Чекті неге кез келген жерде тастауға болмайды?

12172

Чек – сатып алушының ақшалай есеп айырысу жүргізгенін растайтын ресми құжат. 

Чекті неге кез келген жерде тастауға болмайды?

Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева чектің маңызын түсіндіріп, оны неге кез келген жерде тастамауға кеңес берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Маман қазақстандықтар дүкенде затты сатып алып, оның чегін кассада тастап кететінін айтады. Оның пікірінше, бұлай істеуге болмайды.

"Өкінішке қарай, кейде сатып алған тауардың сапасы көңіл көншітпейді. Тауар талапқа сай келмеуі немесе мерзімі өтіп кетуі мүмкін. Ал тұрғын дүкенге бұл тауарды қайтарайын десе – қолында дәлелдейтін құжаты болмайды. Осындай жағдай болмас үшін бақылау-касса машинасының чегін талап ету өте маңызды. Себебі тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат (чек – автор) сақталса, оны айырбастауға немесе қайтаруға болады", дейді ол.

Айнұр Сартаева тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат – фискалды чек екенін атап өтті. Ол тұрғындар чекті талап ете отырып, өзінің тұтынушылық құқығын қорғай алатынын жеткізді. 

"Салық кодексіне сәйкес, бақылау-касса машинасының чегі - сатушы мен сатып алушы (клиент) арасындағы ақшалай есеп айырысудың жүзеге асырылу фактісін растайтын, қағаз не электронды түрде берілген бастапқы есепке алу құжаты. Онда фискалды белгі болады. Фискалды белгі -  бақылау-касса машинасының чегінде көрсетілетін айрықша символ.

Азаматтар чекті талап ете отырып, тұтынушылық мүддесінен бөлек, азаматтық ұстанымын да білдіре алады. Себебі, әрбір ұрылған чек – мемлекет қазынасына түскен салық. Бюджетке түскен салық халықтың әлеуметтік қажетін қамтуға, жол, аурухана мен мектеп салуға пайдаланылатыны белгілі", - дейді Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары.

Маман сатушы чекті бермесе, қайда шағымдануға болатынын айтты.

"Сатушы чек бермесе, бұл жағдайды видеоға түсіріп, Wipon мобильді қосымшасы арқылы Мемлекеттік кірістер органына жібере аласыз. Факт расталса, тұрғынның ұялы телефонына 1 мың теңге көлемінде теңгерім аударылады", дейді Сартаева.

Басқарма басшысының орынбасары тұрғындарға чекті кез келген жерде тастамауға және бейтаныс адамға неге бермеу керегін түсіндіріп:

"Кейбір сатып алушы "чектің қажеті жоқ" деп оны кез келген жерге тастап кетеді. Олай істеу болмайды. Мысалы, бейтаныс адам сатып алушыдан "дүкендегі акцияға қатысамын" деп чек сұрауы мүмкін. Бір қарағанда ерсі ештеңе жоқ. Дегенмен, тұтынушыларға  сақ болуға кеңес береміз. Өйткені алаяқтар осы чекті басқа да мақсатқа пайдаланады", деді.

Оның айтуынша, алаяқ чекті алған соң, сол дүкенге қайтадан келуі мүмкін.

"Ол дүкен сөресіндегі заттың белгісін немесе магниттік қыстырғышын жұлып алып, дүкеннен шығып кетуі ықтимал. Ал күзетші чекті сұраса, ол әлгі чекті көрсете салады.

Тіпті, оқиғаның жалғасы болуы ғажап емес. Алаяқ дүкеннен алып шыққан затты чекті көрсете отырып қайтарады. Мақсаты – ақша алу. Себебі, тауарды сатып алу фактісін растайтын құжатты көрсету арқылы тұтынушының тауарды қайтаруға құқы бар", - дейді маман.

Басқарма басшысының орынбасары чек сатып алушының ақшалай есеп айырысу жүргізгенін растайтын ресми құжат екенін, чекте салық төлеушінің аты, сәйкестендіру нөмірі, тауарларды сатып алу күні мен уақыты, тауардың бағасы мен атауы, дүкеннің мекенжайы сынды жеке мәліметтер болатынына тоқталды.

"Бүгінде тұрғындардың басым бөлігі дүкенде банк карталары арқылы төлем жасайды. Ол үшін сатушы POS-терминалды пайдаланады. Төлем жасалғаннан кейін терминал чек шығарып береді. Онда сатып алушы азаматтың жеке деректері көрсетіледі. Бұл чек  алаяқтар мен хакерлерге олжа. Олар деректерді пайдалана отырып, сатып алушының банктегі жеке есепшотына шабуыл жасауы мүмкін. Сондықтан чекті кез келген жерге тастауға болмайды. Мұны есте сақтауға кеңес береміз", деп түйіндеді сөзін Айнұр Сартаева.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу