БРИКС саммиті - 2023: Онда қандай негізгі мәселелер талқылануы мүмкін?

2026

Бұл негізгі дамушы елдер блогына 40 шақты ел қосылуға ниетті. Солардың қатарында Қазақстан да бар.

БРИКС саммиті - 2023: Онда қандай негізгі мәселелер талқылануы мүмкін? Фото: yaplakal.com

БРИКС - негізгі дамушы елдер тобы. Оған мүше Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка – 22-24 тамыз аралығында Йоханнесбургте мемлекет және үкімет басшыларының 15-ші саммитін өткізеді.

Ауқымды форумға Оңтүстік Африка президенті Сирил Рамафоса, Қытай төрағасы Си Цзиньпин, Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силва және Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қатысады деп күтіліп отыр.

Ресей президенті Владимир Путин Украинада әскери қылмыстар жасады деген айыппен Халықаралық қылмыстық сот шығарған тұтқындау ордеріне байланысты саммитке бара алмайды. Путин оған виртуалды түрде қатысады және Йоханнесбургте Ресей атынан сыртқы істер министрі Сергей Лавров өкілдік етпек.

Қатысушылардың нені талқылауды жоспарлағаны туралы аздаған мәліметтер пайда болды. Күн тәртібіне енгізілуі мүмкін негізгі мәселелердің қысқаша сипаты төмендегідей:

БРИКС ЭКСПАНСИЯСЫ

Лидердердің БРИКС-ке жаңа мүшелерді қосу және қабылдау критерийлеріне қатысты пікірлері екіге жарылып отыр.

Қазақстанның БРИКС-ке қосылуға өтініш бергені мамырда белгілі. Сол кезде Bloomberg агенттігі Оңтүстік Африка СІМ-нің Азия және БРИКС жөніндегі елшісі Анила Суклалаға сілтеме жасай отырып хабарлағандай, бұл топқа Қазақстанмен бірге Алжир, Аргентина, Ауғанстан, Бангладеш, Бахрейн, Беларусь, Венесуэла, Египет, Зимбабве, Индонезия, Иран, Мексика, Нигерия, Никарагуа, БАӘ, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Сенегал, Сирия, Судан, Тайланд, Тунис, Түркия, және Уругвай елдер кіруге талпынып жатыр. Бас-аяғы 40 шақты мемлекет.

Сауда және геосаясат бойынша АҚШ-пен жанжалдасып жатқан Қытай өз ықпалын кеңейтуге тырысып, БРИКС-тің кеңеюін мейлінше қолдап отырса, Бразилия мұндай экспансияға күмәнмен қарайды.

Украинадағы соғысқа байланысты әлемдік сахнадан аластатылған Ресей дипломатиялық оқшаулануды еңсеру үшін Оңтүстік Африка сияқты жаңа мүшелерді БРИКС-ке тартуға ынталы. Үндістан болса, бұл мәселеде әлі шешім қабылдамаған.

БРИКС БАНКІ

Болжамдарға қарағанда, алдағы саммитте бұл топ Жаңа Даму Банкі (NDB) немесе "БРИКС банкі" деп аталатын қаржы мекемесіне жергілікті валютада қаражат жинау және несиелеу көлемін арттыру проблемаларын да талқылайды. Оңтүстік Африканың қаржы министрі Энох Годонгвананың ойынша, бұл банкте жергілікті валютаны пайдалану валюталық тұрақсыздықтың жағымсыз әсерін азайтуға көмектеседі екен.

Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін және АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі 2022 жылдың басында инфляциямен күресу үшін пайыздық мөлшерлемелерді көтере бастаған соң доллар күшейді. Бұның салдарынан дамушы елдердің валюталары әлсіреп, олардың Америка ақшасымен алынған қарыздары қымбаттап кеткен.

2015 жылы құрылған NDB әлі де альтернативтік валюталарды пайдалану мүмкіндігін қарастырып жатқанымен, саммит барысында БРИКС елдерінің ортақ валютасын шығару жөнінде әңгіме қозғалмайды. Мұны БРИКС-тегі жоғары лауазымды дипломатқа сілтеме жасап "Рейтер" агенттігі хабарлап отыр.

Дегенмен NDB де кеңейіп жатыр және ол үшін таяуда ашылатын саммит өз құрамына көбірек ел тартудың негізгі алаңына айналуы мүмкін. Бангладеш, Біріккен Араб Әмірліктері және Мысыр бұл банкке 2021 жылы қосылды. Уругвай оған кіру процесін бастап кетсе, Алжир, Гондурас, Зимбабве және Сауд Арабиясы БРИКС-тің ортақ қаржы институтына қызығушылық танытқан.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Сонымен қатар БРИКС жетекшілері өздерінің әртүрлі экономикалары арасындағы байланыстарды қалай жақсартуға болатынын талқылайды.

Дәлірегі, олар энергетикалық ынтымақтастық, инфрақұрылымды дамыту, цифрлық экономика және еңбек нарығындағы сауда және инвестициялық мүмкіндіктерді қарастырмақ.

"БРИКС ДОСТАРЫ"

Саммиттің соңғы күні басқа елдердің басшыларымен келіссөздерге арналады. Бұл кездесуге шақырулар Африка, Латын Америкасы, Азия және Кариб бассейні аймағындағы 67 мемлекет жетекшісіне жіберілді, деп мәлімдеді Оңтүстік Африка Сыртқы істер министрі Наледи Пандор.

Франция президенті Эммануэль Макронның саммитке қатысуға ниет еткен. Алайда Ресей қарсы болғандықтан, Макрон Йоханнесбургке шақырылмады. Айта кетсек, Украинадағы соғыста Париж Киевті қолдап отырғаны белгілі.

Саммитте "БРИКС және Африка" тақырыбы да талқыланады. Пандордың сөзінше, бүгінде БРИКС-тің достары Африка құрлықтық еркін сауда аймағынан пайда көру мүмкіндіктерін зерттеуге ынталы екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу