БЖЗҚ-ға қатысты "жаңа армениялық тәсіл" іске қосылуда

13015

Жинағы бар жігітке қайынжұрттың қадірі артты. 

БЖЗҚ-ға қатысты "жаңа армениялық тәсіл" іске қосылуда

Елімізде қартаюды күтпей-ақ, зейнетақы жинағын қазірден пайдалануға мүмкіндік берілгелі, ондаған мың адам соны пайдалануға лап қойды. Олардың көбі баспана жағдайын жақсартуды ойлап отырған жоқ, себебі қорда жеткіліктілік шегінен асатын миллиондары бар азаматтардың басым көпшілігі тұрғын үймен қамтылған.

Біраз адам қаулыда көзделмеген басқа салаларға инвестициялау үшін қорда көбеймей босқа жатқан ақшасын айналмалы жолдармен қалтаға басуға тырыспақ. Нәтижесінде, олар жылжымайтын мүлікке қатысты "жаңа армениялық әдіске" жүгінуі мүмкін. Бұл туралы елордалық белгілі бизнесмен Айбол Тілеубердиев хабарлады.

Айта кету керек, Арменияда да зейнетақы жинақтау жүйесі қолданылады. Жергілікті заң бойынша болашақ зейнеткер кез келген уақытта өз қалауы бойынша бір зейнетақы қорында жинаған қаражатын түгел немесе ішінара басқа қорға ауыстыра алады. Бұл қорлар арасында пай алмасу түрінде жүреді. Сарапшылардың мәліметінше, бұл жүйе кейде ақшаны жылыстату үшін пайдаланылады. Мәселен, үлкен көлемде зейнетақы активі келіп түскеннен кейін қор кенеттен банкрот болады, қаражат белгісіз бағытта ізім-ғайым жоғалады.

Дегенмен, Қазақстанда жалғыз ғана мемлекеттік қор бар, ендеше мұндай схема жарамайды. Бұл ретте қазақстандықтар автокөлікке қатысты әдісті пайдаға асырмақ. Естеріңізде болса, Армения Еуразиялық одаққа мүше болып, кедендік аймаққа кірісімен, әбжіл, пысық азаматтар сол елдегі бағасы арзан, сын-сипаты салтанатты көліктерге бар қаражатын салып, таси бастады. Кейін қазақстандық құзырлы органдар оларды мемлекеттік тіркеуден бас тартқанда, иелері оны Армениядағы, Ресейдегі таныс, туыстардың атына тіркеп, ары қарай пайдаланды.  

"Жылжымайтын мүлікке қатысты жаңа армениялық тәсіл бар. Себебі, тұрғын үй мәселелерін шешу үшін зейнетақы жинағын алуға мүмкіндігі бар адамдардың көбісі бұған мұқтаж емес. Бірақ олар мемлекет беріп отырған мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келеді. Жылдар бойы жоғары жалақы алғандықтан мен баспана мәселесін бұл бағдарламасыз-ақ шешіп алғанмын. Тұрғын үй жағдайын жақсартуды немесе бөлме санын арттыруды жоспарлап отырған жоқпын. Әйткенмен жинағымның артық бөлігін қолға түсіргім келеді", – деді бизнесмен.

Оны қалай жасауға болады?

Ол зейнетақы жинағын пайдалану ережелерін, рұқсаттары мен шектеулерін, яғни қандай мақсаттарға жұмсауға болмайтынын мұқият зерделеген екен.

"Нәтижесінде, ережені бұзбай-ақ жинақты шытырлаған ақшаға айналдыруға болады деген байламға келдім. Қалайша? Қазіргі кезде оның бірнеше нұсқасы бар. Қағидада фамилиялас, жақын туыстардан сатып алуға тыйым салынған. Демек, мен туыс-туғаннан жылжымайтын мүлік сатып алмаймын. Бір схема бойынша өз пәтерімді алдымен досыма сатамын, артынша оны зейнетақы жинағы есебінен кері сатып аламын. Осылайша, заң бұзылмайды. Осыдан кейін өз үйімді 5 жыл сатпаймын. Ал досым ақшамды қайтарып береді. Екінші схема бойынша формальды түрде, қағаз жүзінде енемнің туысынан үйін сатып аламын", – деді Айбол Тілеубердиев.

Өйткені қайын жұрт жақын туысқа жатпайды. Бірақ бұл үшін күйеу бала мен ене арасында жақсы, сенімді қарым-қатынас болуы керек.

"Осы жолмен зейнетақы жинағымды қолма-қол ақшаға айналдырып алғаннан кейін оған мысалы, көлік сатып ала аламын. Рас, мен де балаларымды тұрғын үймен қамтығым келеді. Бірақ қазіргі бағаларды үш жыл бұрынғымен салыстыра келе, бүгінде ипотекаға да, бөліп төлеуге де, зейнетақы жинағына да пәтер сатып алуға асықпау керек деген шешімге келдім. Себебі, баға құрылыс компанияларында да, қайталама нарықта да кем дегенде 20-30%-ға шарықтап шыға келді. Кәсіпкер ретінде нарықтан хабарым бар ғой, осыдан үш ай бұрын елордада 12 миллион теңгеге бір бөлмелі пәтер алуға болатын. Қазір 15 миллионнан арзанын табу күрделі. Бұл баға маған қызық емес. Жылдар бойы жинаған бірнеше миллионымды біреуге жайдан-жай бере салуым керек пе!" – дейді А.Тілеубердиев.

Ол осы тетік күшіне енгелі ауқаттылар мен "жетімбұрыш" жағалағандар арасындағы әлеуметтік арақашықтық арта бастағанына назар аудартты.

Мемлекет зейнеткерлерге де жинақтарын алуға рұқсат беруде. Алматылық Александр Анатольевич былтырғы желтоқсанда зейнеткерлікке шығыпты. Халық шаруашылығының әртүрлі салаларында жалпы саны 42,7 жыл еңбек еткен.

"Соның ішінде 1998 жылдан бері 22 жылдан астам жұмыс істеп, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жарна аудардым. Зейнетке шыққанымда БЖЗҚ-дағы жинағым 9,6 миллион теңгеден асты. Заңнамаға өзгерістерге сәйкес, мен де жеткіліктілік шегінен асқан соманы пайдалана аламын. Оны пәтер алуға жұмсағым келеді. Алайда БЖЗҚ-ға жүгініп, жеткіліктілік шегінен асатын сома туралы анықтама сұратқанымда, себебін еш түсіндірусіз одан бас тартты. Ал ереже бойынша менің жағдайымда 59 жастағы және одан асқан азаматтар үшін әлгі шек 5 586 000 теңгені құрайды. Төрт миллион теңгемді алуға неге рұқсат етпегенін түсінбедім", – дейді ол.

Александр Анатольевич әділдік іздеп, ары қарай қуынбақ ниетте.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу