Ұлттық экономика министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірге шағын және орта кәсіпорындардың бүгінгі жағдайына зерттеу жүргізген. Жобаға жауапты Euroconsultants тобының сарапшылары сол зерттеудің алғашқы нәтижелерін ұсынды.
Ұлттық базистік зерттеу жобасының жергілікті сарапшысы Ботагөз Төреханова отандық кәсіпорындармен ашық диалог құру өте қиын болғанын айтады.
"Қазақстан кәсіпкерлерінің арасында ұлттық базалық тексеру жүргіздік. Оған 17 өңірден 1559 шағын және орта бизнес нысаны қатысты. Ауылды жерлерден фермерлер мен шаруа қожалық өкілдері тартылды. Біз оларға шағын және орта бизнестің бүгінгі ахуалы мен қаржылай қолдаудың қолжетімділігі бойынша сауалнама жүргіздік. Осы кезде байқағынымыз, сала өкілдері өз проблемалары жайында айтудан қатты қашқақтайды. Әсіресе, сыбайлас жемқорлық пен мемлекеттік органдардың қысымына қатысты сауалдардан бастарын ала қашады. 1559 кәсіпорыннан жауап алу үшін 3 ай уақытымыз кетті. Бұл жайттан біздегі шағын және орта бизнес иелерінің басылып қалғанын, саналарында үрей басым екенін көруге болады", – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бүгінде елдегі шағын және орта бизнес өкілдерінің үштен бірінің мойнында несие мен қарыз бар.
"Бірыңғай несие емес, қарыз да бар. Бұл – Қазақстан бизнесінің бір ерекшелігі. Әрине, бизнестің несиемен жұмыс істеуі қалыпты жағдай. Бірақ ол несие не үшін алынды деген сұрақ бар. Көбінің борышы коммерциялық банктерден алынған. Ондай ұйымдардың пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары болып келеді. Сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 37%-ы сол несиелерін әупіріммен төлеп жатқанын айтты. Тағы 7%-ы қарызды кешіктірмес үшін бизнестерін тежеуге мәжбүр", – дейді Ботагөз Төраханова.
Сауалнамаға жауап бергендердің 15%-ы әкімшілік кедергілерге кездескенін айтса, тағы 15%-ы сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келгенін мойындаған көрінеді. Сондай-ақ 10 %-ы мемлекеттік орган өкілдері пара талап еткенін ашық білдірген. Тағы 9%-ы жауап беруге қиналатындарын айтқан.
"Біз сауалнамаға қатысқан кәсіпорын өкілдерінен алдағы 5 жылдың жоспарын сұраған болатынбыз. Алаңдауға тұрарлық жауап алдық деуге болады. Тек 32%-ы ғана 10-15 жылға құрылған нақты стратегиялары бар екенін айтты. Негізгі бөлігінің жоспары 5 жылдан аспайды. Яғни көбі мақсатты индикаторға жұмыс істемейді деген сөз. Көбінің бизнестегі негізгі мақсаты – ілдебайлап күнелту ғана. Бұл өте ойлантатын статистика. Бұдан біздегі кәсіпорны иелерін әлі де оқыту керек деген қорытынды шығады. Сонымен қатар көбінің қаржылық жағдайы келешекке көсіліп жоспар құруға мүмкіндік бермейді деген сөз. Тек 21%-ының ғана бизнесін алға жылжытуға артық ақшасы бар", – дейді сарапшы.
Есімжан Нақтыбайұлы