БҰҰ: Пластиктің салмағы балықтан да ауыр болмақ

5670

Пакеттер мен шөлмектер планета үшін өзекті проблемаға айналып отыр.

БҰҰ: Пластиктің салмағы балықтан да ауыр болмақ

Еуропа бұрын Қытайға жөнелтіп келген пластик қалдықтарының жартысын ғана биыл Азияға жіберді. Өйткені, қаңтар айында ресми Бейжің қоршаған ортаны қорғау мақсатында әлемдегі ең ірі қайта өңдеу нарығын жапты. Сонда пластиктің қалғаны қайда кетуі керек? Қарт құрлық үшін бұл – үлкен мәселе.

Еуропалық ресми өкілдердің мәлімдеуінше, қалдықтар ғимараттар мен порттар маңында тонналап үйіліп қалған. Кір әрі сұрыпталмағандықтан, оларды Қытай да қабылдаудан бас тартып отыр.

Еуропа одағы жариялаған статистикаға жүгінсек, биылғы жылдың басында Малайзия, Вьетнам, Үндістан тәрізді елдер Еуропадан пластик қалдықтарды жылдағыдан көбірек импорттаған. Егер сол мемлекеттер импортты әрі қарай арттырмайтын болса, Еуропаға пластикті көмуге немесе өртеуге тура келеді. Алайда, Еуропада халық көп, жер аз. Сондықтан, бұл континентте жүздеген мың тонна пластикті өртеп, оны энергия өндіруге көбірек пайдалану жолдары қарастырылып жатыр. Осы жерде тағы бір проблема туындап отыр: пластикті өртесе, ауаға улы заттар тарауы мүмкін.

Қоқыстан – энергияға
Соған қарамастан, Еуропа энергия мен жылу өндіру үшін қалдықтарды өртейтін электр станцияларын көптеп салуға жақтас. Өйткені, жерге көмілген пластиктерден және өзге де қоқыстардан токсин мен метан тәрізді улы заттар тарайды.

Әлем бойынша 2012 жылы атмосфераға жайылған көмірқышқыл газының 390 миллион тоннасы осы пластиктен келген. Дегенмен, бұл қалдықтардан пайда да бар. Мәселен, пластиктің арқасында тағамды сақтап, көліктердің салмағын азайтып, далаға тасталатын қоқыс мөлшерін кемітуге болады.

Еуропаның Қалдықтарды энергияға айналдыру зауыттары конфедерациясы құрамына 90 миллион тонна муниципиалдық қоқысты өртеп, миллиондаған адамды электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған 400-дей кәсіпорын кіреді. Осы ұйым өкілдерінің ойынша, пластикті көміп, оны қайта қазып алу идеясы – бос қиял.

"Пластикті көмбес бұрын тазалау керек. Бұл – өте қымбатқа түсетін шаруа. Оның үстіне, пластик жер астында сапасын жоғалтады. Және де ол өрт қаупін туындатуы мүмкін", – дейді конфедерацияның басшысы Эллен Стенглер.

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2014 жылы климаттың өзгеруі жөніндегі үлкен сараптамасын жариялады. Сол баяндамада қалалардың металл, пластмасса, қағаз тәрізді қалдықтарды сұрыптап, көміп, "болашақта қайта қазып алатын материалдық резервуар" құра алатыны жайлы идея айтылды.

Қытайға таза қоқыс керек
Пластиктік ластанудың күшейіп келе жатқаны сонша, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің мәліметінше, 2050 жылға қарай мұхиттарда сол қалдықтардың салмағы балықтардан асып кетеді.

Әлемдегі пластик қоқыстар экспортының жартысын өңдеп келген Қытай қазір мұндай қалдықтардың дұрыс сұрыпталып, тазалық стандарттарына сай болғанын талап етіп отыр. Керісінше жағдайда, тастанды пластиктер қайта өңдеуге жарамай, өртеліп, экологияға зиян тигізбек. Осыдан болар, 2018 жылдың алғашқы екі айында Қытайға экспортталатын пластик қалдықтардың көлемі 96 пайызға азайып кетті. Мұны "Рейтер" агенттігі зерттеу жүргізіп, анықтап отыр.

Қазір қалдықтардың 60 пайызға жуығы Малайзия, Вьетнам,Түркия, Үндістан, Индонезия сияқты елдерге сатылып жатыр. Британиядағы Letsrecycle қайта өңдеу тобының мәліметінше, 2017 жылы сәуір айында пластик қалдықтардың бір тоннасының құны 25-40 фунтқа жеткен. Соған қарамастан, Еуропада оны қайта өңдеу деңгейі артпай отыр. Ал, Британия Пластик Федерациясы Қайта өңдеу тобының мәлімдеуінше, көміртегіне бай қалдық материалдар ауаға зиянды затты тонналап таратып жатыр. Бірақ, "бұған неге жол берілді" деген сауал әзірге жауапсыз.

"Біз сұрыпталған пластикті жақсы бақыланатын жерге көміп, оны келешекте кеніш ретінде қайта қазып алып, кәдеге жарататындай жағдайға жетуіміз керек", – дейді британдық мамандар.

Өртесең де, көмсең де зиян: дұрысы – пластиктен арылу
Зерттеулерге қарағанда, бір мегаватт электр қуатын өндіру үшін қоқысты энергияға айналдыратын станциялар 345 келі пластик өртеп, ауаға 880 келі көмірқышқыл газын таратады. Салыстырып көрсек, газға негізделген станциялар осыншалықты энергияны 132 келі табиғи газ жағып, атмосфераға тек 360 келі көмірқышқыл газын таратып қана өндіреді.

2015 жылы ыстық толқындарды, су тасқындарын, қуаңшылықтарды, теңіздер деңгейінің көтерілуін шектеу мақсатында Париж климаттық келісімі қабылданды. Ол пәтуа ғаламдық температураның мөлшерден тыс жылынуына жол бермеу үшін жерден қазылып алынатын отыннан бас тартуды көздеп отыр. Қоқысты өртеп, оны энергияға айналдыру жақтастары болса, бұл мәселені пластик өртеу технологиясы шешеді деген үмітте. Мысалы, Швеция үкіметінің есебінше, тұрмыстық қалдықтардың үш тоннасынан бір тонна мұнайдан алынатын энергияны өндіруге болады.  

1960 жылдардан бері әлемде пластик өндірісі 20 есеге артқан. Еуропа комиссиясының болжамынша, бұл көрсеткіш алдағы 20 жылда тағы екі есеге артады. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының Найробидегі экологиялық агенттігінің басшысы Эрик Солхеимнің пікірінше, әлемдік пластик саясаты сол пластмассаны косметика және су шөлмектерін жасауға аз пайдалануға немесе мүлде қолданбауға ерекше мән беруі керек.

"Ең дұрысы – шама келгенше пластиктен арылу. Қалдықтарды өртеу және көму – қиын таңдаулар", – дейді Солхеим мырза.

Plastics Europe компаниясының дерегінше, 2016 жылы Еуропада 27,1 млн тонна пластик қалдық жиналған. Соның 41,6 пайызы энергия өндіруге, 31, 1 пайызы қайта өңдеу үшін Қытай сияқты елдерге жіберілген, ал 27,3 пайызы көмілген. Осылайша, қайта өңдеуге жөнелтілген пластик көлемі көмілгенінен алғаш рет асып отыр. Салыстырып көрсек, 2014 жылы Құрама Штаттарда жиналған 33 млн тонна пластиктің 75 пайызы көміліп, тек 15 пайызы өртеліп, 9 пайызы қайта өңделген. Ал, әлем бойынша осыдан 4 жыл бұрын тұрмыстық қатты қалдықтардың 20 пайызы қайта өңделіп, 13 жарым пайызға жуығы энергия өндіруге пайдаланылып, қалғаны қоқысқа төгілген.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу