Дәрі-дәрмек бағасын реттеу кезең-кезең бойынша жүргізіледі

4577

Бұл шаруаны келесі жылы дәрігердің рецепті бойынша берілетін дәрі-дәрмек бағасын реттеуден бастау жоспарланып отыр.

Дәрі-дәрмек бағасын реттеу кезең-кезең бойынша жүргізіледі

Ал қалған дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу 2020 жылға белгіленді. Бұл туралы "Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасында өткен жиналыста ҚР денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитеті сарапшысы Арнұр Нұртаев мәлім етті.

"Дәрігердің рецептінсіз берілетін дәрі-дәрмек бағасын реттеу мерзімі екі жылға ұзартылды. Ол 2020 жылдың қаңтарынан басталады. Бұл ұсыныс ұлттық палатада талқыланып, КҰП-пен бір келісімге келдік", – деді ол.

Дәрі-дәрмек бағасын реттеуді енгізуге қатысты заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес фармацевт өндірушілер бағаны өздері тіркейтін болады. Шетелдік өндірушілер референттік баға белгілеуді есепке алады деп ескертілді. Бұл дәрі-дәрмек бағасы басқа нарықтағы топтың орташа бағасынан асып кетпеуі керек деген сөз. Қазақстанда шығарылатын дженериктер бағасы түпнұсқа бағасынан кем дегенде 30%-ға төмен болу керек.

"Баға белгілеудің барлық түрін сараптап шықтық. Оның ішінде кірісті қадағалау жүйесінен бастап өнімнің өзіндік құнымен ішкі референттік бағабелгілеу жүйесіне дейінгінің бәрін қарастырдық. Осылайша, бұл жүйе  басқаларға қарағанда тиімді деген шешімге келдік. Бұл жүйені қолдану арқылы шетелдік өндірушілерге зиян келтірмей дәрі-дәрмек бағасын реттеуге болады. Сонымен бірге бұл жүйе қазақстандық нарық үшін тиімді бағаны белгілейді", – деп атап көрсетті Арнұр Нұртаев.

Оның айтуынша, дәрі-дәрмек шығаратын зауыттар барлық шығынды, яғни өзіндікқұн, маржиналдылық, кіріс, маркетингке кететін шығынды ескеруі керек.

Одан әрі өндірушінің тіркеген бағасына логистика, кеден, сақтандыру шығыны, сондай-ақ қауіпсіздік пен дәрі-дәрмек сапасын бағалау шығыны қосылады.

Баға тізбегінде ең соңғысы шектік және бөлшектік бағаны белгілеу тәртібі болмақ. Олардың шегі регрессивті шкала негізінде белгіленеді. Дәрі қаншалықты арзан тұратын болса, онда дәріханалардағы оған қосылатын баға соншалықты көп болады. 

Сондай-ақ  фармацевтикалық өндірушілер шығарылатын өнім бағасын жылына бірнеше рет өзгерте алатын болады. ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның аbctv.kz-ке берген жауабында бұл өндірушілердің барлық тәуекелін ескеретінін, оның ішінде валюталық тәуекел де бар  екені айтылды.  

"Валюта бағамы немесе басқа да техникалық жағдайға қарамастан, қазіргі бағаны қайта қарау құқығын бермек. Бірақ қайта қарау кезінде қалай болғанда да салыстырмалы сараптама жасалады, яғни аталған өнім бағасы басқа елде шынымен де өзгерген бе, сол анықталады", – деді денсаулық сақтау министрінің орынбасары.

Вице-министр "Атамекен" қабырғасында таныстырылған тұжырымдама соңғы шешім емес екенін айтты. Фармацевтика өндірушілерінің, өкілдерімен, дистрибьютерлер және дәріхана желісі өкілдерімен талқылауды қажет ететін жайттар бар. Оның ақпары бойынша, құжат қыркүйекке дейін дайын болады. Заңжобасы күзде парламент қарауына жіберілу керек.

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Куатова 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу