта көбісі индустриалдық аймақ дегенді үлкен қоршалған жер және сол жерге бизнес жасауға шақыру деп түсінуде. Алайда мен инвестор ретінде жұмыс істеуге келетін болсам, онда маған жобаны әзірлеу, негізгі тіректі тұрғызу, жөндеу жұмысын жүргізу үшін үлкен ақша қажет. Ал біз индустриалдық аймақ ретінде микро және шағын бизнес үшін дайын цехтарды ұсынамыз. Оларға үлкен жер керек емес. 70-150 шаршы метр жеткілікті. Тек келіп, жұмыс бастауы қажет. Қазір экономикалық аймақтар туралы заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп жатыр, сол үшін "Атамекен" ұлттық палатасымен бірлескен жұмыс тобы құрылған. Бірақ бұл жерде АЭА-ның өзіндік уақытша шектеуі бар екенін түсінген дұрыс, яғни ұсынылатын барлық ерекшеліктер, жеңілдіктер бизнестің аяққа нық тұрып кеткеніне дейін ғана беріледі", – деді  Тимур Құлыбаев.

Кездесу барысында туризмді дамыту мәселесі көтеріліп, оның ішінде Баянауылға ерекше назар аударылды.  

"Бұл жер республикалық туризмді дамыту картасына  енеді деп ойлаймын. Бірақ ол үшін инфрақұрылым тартылу қажет. Ол жерге кәріз жүйесін тарту қажет, демалыс орнында қаптаған сырахана мен кәуап пісіретін орын болмауы керек. Бізге туризмнің мүлдем басқа сапасы қажет Жақсы жоспар керек, өйткені бұл сіздердің өңірлік бизнестеріңіз", ­­- деп атап көрсетті Тимур Құлыбаев.

  Аймақтағы бизнес

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Павлодар мемлекеттік университетіне барғанда жас кәсіпкер Римма Коволева оған айрықша "көбелекті" сыйға тартты.  Жас бизнесменнің айтуынша, ол үш жыл ішінде мыңнан астам дизайнерлік аксессуар сатқан, бүгінгі таңда сауда шеңберін кеңейтуге әрекеттеніп жатыр.

Университетте "Атамекен" басшысына "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы, Екібастұздағы индустриалды аймақ және осы жерде орналасқан немесе келешекте жұмыс істейтін кәсіпорындардың алаңы таныстырылды. Сондай-ақ сапар барысында КҰП басшысы Павлодар мұнай-химия зауытына барып, кәсіпорынды жаңғырту жұмысымен танысты.

Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу